Accessibility links

«Қаржы тойға емес, ғылымға көбірек бөлінсе екен» дейді тарихшы


Жәнібек пен Керей ханға Астанада қойылған ескерткіш. 1 маусым 2010 жыл.
Жәнібек пен Керей ханға Астанада қойылған ескерткіш. 1 маусым 2010 жыл.

Азаттыққа сұхбат берген ғалым Нұрлан Атығаев Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту науқанының ғылымға не пайдасы болуы мүмкін екенін айтты.

Қазақстан биыл Қазақ хандығы құрылғанының 550 жылдығын тойламақ. Осы мақсатта 2014 жылы қарашада арнайы үкімет комиссиясы құрылып, шараның тұжырымдамасы жасалғаны хабарланған. Сол кезде мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «негізгі қаржы ғылыми мақсаттарға жұмсалатынын» айтқан.

Бірақ ел үкіметінің былтыр 31 желтоқсанда шығарған 550 жылдық мерейтойды дайындау және өткізу туралы қаулысында бұл шара кезінде олимпиада, конференция, экспедиция, форумдар өтетіні, «ғылыми-талдамалық қолдау» санатындағы ол істердің дені бюджеттен тыс қаражатқа сүйенетіні жазылған.

Қазақ хандығы кезеңін зерттеуші ғалым, Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты директорының орынбасары Нұрлан Атығаев Азаттыққа берген сұхбатында ғылым иелерінің бұл шарадан не күтерін айтты.

Азаттық: – Қазақ хандығының 550 жылдығы шарасы кезінде ғылыми мақсаттарға министр Мұхамедиұлы айтқандай «негізгі қаржы» бөлінсе, оны қандай бағытта жұмсаған жөн?

Нұрлан Атығаев: – Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған іс-шаралардың тұжырымдамасы жасалғаны, қаржы бөлінетіні туралы естідік, бірақ әзірге көрген жоқпыз. Қаржының қандай ғылыми жобаларға жұмсалатыны осы кезеңді зерттеушілер ретінде бізді де қызықтырады. Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған ақпараттарға қарағанда, 550 жылдыққа арналған іс-шаралар биыл аяқталатынға ұқсайды. Бірақ ғылыми жұмыстар бір жылда нәтиже бермейді, сондықтан бұл бір кезекті тойға айналып кете ме деп қауіптенемін.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Көшпенділер" фильмінің қалай түсіріліп жатқанын көруге келген кезі. Алматы облысы, 17 ақпан 2004 жыл. (Көрнекі сурет)
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Көшпенділер" фильмінің қалай түсіріліп жатқанын көруге келген кезі. Алматы облысы, 17 ақпан 2004 жыл. (Көрнекі сурет)

Мемлекет тарапынан ғылымға қомақты қаржы бөлінгені зерттеушілерге үлкен мүмкіндік. Бірақ өзім іргелі зерттеулерге қаржы бөлінгенін көрген жоқпын. Тараз қаласындағы ғылыми институт Қазақ хандығына арналған энциклопедия жасағалы жатыр. Энциклопедия ғылым жасамайды, ол зерттеу нәтижелерін жинақтап қана шығарады.

Қазір осы шара қарсаңында тарихымызға тамсанумен аяқталатын алуан түрлі материалдар көп шығып жатыр. Көбі – ғылыми жаңалығы жоқ танымдық материалдар. Менің ойымша, бұл бағыттағы ізденістердің барлығы қазақ мемлекеттілігін көрсетуге бағытталуы керек. Мәселен, соңғы жылдары зерттеушілер шетелдерден бұрын ғылыми айналымға енбеген көптеген деректер әкелді. Иранда, Тәжікстанда, тіпті Ауғанстанда әлі де көп. Бірер құнды деректің өзі үлкен жаңалыққа сеп болады. Сондықтан Қазақ хандығының 550 жылдығы той тойлауға емес, тарихшылар мен шығыстанушылардың іргелі зерттеулеріне көбірек бұрылса екен деймін.

Азаттық: – Үкімет қаулысында бұл шара аясында той ғана емес конференция, экспедиция мен форумдар өткізу жайы да жазылған ғой.

Нұрлан Атығаев: – Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған ғылыми конференциялар жер-жерде өтіп жатыр. Бірақ Қазақ хандығының тарихын зерттеумен шұғылданатын зерттеушілердің саны Қазақстанда онға да жетпейді. Оның ішінде іргелі зерттеу жасағандары санаулы-ақ. Ал қаптаған конференцияларда бұрын-соңды бұл мәселені зерттемегендердің жұмыстары шығатын сияқты. Менің ойымша, Қазақ хандығына арналған жалғыз ауқымды конференцияның өзі жеткілікті еді. Басқа да тек бүгінге арналған шараларға қарап, кезекті науқан болып кете ме деп ойлаймын. Осыдан кейін Қазақ хандығының тарихына байланысты қазірдің өзінде айтылып жүрген қате тұжырымдарға көпшілік иланады, ғылымға орнығып қалады.

Азаттық: – Қазақ хандығы тарихына қатысты қандай қате тұжырымдарды айтасыз?

Керей мен Жәнібек хандардың ескерткіші үлгісіне жарияланған байқауға түскен эскиздің бірі. Астана, 14 қаңтар 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Керей мен Жәнібек хандардың ескерткіші үлгісіне жарияланған байқауға түскен эскиздің бірі. Астана, 14 қаңтар 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Нұрлан Атығаев: – Қазіргі кейбір зерттеулердің тенденциясына қарағанда, Керей мен Жәнібек хандар – «Әбілқайыр ханның тепкісінен қашып, Жетісуға барып қазақ хандығын құрған бүлікшіл сұлтандар». 550 жылдық мерейтой қарсаңында баспасөз бетінде екі ханды «сепаратист» деп баяндағандарды да көрдім. Бұл – осы уақытқа дейін қалыптасқан ғылыми тұжырымдармен мүлде сәйкеспейтін түсінік. Керей мен Жәнібек – бүлік шығарып, қашқан-пысқан сұлтандар емес, Ақ Ордадан қалған қазақ мемлекеттілігін жалғастырушылар. Бір қызығы, советтік кезеңдегі зерттеулерде Керей мен Жәнібек хандарды бүлікшіл сұлтандар ретінде сипаттамаған.

Соңғы кездері Керей мен Жәнібек құрған Қазақ хандығының 550 жылдығы «қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығы» ретінде қабылдана бастағаны байқалып жүр. Қазақ хандығы – қазақ мемлекеттілігінің бір сатысы ғана. Егер Еуропадағы отырықшы халықтардың мемлекеттілік критерийлері тұрғысынан қарасақ, бізде мемлекеттілік болмаған сияқты көрінуі мүмкін. Сондықтан 550 жылдық шара кезінде мемлекеттілігіміздің критерийлерін ғылыми тұрғыда дәлелдеуіміз керек.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рақмет!

XS
SM
MD
LG