Accessibility links

БТА банкін сатып алушы бірден табылған жоқ


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

«Қазкоммерцбанк» пен бизнесмен Кеңес Рақышев «Самұрық-Қазына» қорымен БТА банкін сатып алу жөнінде алдын ала келісім жасасты. Бұған дейін «Сбербанк» пен «Халық банкі» БТА-дан бас тартқан.

«Самрұқ-Қазына» мемлекеттік қоры мен инвесторлар консорциумы БТА банкін сату жөнінде алдын ала келісім жасасты. Инвесторлар – «Қазкоммерцбанк» пен Астана қаласы әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің күйеу баласы, бизнесмен Кеңес Рақышев. Сарапшылар бұл келісім мәжбүрлеу принципі негізінде жасалуы мүмкін деген болжам айтады.

2009 ЖЫЛДЫҢ ЖАҢҒЫРЫҒЫ

Апта басында таратылған баспасөз хабарламасында «Алдын ала келісім болғандықтан, бұл келіссөздер инвесторларды банкті сатып алуға мәжбүрлемейді. Екі инвестор да БТА банк акцияларын тең үлеспен сатып алуға келісті. Бірақ мәміленің нақты бағасы белгісіз, ал мемлекет сатылатын банктің капиталындағы аздаған үлесті өз иелігінде қалдырады» деп жазылған. «Екі банктің тұрақты, әрі серпінді дамуын қамтамасыз ету үшін» мәмілеге қол қойылғаннан кейін «Қазкоммерцбанк» пен БТА банкін біріктіру жоспарланған.
Мұхтар Әблязов, қуғындағы оппозициялық олигарх
Мұхтар Әблязов, қуғындағы оппозициялық олигарх

Сарапшылардың бұл келісім туралы пікірлері әрқилы. Бақылаушылардың көбі «БТА банкінің бұрынғы қожайыны Мұхтар Әблязовтің Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен қақтығысынан кейін банк дағдарысқа ұшырады» деп санайды. 2009 жылғы жанжал Әблязовтің елден қашуы мен банк қожайындарының ауысуына ұласты. Қазақстан билігі Әблязовті «БТА банкінен миллиардтаған доллар ақша жымқырды» деп айыптаса, бұл айыптауларды мойындамаған Әблязов банктің дағдарысқа ұшырауына Назарбаевтың «рейдерлік саясаты» себеп болды дейді. Қазір Әблязов Францияда қамауда отыр, сот Украина мен Ресейдің оны экстрадициялау туралы өтінішін қарап жатыр.

Банкир Ораз Жандосов «банктің қалған жұрнағын бірдеңе етіп орналастыру «Қазком» мен үкіметтің қайсысына қажет екені түсініксіз» деп есептейді. Оның айтуынша, БТА банк өзінен ірірек банкпен бірігуі мүмкін.

Экономист Айдар Әлібаевтің айтуынша, БТА банкін өз еркімен сатып алушыны Қазақстанда табу қиын болғандықтан, бұл мәмілені «нарықтық мәміле» деуге болмайды.

«Әрине, БТА банкіне байланысты жағдай мемлекеттің беделіне, әсіресе инвестициялық беделіне зор нұқсан келтіргені анық. Оны нақты кім сатып алатыны әлі белгілі емес. Меніңше, оны өз еркімен сатып алушы шықпайды» дейді Айдар Әлібаев Азаттық тілшісіне.

«ҚАЗКОММЕН» БІРІГЕ МЕ?

Қаржыгер Айдан Кәрібжанов Facebook желісіндегі парақшасында БТА банк «Қазкоммерцбанкке» қосылса, біріккен банк акционерлерінің саны өскенімен, банк нарығындағы үлес үшін талас жалғасады деп жазады.

«Банктің сатылатыны да, оны сатып алушы табылғаны да жақсы болды. Коммерциялық банк бәсекелес ортада болуы тиіс. Тек «Самұрық-Қазына» қоры банктің бірер пайызын не себепті өзіне қалдырғаны түсініксіз. Сірә, анда-санда түрткілеп отыру үшін қалдырған болар» дейді Айдан Кәрібжанов.
"Сбербанк" басшысы Герман Греф (сол жақта)
"Сбербанк" басшысы Герман Греф (сол жақта)

Қазір БТА банкі акциясының 80 пайыздан көп бөлігі «Самұрық-Қазына» мемлекеттік қорының иелігінде. Оны мемлекет 2009 жылдың ақпанында сатып алған. Бірақ банк мемлекет меншігіне өтісімен Қазақстан үкіметі өз үлесін сатып алатын стратегиялық инвестор іздей бастаған еді.

2011 жылдың көктемінде БТА банкін «Сбербанк» сатып алуы мүмкін деген сөз шыққан. «Сбербанк» төрағасы Герман Греф ол кезде «Біз мәміле жасау үшін өзімізге тиімді коммерциялық шарттар қойдық. Егер бұл шарттарымызға Қазақстан жағы келіссе, қол қоюымыз мүмкін. Яғни, мәміле жасалады деп түпкілікті айта алмаймыз» деп мәлімдеген.

Ақыры 2011 жылдың қараша айында ол «Қазақстан нарығындағы жұмыс стратегиясына байланысты» бұл мәміледен бас тартқан.

ИНВЕСТОР ІЗДЕУ

2013 жылдың қарашасында «мәміле шарттары тиімсіз» деген уәжбен БТА банкі акцияларын сатып алудан «Халық банкі» де бас тартты. Банк төрайымы Үміт Шаяхметова ол кезде: «Сату, сатып алу немесе банк стратегиясын өзгертуге қатысты кез келген мәміле ең алдымен банк акционерлеріне тиімді болуы тиіс» деп мәлімдеген болатын.
БТА банк алдында борышкерлер наразылық акциясын өткізіп тұр.
БТА банк алдында борышкерлер наразылық акциясын өткізіп тұр.

Келіссөздер басталысымен мемлекет «Халық банкінің» еншілес жинақтау зейнетақы қоры акцияларын БТА банкінің сатылымдағы құнды қағаздарына сатып алуды ұсынды (кейін олар құрылып жатқан мемлекеттік бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына кірер еді). Бірақ банктің құнды қағаздарының құнын сарапшылар мүлде арзанға бағалаған.

Мемлекет меншігіне өткен сәттен бастап БТА банкінің қарызы екі рет қайта құрылымдалды. Банктің жалпы қарызын 12,2 миллиард доллардан 4,2 миллиард долларға дейін азайту үшін 2010 жылы кредиторларға қолма қол ақша мен банктің құнды қағаздары берілді. Ал 2012 жылы қарыз көлемі тағы 70 пайызға қысқарды. Бірақ бұл амалдарға қарамастан, банк активтерінің сапасы әлі нашар: барлық берілген несиенің 80 пайыздан көбі проблемалық несие, яғни төлем мерзімі 90 күннен көп уақытқа кешіктірілген несиелер. Басқа банктермен салыстырғанда бұл – ең нашар көрсеткіш. Ал қалған банктердің несие қоржынында проблемалық несиелер үлесі 50 пайыздан аспайды.
XS
SM
MD
LG