Accessibility links

Металлургтер кәсіподағы жалақы қысқартумен келіспейді


«АрселорМиттал Теміртау» жұмысшылары. 26 сәуір 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
«АрселорМиттал Теміртау» жұмысшылары. 26 сәуір 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Жалақының толық төленбейтіні және индекстеуді тоқтату туралы кенет шыққан бұйрық айлығын күтіп жүрген «АрселорМиттал Теміртау» металлургтері мен көміршілерін дүрліктірді. Жұмыс беруші бұл шешімін қаржы тапшылығы мен есеп-шотта ақша болмауымен түсіндіреді. Ал кәсіподақ еңбек заңын бұзылғанын айтады.

14 мыңға жуық мүшесі бар металлургтер кәсіподағы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының қаржылық қиындыққа байланысты жалақыны уақытша қысқарту туралы бұйрығымен келіспейді.

Металлургтер мен көміршілер кәсіподақтары «АрселорМиттал Теміртау» дирекциясының «еңбек заңын бұзу фактісіне байланысты тексеру жүргізіп, тиісті шаралар қолдануды» сұрап, премьер-министрге, Қарағанды облысы әкіміне, Теміртау қаласы мен облыс прокурорына, Қазақстан кәсіподақ федерациясы төрағасына, депутаттарға хат жолдады.

- Қаңтар айының жалақысын толық көлемде төлеуден бас тарту мен индекстік төлемдерді тоқтатып тастау әлеуметтік наразылыққа ұласып кетуі мүмкін. Компания ұжымды ақшадан қақпай, проблемаларын өзге жолдармен шешуі тиіс, - деді кәсіподақ ұйымы Азаттық тілшісіне.

«НЕСИЕ ТӨЛЕЙТІН АҚШАМ ЖОҚ»

Бұл бұйрыққа сәйкес компания қызметкерлерінің көбі қаңтар айындағы жалақысының төрттен бір бөлігін алмайды. Кран машинисі Максим К. бұйрықты интернеттен оқығанын айтады. Жұрт демалыс күндері әлеуметтік желіде біреу жариялаған бұйрықты жаппай талқылап, жұмыс берушінің әрекетін айыптаған.

«АрселорМиттал Теміртау» жұмысшылары. Қарағанда облысы Теміртау қаласы, 13 маусым 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
«АрселорМиттал Теміртау» жұмысшылары. Қарағанда облысы Теміртау қаласы, 13 маусым 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Бір апта бұрын металлургтер мен көміршілерге «негізгі жалақымен бірге 13-айлықты да қоса аласыңдар» деп ресми жариялаған еді. Бұдан бөлек, жалақыны инфляция деңгейіне сәйкес индекстеуге және тарифтік ставкалар мен жалақыны өсіруге уәде берілген. Бірақ жалақыны қысқарту туралы сөз болмаған.

- Әлгі бұйрықты бізге бүгін ғана оқып берді. «Жалақыны көбейтеміз, индексация жасаймыз» деген жуырдағы уәдесіне сеніп жүрген жұрттың төбесінен жай түскендей болды. Халық әлгі уәдеге сеніп жоспар құрып жүрген, аяқ астынан мына жағдай болды. Жалақыға дәл екі күн қалғанда айлығымыз қолымызға толық тимейтінін хабарлады. Өзге жұмысшылар сияқты менің де банктен алған несием, бала-шағам бар. Енді бірдеңе етіп амалдау керек, - дейді Максим Азаттық тілшісіне.

Евгений Х. есімді қызметкердің жағдайы бұдан да мүшкіл. Осы айда қолына тиетін жалақысы бір бөлмелі пәтер сатып алған ипотека мен тағы бір несиесін жабуға жетпейді. Жалақысынан ештеңе қалмайтынын айтқан Евгений Х. «енді не істерімді білмеймін» дейді.

«ЖАҒДАЙ ТҮЗЕЛГЕНШЕ...»

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы кәсіпорын қызметкерлері жалақысын қысқартып төлеуді «уақытша қолданылған шара» дейді. Компания жалақыны индекстеуге қатысты ұжымдық шартта қарастырылған міндеттемесін қаржылық жағдайы түзеліп, қолма-қол ақша түскен кезде орындауға уәде береді.

- Шетелдік мамандарға жалақысының 50 пайызы төленді. «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамы, «Өркен» және «Құрылысмет» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің болат және көмір департаменттері қызметкерлері қаңтар айындағы жалақысының 75 пайызын алады. Жалақының қалған бөлігін «АрселорМиттал Теміртау» АҚ есеп-шотына қолма-қол ақша түскен кезде қызметкерлердің дербес шотына аударамыз. Компания қызметкерлерінің тарифтік ставкалары мен жалақысын инфляция деңгейінде өсіруді де кейінге қалдыруды ұйғардық, - деді компанияның баспасөз қызметі Азаттық тілшісіне.

«АрселорМиттал Теміртау» жұмысшылары. Теміртау, 29 маусым 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
«АрселорМиттал Теміртау» жұмысшылары. Теміртау, 29 маусым 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Тарифтік ставкалар мен қызметтік жалақы мөлшерін өсіру туралы 2015 жылы қаңтардың 21-і күні бекітілген бұйрықтың күші жойылған.

Еңбек ресурстары және еңбек қатынастары бойынша директор Дмитрий Павлов сыртқы нарыққа өнім сатудағы қиындықтарды «Ресей үкіметі рубль девальвациясын жүргізгеннен кейін «АрселорМиттал Теміртау» өнімдерінің Ресей нарығындағы бәсекеге қабілеттілігі түсіп кетуіне» байланысты түсіндіреді. Ал Ресей - негізгі нарық көздерінің бірі. Сондықтан қазақстандық болаттың құны Ресей өнімімен салыстырғанда қымбат болып шыққан.

Компания басшылығы мемлекет 2010 жылдан бері төлемеген 12 миллиард теңге қосымша құн салығын қайтаруды сұрап, Қазақстан үкіметіне өтініш жолдаған.

XS
SM
MD
LG