Accessibility links

Олимпиадаға қарсылар әлеуметтік ахуалды да уәж етті


22-қысқы олимпиаданың ашылу салтанатында Қазақстан туын ұстап шыққан ұлттық құрама. Сочи, 7 ақпан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

22-қысқы олимпиаданың ашылу салтанатында Қазақстан туын ұстап шыққан ұлттық құрама. Сочи, 7 ақпан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

«Зеленое спасение» және «Көкжайлауды сақтайық» ұйымының өкілері ХОК президентіне хат жазып, Алматыда олимпиада өткізбеуді сұрады.

«Зеленое спасение» және «Көкжайлауды сақтайық» ұйымдары өкілдері Қазақстан 2022 жылғы қысқы олимпиаданы өткізу үшін кандидатурасын ұсынғанда «олимпиада хартиясын бұзғанын» айтып, халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) президенті Томас Бахқа хат жолдады.

Олар хатта: «Олимпиада обьектілерінің біразы Іле Алатау ұлттық паркінде ұйымдастырылады деп көрсетілген. Бұл паркте «Көкжайлау» тау шаңғысы курорты салынбақ. Ал бұған дейін Қазақстан Іле Алатау ұлттық паркін әлемдік мұра тізіміне енгізуді жоспарлаған. Егер бұл жерде «Көкжайлау» тау шаңғысы курорты салынса, парктің әлемдік мұра тізіміне кіру мүмкіндігі азаяды. Егер Іле Алатау ұлттық паркіне спорт кешендерін салған жағдайда ондағы сирек өсімдіктер мен жануарлар жойылып кетуі мүмкін» деп жазған.

ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕР

Хат авторлары Томас Бахтан «Қазақстан үкіметі олимпиада хартиясына қарсы шешімдер қабылдағандықтан Алматының өтінішін қабылдамауды» сұрайды.

Олар 2022 жылғы қысқы олимпиаданы өткізетін қаланы анықтайтын жұмыс тобының есебінде (2022 Working Group Report) Алматының басты мәселелері ретінде ауа ластығы, тұрмыстық қалдықтардың көптігі, жанармайдың сапасының төмендегі айтылғанын ескертеді. «Іле Алатау мен Алматы қорығындағы ормандарды кескен соң таудағы су көздері азайып, тау қыраттарындағы мұздықтар кеміп кетті. Бірақ бұл мәселелер жұмыс тобының есебінде көрсетілмеген» дейді хат авторлары.

"Зеленое спасение" экология ұйымының төрағасы Сергей Куратов. Алматы, 11 қаңтар 2013 жыл.

"Зеленое спасение" экология ұйымының төрағасы Сергей Куратов. Алматы, 11 қаңтар 2013 жыл.

«Зеленое спасение» және «Көкжайлауды сақтайық» ұйымының өкілдері Қазақстандағы әлеуметтік мәселелерге де тоқталған. Олар Томас Бахқа жазған хаттарында: «Халықтың 35,43 пайызында тұрақты жұмыс жоқ. Мектеп жасына дейінгі балалардың 60 пайызы балабақшаға бармайды. Мектептерде 70 мың балаға орын жетіспейді. Елде 328 мектеп салу керек» деген.

Қоғамдық белсенділер 2015 жылдың басында Алматының өтінішімен танысу үшін Қазақстанға келетін ХОК өкілдерін табиғат қорғаушылармен де кездесуге шақырды.

«ОЛИМПИАДА ӨТСЕ, АСТАНА ДА ҚОСЫЛАДЫ»

Экология белсенділері Алматы қаласы әкімдігінің Іле Алатау ұлттық табиғи бағы территориясында тау шаңғысы курортын салу жоспарына әу бастан қарсы болып келеді. Олар бірнеше рет ашық хат жазып, қол жинап, флешмобтар мен акциялар ұйымдастырған.

Ал жоба иелері 450 миллион долларға бағаланған, 17 аспалы жол, 56 шақырымдық шаңғы трассасы, Альпі ауылы салынатын құрылыс халыққа қызмет ететінін, халықаралық ірі жарыстар кезінде де кәдеге асатынын айтудан танбайды.

Қазақстан таяу жылдардағы сондай ірі жарыстың бірін –2022 жылғы қысқы олимпиаданы өткізуге мүмкіндігі мол екенін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев та мәлімдеді. Ол желтоқсанның 21-і күні телеарналар таратқан сұхбатында ХОК-ке хат жазған белсенділер сөзіне кереғар уәж айтқан.

Көкжайлау. Алматы маңы, 18 ақпан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Көкжайлау. Алматы маңы, 18 ақпан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

«Олимпиада өткізуге келгенде мен де күдіктендім. Халық олимпиада шығыны көп деп ойлады. Мен бұл мәселені көп ойландым. Бірақ ескеру керек, Алматыда олимпиада өткізер мұз айдыны, әлемдік стандартқа сай трамплин кешені, биатлон жолы дайын. Универсиадаға екі спорт кешенін салып жатырмыз. Бұған қоса халықаралық олимпиада комитеті ойындарды екі қалада өткізуге рұқсат береді. Қазақстан олимпиада өткізсе, Астананы да іске қосады» деп мәлімдеді Назарбаев.

2022 жылғы қысқы олимпиаданы өткізуге Пекин (Қытай) мен Алматы (Қазақстан) қалалары үміткер. Ал Стокгольм (Швеция), Краков (Польша), Осло (Норвегия) және Львов (Украина) қалалары 2022 жылғы олимпиаданы өткізу ниетінен бас тартқан.

2022 жылғы қысқы олимпиаданы өткізетін ел 2015 жылы 31 шілде күні Малайзия астанасы Куала-Лумпурде халықаралық олимпиада комитетінің кезекті сессиясында белгілі болады.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG