Accessibility links

«Еуропалық сиырлар» үкімет үмітін ақтамады


Әзербайжандық Agrolizing компаниясы Австриядан әкелген сиырлар.
Әзербайжандық Agrolizing компаниясы Австриядан әкелген сиырлар.
Әзербайжан сүт өндірісін дамыту үшін Еуропадан мол қаржыға мыңдаған сиыр алдырған. Ал фермерлер «сиырлардың шығыны көп, бабы қиын, сүтті қымбаттатамыз» дейді.

Соңғы үш жылда Әзербайжан 23 миллион АҚШ долларына Германия мен Австриядан 4 мың 500 сиыр әкелді. Үкімет сүт өнімдерін көбейтуді жоспарлаған.

2011 жылы 1 миллион 600 мың тонна сүт өндірген Әзербайжан 2015 жылға қарай 2 миллион 500 мың тонна сүт алмақ. Бірақ Еуропадан әкелінген сиырлар жоспарланған сүтті бермей жатыр.

«САПАЛЫ АЗЫҚ, АРНАЙЫ ГИГИЕНА КЕРЕК»

Әзірбайжан үкіметі «фермерлер Еуропадан әкелінген сиырларға дұрыс күтім жасамай отыр» деп малшыларды кінәлады.

Еуропадан бұл сиырларды мемлекеттік Agrolizinq компаниясы алдырған. Үкіметке қарайтын компания сиырларды жекеменшік фермаларға арнайы бағдарламамен жалға таратты.

Баку қаласында тұратын ауыр шаруашылығы маманы Вахид Махаррамов:
Сиыр бағып жүрген бақташылар. Әзербайжан, маусым 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Сиыр бағып жүрген бақташылар. Әзербайжан, маусым 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

- Әзірбайжан фермерлері шеттен келген ірі қараларды дұрыс баға алмай отыр. Оларға сапалы азық пен арнайы гигиена керек, - дейді.

Фермерлердің өздері Еуропадан келген сиырларды бағудың шығыны көп екенін айтады. Олар «Енді Әзербайжанда сүт өнімдерінің бағасы қымбаттауы мүмкін» дейді.

Әзірбайжанның солтүстік-батысындағы Самух аймағының фермері Тарбия Юсупов Еуропадан сиыр келгенде күніне 35 литр өнім аламын деп үміт етіпті.

- Сүт қымбаттауы мүмкін. Себебі, бұлардың жейтін жем-шөбі өте қымбат. Үкімет тарапынан бізге көмек керек. Әйтпесе сүт бағасын қымбаттатамыз, - дейді ол.

«ДАЙЫНДЫҚСЫЗ ӘРІ АСЫҒЫС ЖАСАЛҒАН ШАРА»

Agrolizinq компаниясы фермерлерге сиырларды жалға берген кезде тазалық жағын қатаң сақтауды талап еткен. Азаттық радиосының Әзербайжан қызметінің тілшілері еуропалық сиырлары бар фермаларға барғанда, қажетті тазалық шараларының жасалмағанын аңғарған. Тілшілердің дерегі бойынша, еуропалық сиырлар бірнеше ай бойы тазаланбаған тар қорада тұрған.

Фермер Фирудин Хасанов мемлекеттен 30 сиыр жалға алған. Бірақ қораны жиі тазаламайды. Уақтылы тазалау үшін сиырларды алыстағы басқа фермаға апару керек. Ал қосымша қора салуға қомақты қаржы қажет. Хасановтың айтуынша, ол бір литр сүттен $ 0,40 доллар көреді.
Үкімет бюджеттен мал сатып алуға көп қаржы бөлді. Бірақ бұл - еш дайындықсыз әрі асығыс жасалып жатқан шара.


- Күніне 22-23 литр сүт сауамыз. Бакуге апарып 0,40 долларға сатамыз. Бізден алғандар оны зауыттарға бір доллардан саудалайды, - дейді фермер.

Азаттық радиосының Әзербайжан қызметінің дерегіне сүйенсек, бұл ел Австриядан әр сиырды бес мың доллардан алған. Ал Түркияда асыл тұқымды сиырдың кұны - үш мың доллар.

Ауыр шаруашылығының маманы Вахид Махаррамов «үкімет асығыстық жасады» деген пікір айтады.

- Үкімет бюджеттен мал сатып алуға көп қаржы бөліп отыр. Бірақ бұл - еш дайындықсыз әрі асығыс жасалып жатқан шара, - дейді маман.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ШАРАЛАР

«РИА-Новости» агенттігінің жазуынша, Қазақстан да шетелден, нақтысы - Канададан жылқы сатып алуды жоспарлап отыр.

Агенттік «Кеден одағы елдерінің ішінде Қазақстан Канададан жылқы сатып алуға ниетті. Бұл туралы Канаданың сауда инспекциясының директоры Луис Карьер «Россельхознадзор» директорының орынбасары Евгений Непоклоновпен кездесуі кезінде мәлімдеді» деп жазады.

Ал Канада ауыл шаруашылығы инспекциясының дерегі бойынша, «Қазақстан бұл елден 2009 жылдан бері мал және мал етін сатып алып отыр».

Инспекцияның ресми сайтында 2011 жылы Қазақстанға Канаданың 4 миллион 792 мың Канада долларына ет және ет өнімдерін сатқаны жазылған. Бұл соманың 2 миллион 715 мың доллары жылқы етін сатып алуға жұмсалған. Бұдан бөлек, Қазақстан 2011 жылы Канададан 7 миллион 752 мың Канада долларына ірі қара мал әкелген. Ал 875 мың долларға асыл тұқымды бұқа ұрығын (сперма - ред) алдырған.

Ал биыл қазан айында АҚШ-тың Солтүстік Дакота аймағынан 162 сиыр әкелінді. Ірі қара мал Солтүстік Америкадан арнайы ұшақпен жеткізілген. Олар Қазақстандағы сиырлардың тұқымын асылдандыру үшін алынды.

Қазақстандық «Мал өнімдері корпорациясы» («ҚазАгро» холдингіне тиесілі компания) АҚШ-тың «Global Beef» компаниясымен келісім-шартқа отырған. Келісім бойынша «Global Beef» Қазақстанға енді екі мың сиыр береді.
XS
SM
MD
LG