Accessibility links

Прокуратура тергеудің заңдылығын дәлелдеп әлек, ал Әблязовтың адамдарын тұтқындау жалғасып жатыр


Мұхтар Әблязовтың әпкесі Шолпан Әблязова. Алматы, 20 наурыз, 2009 жыл.
Мұхтар Әблязовтың әпкесі Шолпан Әблязова. Алматы, 20 наурыз, 2009 жыл.

Алматы мен Астанада БТА банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовтың жақтастарының тұтқынға алынып жатқаны жөнінде хабарлар түсуде.

Азаттық радиосына мәлім болғанындай, 19 және 20 наурыз күндері елдің арнайы қызметтері бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовқа жақын болған 20-ға жуық адамды қамауға алған. Оларға қандай айып тағылғаны және қайда отырғандары белгісіз.

Zonakz. net интернет парақшасының хабарлауынша, соңғы екі күнде БТА банкіне қатысы бар компанияларда жұмыс істеген шамамен 15 адам қамауға алынған.

Бұдан бұрын тұтқындалған Әблязовтың туысы «Agento- S» бағалау компаниясының директоры Тайыр Дүйсембековке банктің қаржысын ағасымен бірге ұрлаған, талан-таражға салған деп айып тағылды.

Оған БТА банкінің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовпен бірігіп, 2006-2008 жылдары аралығында біреудің мүлкін сенімге кіру және алдау жолымен жымқырғысы келген деген айып тағылғаны туарсындағы хабарды КазТаг агенттігі таратты.

Дүйсембековті қылмыстық іске айыпкер ретінде тарту туралы қаулыда оның екі жыл бойы Мұхтар Әблязовтың басшылығымен құрылған қылмыстық топпен бірігіп, Алматы облысындағы жер учаскелеріне қатысты заңсыз қаржы операцияларын жүргізгені туралы айтылады. Жер учаскелерін бағалау жұмысын Дүйсембековтың өзі жүргізген көрінеді. БТА банкте берілген ірі көлемде заңсыз несиелер кейіннен Әблязовтың есепшотына түсетіндей, олар арнайы құрылған фирмалар мен компаниялардың атынан рәсімделіп отырған делінген қаулыда.

БТА банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязов жиені Тайыр Дүйсембековпен қандай да бір іскерлік қарым-қатынасы болмағанын айтып, оны тек өзіне туыс болғандықтан ғана қамауға алып, айыптап отыр деп есептейді.

Аталмыш айыптарды Тайыр Дүйсембековтың анасы Шолпан Әблязова негізсіз деп танып, жоққа шығарады.

- Бірінші күннен бастап-ақ, олар тек құрғақ сөзбен ғана баламның кінәлі екенін айтуда. Олардың қолында оны дәлелдейтін ешқандай құжат жоқ. Олар табылып қалар деген үмітте оны іздестіруде. Бұл дұрыс емес. Олар алаяқтықпен айналысқан деп, баламды тұтқынға алып отыр. Мұхтар мен Тимурдың жас аралығы үлкен. Олар тіпті туыстар болып та жақсы араласпаған. Мен бұл жағдайды қуғын деп атар едім. Оның басқаша баламасы жоқ. Тергеуші «Тайыр мәмілеге келмей отыр» деп ашық айтып отыр. Маған ұлыма баруға мүлде тыйым салды. Олар заң бойынша ай сайын бір рет көруге ғана рұқсат етілген дейді.

Шолпан Әблязованың айтуынша, ұлына тағылған айып бойынша, оның мүлкін кәмпескелеп, 10 жыл бас бостандығынан айыруы мүмкін.

- 2000 жылы Нұрлан Әблязовқа шабуыл жасалып, өлім аузынан қалды. Менің балам Тимур Дүйсембеков Нұрланмен бірге газетте істеді. Оған да қоқан-лоққы көрсеткен. Ақыры ол 2000 жылы Қазақстаннан кетіп тынды. Ол қазір Бельгияда тұрады. Өкінішке қарай, ол әлі күнге дейін саяси баспана ала алмай жүр. Қазір мен оның Қазақстаннан кеткені дұрыс болғанын енді түсіндім.

Біз аталған жағдайларға байланысты сарапшылар пікірін де білдік.Саясаттанушы Айдос Сарымның ойынша, мәселенің екі жағы бар. Адамдарды белгілі бір көзқарас жетегінде кеткені үшін оны және туыстарын қуғын-сүргінге ұшыратуға болмайды.


- Бірақ...бизнеске келгенде түрлі әңгімелер шығады. Егер манағы адамдар шын мәнінде белгілі бір компанияларды басқарып, соның құрылтайшылары болып жатса, онда оған прокуратураның, басқаларының сұрақтары болса, әрине, тергеуге шақырылатыны анық. Менің білетінім, егер осы БТА-ға кезінде үкімет араласпаған кезде, бұл банк қиын жағдайға ұшырайтын еді. Бұл бір емес, бірнеше жыл айтылып жүрген әңгіме,-дейді Айдос Сарым.

Экономист Болат Дүйсембі ел қаржысын өзге мемлекетке салу сияқты Әблязовтың әрекеттерін қуаттамағанын айтады. Десе де, биліктің оны ашықтан-ашық «халық жауы» деңгейіне шығарып, жарық күнде шаммен ізіне түсуі - демократия принциптеріне қарама-қайшы келетінін жеткізеді. Биліктің өзіне жақпаған адамдарды шеттетіп, олардың туыстарын қуғын-сүргінге ұшыратуы Қазақстанда әдеткі жағдайға айналып барады дейді ол:

- Біздің билікте мына рейдерлік пен байлықты тартып алу, рейдерлікпен біреудің кәсібін тартып алу деген ол өзі әбден сіңісті болып кеткен нәрсе. Бірақ сол нәрселерді ақтау үшін бұлар көбінесе, қылмыстық жала жауып, өз қарсыластарын тұқыртып, басын көтертпейтін жағдайға әкеледі. Егер де бұған тереңірек қарасақ, бұл өте қауіпті нәрсе. Осы тұрақсыздықты пайдаланып отырып, біз келешегімізде біздің экономикамыздың, саясатымыздың өзін жүргізіп, ұлттық тәуелсіздігімізді сақталуына үлкен қатер әкеледі.

Мұхтар Әблязовқа қатысты істер қарқын алып барады. Осыған дейін оның туыстары Н.Назарбаевты өздеріне қарсы репрессия жасамауға шақырып, баспасөз жиынын өткізген еді. Наурыздың 5-сі күні Мұхтар Әблязовтың үстінен қылмыстық іс қозғалса, Ақмарал Әблязова "БТА банкінің" директорлар кеңесінен шығарылды.

Енді міне екі күннің ішінде Әблязовқа жақын болған 20-ға жуық адам тұтқындалды, оларға қатысты ресми түсніктемелер әлі жасалған жоқ. БТА банктің бұрынғы басшылары Мұхтар Әблязов, Жақсылық Жәрімбетов, Роман Солодченко репрессиядан қауіптеніп, Қазақстаннан кетіп қалды. Азаттық радиосына берген сұхбатында Әблязов пен Солодченко үкімет БАТ банкін талқандап, Қазақстандағы банк жүйесі күйрейді деген болжам айтты.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG