Accessibility links

Ерекше қызметкерлері бар кафе демеуші іздейді


Алматыда дамуында өзгешелігі бар жандар еңбек ететін кафе жұмысын жалғастыруы үшін күзге дейін 9 мың доллар жинауы қажет. Әлеуметтік кафеде қазір 30-дан аса жұмысшы бар.

Training cafe – дамуында өзгешелігі бар адамдарды жұмыспен қамтитын әлеуметтік жоба. Қазақстанда алғаш рет биыл мамырда Алматыда ашылған кафеде қазір негізінен психоневрологиялық ауруға шалдыққандардың интернат-үйінде тұрып жатқан мүмкіндігі шектеулі жандар жұмыс істейді.

ЕРЕКШЕ КАФЕ

Алматының тыныш аудандарының бірінде, Айманов пен Жандосов көшелерінің қиылысында орналасқан Training cafe-ге Азаттық тілшісі келгенде, кафеде жұмыс істейтіндерден басқа адам жоқ екен. Кафе басқарушысы Камила Мергенбаева «әдетте мұнда түстен кейін тыныш» деп түсіндірді.

– Бізде қазір 17-43 жас аралығындағы 31 адам жұмыс істейді. Оның 28-і арнайы интернатта тұратындар, ал үшеуі – үйден келіп жұмыс істейді. Сондай-ақ, аспазшы, жүргізуші, басқарушы болып жұмыс істейтін тағы 7 адам бармыз, – деді ол.

Гүлнәр Бажеева – кафеге жұмысқа жаңадан келгендердің бірі. Азаттық тілшісімен әңгімеде ол өзінің 27 жаста екенін есіне әрең түсірді. Гүлнәр мұнда интернаттан келіп істейді екен.

– Бүгін екінші рет келуім, көмектесіп, еден жуған маған ұнайды, – деді Гүлнәр.

Осы кезде кафеге екі бала ерткен келіншек кірді. Ол ыстық күнде балалары шөлдегенін айтып, компотқа тапсырыс берді. Тапсырысты қабылдаған Гүлнәр «тәте, қазір әкелем, қазір» деп жүгіріп кетті. Сәлден соң шәугіммен оралған ол: «компот бітіп қалыпты, балаларға суық су құйып әкелдім, кешіріңізші, тәте, кешіріңізші?» деумен болды. Келіншек балаларына судан ішкізіп, Гүлнәрға алғысын айтып, кафеден шығып кетті.

Кафеде келушілерге асты арнайы аспаз дайындайды. Ас мәзірінде палау, лағман, котлет, компот, шай сияқты әдеттегі кафелердегідей тағам түрлері бар. Бағалары – 400-650 теңге (2,1-3,2 доллар) аралығында.

Ас бөлмеде ыдыс жуып жүрген Жанар Бердібаеваның жасы 35-те. Сөйлегенде көп ойланып, асықпай жауап береді. Ол бұл кафе туралы таныстарынан естіп келгенін айтады. Жанар Алматыда туыстарының қолында тұрады екен.

– Таныстарым осы кафеде істей аласың ба деп сұрады, мен келістім. Маған ұнайды, көмектесіп жүрмін, – деді Жанар.

Training cafe психологы Гүлшат Тұяқова.

Training cafe психологы Гүлшат Тұяқова.

Психолог Гүлшат Тұяқова екі айдан бері осы кафеде жұмыс істейтіндермен әңгімелесіп, әртүрлі тесттер өткізіпті. Маманның сөзінше, ерекше әлеуметтік топқа жататын бұл адамдарға ықылас, көңіл бөлу арқылы олардың бойында өзін жұртпен қалыпты қарым-қатынас жасай алатын тұлға сезімін қалыптастыру маңызды.

– Жастары ересек болғанымен ой-өресі жас баланыкіндей, әрқайсысының мінез-құлқы әртүрлі. Бұлар кішкене мақтағанды жақсы көреді, оларға ұрыспау керек, айтқан тілді алады, тек кішкене сүйемелдеп, демеу көрсету керек, – дейді психолог.

ЕҢБЕК ТЕРАПИЯСЫ

Training cafe басқарушысы Камила Мергенбаева әлеуметтік жобаның негізгі мақсаты – табыс табу емес, дамуында өзгешелігі бар жандарды еңбек терапиясы арқылы қоғамға бейімдеу екенін айтады.

– Бұлар үйден шықпаған, аяқ-қолы бүтін болғанымен, өздігінен жалғыз жүріп, тұра алмайтын жандар. Кафе жұмысы басталған алғашқы кезде олар бөтен адам көрсе тығылып қалып жүрді, ыдыс-аяқпен қалай жұмыс істеуді білмейтін, бойларында үрей бар еді. Қазір біртіндеп жағдай түзеліп келеді, кафеге келген адамдарды өздері қарсы алып, тапсырыс қабылдайды. Ас пісіретін арнайы аспазымыз бар, ал бұлар тек даяшы, ыдыс-аяқ пен еден жуушы, жүк тасушы болып жұмыстар атқарады, - дейді Камила Мергенбаева.

Бұл әлеуметтік жобаға «Сорос-Қазақстан» қоры біржолғы грант ретінде 4 миллион теңге (шамамен 21 мың доллардан аса) бөлген. Осы сомадан 9 мың доллар кафе ғимаратын жалға алуға кеткен, одан бөлек, кафеде қызмет ететін аспазшы, басқарушы сынды өзге қызметшілердің еңбекақысы (әрқайсысы 35 мың теңге, немесе шамамен 186 доллар алады), күнделікті азық-түлік сатып алуға жұмсалады. Кафе отырған ғимарат жарты жылға – қазан айының соңына дейін жалға алынған.

Дамуында өзгешелігі бар адамдар жұмыс істейтін Training cafe. Алматы, 14 тамыз 2015 жыл.

Дамуында өзгешелігі бар адамдар жұмыс істейтін Training cafe. Алматы, 14 тамыз 2015 жыл.

– Келісім-шарт бойынша, егер барлық соманы бірден төлесек бізге ғимаратты айлық жалдау бағасы 1 мың 500 долларға түседі. Ал ай сайын төлейтін болсақ, онда 2 мың 800 доллар болып шығады. Біз қазір келесі алты айға 9 мың доллар жинау үшін демеуші іздеп жатырмыз, – дейді басқарушы.

Камила Мергенбаеваның айтуынша, мамыр айынан бері істей бастаған әлеуметтік жоба нәтижесіз емес.

– Біз өткенде бірқатар мейрамханалардың басшылармен кездесіп, ақыл-кеңес алып, өзара байланыс орнаттық. Алматыдағы танымал мейрамханалардың бірінің басшысы осында жұмыс істеп жүрген бес адамды тұрақты айлығы бар жұмысқа алуға келісім берді. Біз үшін бұл үлкен жетістік. Одан бөлек, біз қазір күнде балаларға 500 теңгеден, ал келушілер көп болған күндері және мереке кездерінде 1000-2000 теңгеге дейін төлеп тұра алатын жағдайға жеттік, - деді Камила Мергенбаева.

Оның сөзінше, Training cafe жұмысын бастаған екі ай ішінде онда келушілерден бір де бір ескерту-шағым болмаған. Қазір күніне орта есеппен 30-40 адам келсе, тиісті соманы жинау үшін келушілер саны – 80-ге жетуі қажет екен. Кафе таңертеңгі сағат 10:00-нан кешкі 18:00-ге дейін жұмыс істейді.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG