Accessibility links

ДСҰ-ға кірер тұста бәсекеге қабілеттілікке шақыру


Шымкенттегі базардың бірі. Оңтүстік Қазақстан облысы, 6 мамыр 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Шымкенттегі базардың бірі. Оңтүстік Қазақстан облысы, 6 мамыр 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Кәсіпкерлер өнімдері бәсекеге қабілетсіздігінің негізгі себептерін логистикадағы қиындық және қымбатшылық, коммуналдық қызметтің қымбат тарифтері, мемлекеттік сатып алу жүйесінің жария еместігімен және әкімшілік қысыммен байланыстырады. Қазір көп кәсіпорын нарықтан кетудің аз-ақ алдында тұр.

Қазақстанның дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) мүшелікке өтуіне қатысты 20 жылға жуық жүргізілген келіссөз аяқталды. Ұйымға мүшелік бәсекені тіпті күшейте түседі. Ресейдің арзан импорты ағылуынан әлі есін жимаған жергілікті тауар өндірушілер енді үкіметтен қолдау күтеді.

Қазақстан кондитерлері қауымдастығы президенті Лариса Константинидидің айтуынша, қазіргі жағдайда бәсекелестікке дайын емес Ақтөбе және Орал кондитер фабрикалары нарықтан кетуі мүмкін. Ол бұл жағдайға Ресей рублі құлдырағаннан кейін Қазақстан нарығына ағылған ресейлік арзан импортты кінәлайды.

Макроэкономикалық зерттеулер орталығы директоры Олжас Құдайбергеновтің пікірінше, бұл проблемалардың Ресейдің арзан тауарына қатысы жоқ.

Экономист Олжас Құдайбергенов.

Экономист Олжас Құдайбергенов.

— Қазір Ресейде кондитер өнімдерінің бағасы шапшаң қымбаттап, қазір девальвация қарқынына жетіп қалды. Меніңше, біздің кондитерлердің проблемасы алған қарызына байланысты сияқты. Өнімдерін сатуда да қиындық бар, бірақ бұл проблеманы арзан импорт қана емес, Қазақстандағы жалпы сұраныстың азаюы да тудырып отыр, - дейді Олжас Құдайбергенов Азаттық тілшісіне.

Ол да «мемлекет бұл жағдайға былтыр жыл аяғында, яғни экспортерлердің халі нашарлай бастаған кезде араласып, бизнеске субсидия бөліп, көмектесуі тиіс еді» деп санайды.

Алматы кәсіпкерлері қауымдастығы президенті Виктор Ямбаев қазақстандық өнімнің бәсекеге қабілетсіздігінің себептерін дүниежүзілік сауда ұйымы ережелері іске қосылмай тұрып анықтап алуға шақырады. Ол негізгі факторлар ретінде логистика саласындағы қиындық пен қымбатшылықты, коммуналдық қызметтің қымбат тарифтерін , мемлекеттік сатып алу жүйесінің жария еместігін және әкімшілік қысым және онымен байланысты шығындарды атайды.

— Елімізде өндірілетін тауардың бағасы неліктен импорттан қымбат болып отыр? Кінәні девальвацияға артуға болмайды, Ресей импортқа 60 пайыз, Қазақстан 80 пайыз тәуелді. Мемлекет кәсіпорындарымыздың бәсекелестікке қабілетсіздігінің себебін анықтап, қорытынды шығаруы тиіс. Бүгін кондитерлер келсе, ертең сүт, ет өндірушілер, арғы күні құрылыс материалдарын өндірушілер келеді. Бәрі көмек сұрайтын болады, - дейді Виктор Ямбаев.

Азық-түлік дүкені жұмысшысы шұжық іліп жатыр. Ресей, Мәскеу, 19 тамыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Азық-түлік дүкені жұмысшысы шұжық іліп жатыр. Ресей, Мәскеу, 19 тамыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Кәсіпкерлердің қоғамдық бірлестігі басшысының айтуынша,Қазақстан бизнесінің бәсекелестікті шектеу, арзан несие мен мемлекеттік тапсырыс сияқты үш «негізгі өтініші» бар.

— Мұның бәрі мемлекет қолдауы мен назарына зәру өндірушілерге қатысты, - дейді Виктор Ямбаев.

Қазақстанда шағын және орта бизнесті қолдауға арналған «Бизнес жол картасы» бағдарламасы іске қосылған. Бірақ кәсіпкерлердің өкілдері бұл жобадан жұрттың көбіне қайыр жоқ екенін айтады. Алматы кәсіпкерлері қауымдастығы президентінің пікірінше, бағдарлама «біреулерді қолдау үшін көптің несібесін тартып алу» принципі бойынша жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG