Accessibility links

ЕАЭО басталарда Қазақстан топ-бизнесі секемденіп отыр


Келесі жылы қаңтардың 1-інен бастап Еуразия экономикалық одағы іске қосылады. Алматыда өткен ЕАЭО туралы пікірталасқа Қазақстанның кейбір топ-бизнесмендері қатысты. Залда жиналғандардың «экономиканы» талқылауға тырысқан әңгімесі көбінесе «саясатқа» ойысып кетіп жатты.

Жұма күні кешке Алматыда Еуразия экономикалық одағының Қазақстан үшін артықшылығы мен қаупін талқылаған ашық пікірталас өтті. Дөңгелек үстелге қатысқан баяндамашылар мен қарсыластар - елдің топ-бизнесмендері. Алматыдағы өзекті әңгіме Кремль мен Батыс араздығы өршіген, Ресейдің Украина істеріне араласуы салдарынан туған санкциялар соғысы, Ресей рублі құлдыраған, ал ЕАЭО-тың іске қосылуына бір айға жетпейтін уақыт қалған тұста өтті.

Бас баяндамашы, бизнесмен Райымбек Баталов Мәскеуде өткен үкіметаралық консультативтік кеңестегі келіссөздерден жуырда ғана оралған. Ол жақта Қазақстан бизнесі мен билігі позициясын қорғаған Баталов дипломатиялық тілмен айтқанда, «тең құқылы әріптес» сөзін қазір Мәскеу өзгеше түсінетініне наразы екенін мәлімдеді.

- Совет Одағы кезінде бізде диалог жүргізу мәдениеті болмады, бәрі Мәскеудің нұсқауымен істелетін, бұл - бұрыннан келе жатқан проблема. Қалай сөйлесуді үйрену керек, - дейді Райымбек Баталов.

Бизнесмен «Кеден Одағы аясында ғана қаншама проблемалар бар. Мысалы, рубль үздіксіз құлдырап бара жатса да, қазақстандық тұтынушылар үшін Ресей өнімдері бағасының арзандағаны байқалмайды. Экономика заңдарына қарамастан баға арзандамай тұр. Ал қазақстандық өнім Ресей немесе Беларусь елінде бәсекеге түсуге қабілетсіз, бұл арада қазақстандық кәсіпкер ұтылары анық» дейді.

Сонымен, Қазақстан нарығын ресейліктерге беріп қоямыз ба, жоқ па?

Бұл мәлімдемемен жиналғандардың келісетінін пікірталас модераторы Қанат Нұров пен баяндамашы Райымбек Баталовтың арасындағы қысқа диалог байқатты.

- Сонымен, Қазақстан нарығын ресейліктерге беріп қоямыз ба, жоқ па?

- Енді... әзірше бере қойған жоқпыз.., бірақ біртіндеп беріп жатырмыз.

Дөңгелек үстелдегі пікірталас «Үш мемлекет (Ресей, Беларусь және Қазақстан) экономикалық бірлестікті тым асығыс құрған жоқ па? Бұл расымен экономикалық одақ па?» деген сұрақтар төңірегінде өрбіді. Қарсыластарының қысымымен баяндамашы ЕАЭО-ның «ортақ геосаяси одақ пазлдарынан» тұратынын мойындады. Пікірталасты ұйымдастырған «Аспандау» ғылыми-білім қоры президенті Қанат Нұров дөңгелек үстелді «ЕАЭО – қайткенмен экономикалық одақ» деген сарында қорытты.

- Қалай айтсақ та, бұл таза экономикалық одақ - еуроатлантикалық ғаламдық интеграцияға қарсы геосаяси одақтың тағы бір формасы екенін мойындауымыз керек, - деді ол.

Бірақ пікірталасқа қатысқан өзге сарапшылар мен бизнесмендер «ЕАЭО-ын қоғамдық келісім-шарт ретінде қарастырғаннан гөрі, үш мемлекеттің биліктегі топтарының келісім-шарты деп атаған жөн» деп санайды.

Алдыңғы қатарда - саясаттанушы Андрей Чеботарев. Алматы, 5 желтоқсан 2014 жыл.

Алдыңғы қатарда - саясаттанушы Андрей Чеботарев. Алматы, 5 желтоқсан 2014 жыл.

Бұл тұжырымға қатысты саясаттанушы Андрей Чеботарев «Жалпы, Ресеймен екіжақты келісім негізінде жұмыс істей беруге болар еді. Бірақ биліктегі топтардың, үш мемлекет басшысы айналасында шоғырланған элиталардың көздегені бар сияқты. Біздің элитаның байлық-дәулеті шикізатты сатуға тәуелді. Бұл тұрғыдан алғанда, ортақнарық 2025 жылдан бастап қана нақты жұмыс істеуге көшеді деген қауіп бар. Беларусь пен Қазақстан элитасының қызығушылығын оятатын мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарығы сол кезде ғана құрылады. Бірақ 2025 жылға дейін қай заман, мысалы бізде оған дейін билік ауысуы мүмкін. Ал біз үшін ең негізгі проблема мен қатер – осы билік транзиті мәселесі» деген комментарий берді.

Пікірталасқа қатысқан сарапшылар «қай жағынан алып қарасақ та, бәрі саясатқа, тіпті геосаясатқа келіп тіреледі» дейді. Пікірталас барысында Қазақстан бизнесінің перспективасы аз айтылды. Қатысушылар «ақыры ЕАЭО-қа кіріп қойған екенбіз, енді бірдеңе жасау керек» деген ой түйіндеді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG