Accessibility links

«Қатаң үнемдеу» режимі ұзаққа созылуы мүмкін


Алматы базарларының біріндегі сауда. (Көрнекі сурет)

Алматы базарларының біріндегі сауда. (Көрнекі сурет)

Жергілікті сарапшылардың болжамынша, Қазақстан экономикасындағы жағдай шикізат бағасы қымбаттаған соң ғана жақсаруы мүмкін.

Жыл басында ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарға «қатаң үнем саясатына көшеміз» деп мәлімдеген. Бюджет шығыны 700 миллиард теңгеге қысқарды. Ұлттық және басқару компанияларына дағдарысқа қарсы іс-шаралар әзірлеу тапсырылды.

Білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамту саласында салынып жатқан жаңа нысандардың кейбірінің құрылысын тоқтату шешімі қабылданды. Ғылым саласы мен денсаулық сақтау мекемелерін материалдық-техникалық жабдықтауға бөлінетін қаржы да қысқарып жатыр.

Үнемдеу режимі басталғаны алдымен шахтерлер мен өндіріс мүгедектеріне білінді. Еңбек және азаматтық кодекстерге биыл енгізілген түзетулерге сәйкес,олардың регрессивті төлемдерін алып тастап, ең аз зейнетақы мөлшерін ғана қалдырды, ал төлемді бір рет берілетін атаулы көмекпен алмастыруға уәде берілді. Жуырда үкімет мектептегі тегін тамақты тоқтатты, жаңа оқу жылынан бастап оқушыларға тегін түскі ас берілмейді.

Экономист Сергей Смирнов әлдебір жағымды өзгерістерді энергия ресурстарының бағасы қымбаттағаннан кейін ғана күтуге болады деп санайды. Өйткені бюджеттің негізгі табысы шикізаттан түседі. Ол сілтеме жасаған халықаралық сарапшылардың болжамынша, келесі жылы мұнайдың бір баррелінің бағасы 70 доллардан аспайды.

- Мұнай бағасы қандай болатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Қазір бұл жер сілкінісін болжаудан да қиын болып тұр, - дейді Смирнов.

Бізді екі нәрсе шошытады. Біріншісі – шетелден ертеректе келген шетел инвестициясынан түскен әрі елден кетіп жатқан табыс көлемі жаңа кіріс өсімінен асып кетті. Екіншісі – жаңа қарыздардан гөрі, ертеректе алынған сыртқы қарызды өтеу көп қымбатқа түседі.

Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) сияқты соңғы интеграциялық процестерге қатысты экономист «әзірше экономикадан гөрі саясатқа көбірек мән беріліп, сондықтан елеулі нәтижелер байқалмай тұр» дейді. Сергей Смирнов «оның үстіне, Ресейге салынған санкциялардың әсері ЕАЭО-ға мүше елдерге де тиеді» деп санайды.

Экономистер жайсыз болжамдарын барлық экономикалық көрсеткіштердің құлдырауымен дәйектейді. Мысалы, экономист Петр Своик «2014 жылы жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) долларға шаққандағы нақты көлемі 230 миллиард доллардан 214 миллиард долларға дейін кеміді, ал бұл - жақсылықтың нышаны емес» дейді.

- Мына жағдайдан шығу өте қиын. Өңделмеген шикізат экспорты мен дайын тауар импортына негізделген экономиканың дәурені бітіп келеді. Шикізат бағасы арзандап барады, әрі қымбаттайтын түрі көрінбейді. Бірақ ең қорқыныштысы бұл да емес. Бізді екі нәрсе шошытады. Біріншісі – шетелден ертеректе келген шетел инвестициясынан түскен әрі елден кетіп жатқан табыс көлемі жаңа кіріс өсімінен асып кетті. Екіншісі – жаңа қарыздардан гөрі, ертеректе алынған сыртқы қарызды өтеу көп қымбатқа түседі. Бұл – дауасы жоқ дерт, - дейді экономист Азаттық тілшісіне.

Петр Своиктің пікірінше, үкімет мұндай парадигмадан бас тарту қажеттігін әлі түсінген жоқ. Своик «Олар бәрі дұрыс, сәл үнемдесек, бәрі қалпына келеді деп ойлайды. Экономиканың негізгі принциптерін, онымен бірге саясатты өзгертуден олар әзірше қатты қорқатын сияқты, билік бұған дайын емес» дейді.

- Сондықтан бізді нәтижесін болжау қиын болатын қысқарту, қысу сияқты перспектива күтіп тұр, - деп болжайды экономист.

Біз таяу үш-бес жыл ішінде ресурстар, шикізат тауарлары, негізгі экспорттық тауарларымыздың бағасы арзан болады деп санаймыз.

Маусымның 17-сі күні парламент палаталарының бірлескен отырысында премьер-министр Кәрім Мәсімов сарапшының сөзін растағандай, «Біз таяу үш-бес жыл ішінде ресурстар, шикізат тауарлары, негізгі экспорттық тауарларымыздың бағасы арзан болады деп санаймыз. Сондықтан алдағы үш жылдың бюджетін сыртқа экспорттайтын негізгі тауарларымыздың бағасы арзан болады деген есеппен жасауға кірістік. Ал бұл кейбір бағдарламалар мен бюджеттің кейбір шығындарын қайта қарауды талап етеді» деп хабарлады.

Ал әзірше жұрттың көбі теңге девальвациясын күтіп жүр. Сарапшылардың көбі бұл болжамды жыл басынан айтып келеді. Біреулер «девальвация сәуірдің 26-сы күні, президент сайлау өткен соң болады» деп болжаған. Енді жұрт Қазақстан президенті мен астанасының туған күні – 6 шілдені атайды.

Қаржылық сарапшы Айдархан Құсайынов Regnum агенттігіне «Қазір жеке тұлғалардың 70, ал бизнестің 65 пайызының депозиті валютада жатыр. Құдды, 1998 жылы өмір сүріп жатқандаймыз. Ол кезде Азияда тұрақты екі валюта - юань мен теңге қалған болатын. Қазір де сондай жағдайдамыз. Ол кезде жалғыз Қазақстан ғана өзін «қайтпас қайсар қалайы солдат» санап еді, ақыры теңгені бәрібір девальвациялады» деп хабарлайды.

Құсайынов «девальвация аса қажет» деп мәлімдеді. Өйткені онсыз экономика күйреп, өндіріс орындарын жабуға тура келеді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG