Accessibility links

Ат қоярда кәсіпкерлер де ырымдайды


"Виктория" мейрамханасы. Алматы, 23 тамыз 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

"Виктория" мейрамханасы. Алматы, 23 тамыз 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

"Яндекстің" рейтингі бойынша, Қазақстандағы компаниялар "Арман" атауына әуес. Психологтар ат таңдаудың астарында әлдебір комплекстер мен фобия болуы мүмкін екенін айтады.

Кісі есімімен аталған мекеме-ұйымдардың ішінде ең көп таралған ондықтың басында «Виктория», «Надежда», «Арман» атаулары тұр. Бірақ компания атауы иесінің төл есімімен әрдайым байланысты бола бермейді.

ҚОНАЕВ ҚҰПТАҒАН АРМАН

Алматыдағы «Арман» кинотеатры – Қазақстанда алғаш ашылған кинотеатрлардың бірі. Оның 45 жылдық тарихы бар. Кассир Зарина Барманқұлова кинотеатр ашылған күннен бері осында істейді. Заринаның айтуынша, кинотеатрдың атауы Совет Одағы заманында қойылған.

– Киноиндустрия қызметкерлері компартияның орталық комитетінің төрағасы Дінмұхамед Қонаевқа кинотеатрды «Арман» деп атауды ұсынған. Қонаев бұл атауды ұнатып, құптапты. Армансыз адам бола ма, әркімнің өз арманы бар ғой. "Арман" кинотеатры. Алматы, 23 тамыз 2013 жыл.

"Арман" кинотеатры. Алматы, 23 тамыз 2013 жыл.

Осы 45 жылдың ішінде кинотеатр өзінің әдемі атын ешқашан өзгерткен емес, – дейді Зарина Барманқұлова.

Андрей Нахимов – Алматы қаласындағы «Виктория» мейрамханасының қожайыны. Ол өз мекемесінің атауын ырымдап қойыпты.

– Виктория есімі латын тілінен «жеңіс» деп аударылады. Сән-салтанаттың, асқақ жеңістің синонимі. Бұрынғы мамандығым – тарихшы. Бұл атаудың энергетикалық және кармалық ерекшелігі – табандылық, ептілік, қайсарлық сияқты қасиеттермен үндес. Бұл есімнің иелеріне қырсықтықпен ұштасатын бірбеткейлік қасиет тән екенін білемін. Менің мінезімде де осындай қасиеттер бар, – дейді мейрамхана қожайыны.

«Виктория» – Қазақстаннан басқа елдерде де кең тараған атау. "Яндекстің" тамызда жариялаған деректеріне қарағанда, бұл сөзді Ресей мен Украина кәсіпкерлері де басқа атаулардан артығырақ көреді.

Ал «Надежда» атауы қазақстандық бизнесмендер (дәлірек айтсақ, бизнеследилер) арасында екінші орында. Яндекстің мәліметі бойынша, славяндық бұл есім славян елдерінде тек үшінші орында. Мысалы, Ресейде «Надеждаға» қарағанда, «Ника» атауы танымалдау.

Яндекстің рейтингіне қарағанда, қазақстандық кәсіпкерлер өз компанияларына дәстүрлі қазақ есімдерін де береді. «Әлия» мен «Дана» деген әйел есімдері сұлулық салондары мен дүкен маңдайшаларынан жиі кездеседі.

ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚОРҒАНЫС

Психолог Ягдар Төреханов мекеме-ұйым атауларында оптимизм шақыратын есімдердің қойылуы кездейсоқ емес деп есептейді. Адамдар «сәтті таңдалған атау табыс пен байлыққа жеткізеді, сәтсіздік пен тоқыраудан құтқарады» деп сенеді.

Психологтың айтуынша, бизнеспен айналысатын, білімді, тәжірибелі адам, тәуекелді алдын ала болжай білуге қанша қабілетті болса да, аяқ астынан оқыс оқиға болып, оның кесіп-пішкендері іске жарамай қалады. Сондықтан кездейсоқ жағдайлардан сақтанғысы келетін адам баласына бойтұмар ретінде есім таңдау әдеті тән. Жасампаз және оптимизм шақыратын атауларды таңдаудың астарында әлдебір қорқыныш-үрей бар болуы мүмкін.
Адамдар «сәтті таңдалған атау табыс пен байлыққа жеткізеді, сәтсіздік пен тоқыраудан құтқарады» деп сенеді.

– Кез-келген адам бақытты, дені сау болғысы келеді. Бірақ ауру айтып келмейді немесе адам аяқ астынан бақытсыздыққа ұшырайды. Оларды алдын ала болжау мүмкін емес. Мұны көрген адамда «бірдеңе болып қала ма» деген үрей пайда болады. Сөйтіп ол бала сияқты қорған іздей бастайды. Мысалы, кейбіреулер тұмар тағып алады. Бұл адамды психологиялық тұрғыдан тыныштандырады. Ол «Қолымнан келгенін істедім, енді мені құдыретті күштер қорғайды. Енді босаңсып, еркін тыныстасам болады» деп өзін өзі жұбатады, – дейді Ядгар Төреханов.

Психолог Төрехановтың айтуынша, мұндай «жеңіл-желпі» ырымдардан келер ешқандай кесір жоқ. Егер айналасындағы жұртқа зиян келтірмесе, психологиялық қорғаныстың мұндай түрлеріне түсіністікпен қараған жөн.
  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG