Accessibility links

Қазақтар – төзімді халық, бірақ олар үшін өлердей қауіптісі -экономикалық қиындықтар

  • Есен СМАҒҰЛОВ

Қайраңда қалған қайықтар балалардың ойын орны

Қайраңда қалған қайықтар балалардың ойын орны

Неміс газеті Sueddeutsche Zeitung Арал өңірін мекендейтін жұрттың ұзақ жасау құпияларын әңгіме қылады, ал британдық Times экономикалық реформалардың аяғы Қазақстанда өлім-жітімнің көбеюіне апарып соққанын айтады.

«Қазақтар – шыдамды халық», – дейді неміс газеті Sueddeutsche Zeitung. «Қазақстан Кеңес Одағы құлағаннан кейінгі екінші халық санағын жүргізді, соның арқасында өзі туралы біршама қызық нәрселерді біліп қалды. Біріншіден, қазақ – өміршең халық екен. Қазақстандағы жиырма алты адамның жасы жүзден жоғары. Екіншіден, кейбір қазақ одан өткен өміршең. Сол жүз жасар 26 адамның он екісі экологиялық апат аймағында тұрады, нақты айтқанда Арал теңізінің маңайында», – деп жазады басылым.

Бір кезде Арал көлемі жағынан әлем бойынша төртінші көл еді, Сырдария мен Әмудария аралығында орналасқан ішкері теңіз еді, – деп еске салады газет. Сол тұста большевиктердің қалауымен шөл дала гүлдеді де, ал Арал теңізі тартылды. Теңіз суы шетсіз-шексіз мақталы алқаптарға жайылды. Бүгінгі таңда теңіздің бастапқы көлемінің үштен бірі ғана қалған. Суы құрғаған тұз-сорды жел тонна-тоннасымен жан-жаққа жаюда. Кешегі балықшы орталықтар аруақ қалаларға айналған. Біріккен Ұлттар Ұйымы Арал теңізін тарихтағы адам қолымен жасалынған экологиялық апаттардың ең ірісі деп санайды.

Бірақ, солай бола тұра жасамыс қазақстандықтардың жартысына жуығы осы аймақта ғұмыр кешуде. Облыстың статистикалық мекемесінің жетекшісі Бақыт Сапар хабарлағандай, ұзақ жасап келе жатқан сегіз адам нақ сол Арал ауданында, тағы төртеуі оның жанындағы Қазалы қаласында тұрады. Басылым Сапардың сөздерінен аралдықтардың ұзақ жасауларының сырын іздейді: «бұл өңірдің дәстүрі түйе бағу болғандықтан, әлбетте, қариялар тұрақты түрде шұбат ішеді, яғни ферменттелген түйе сүтін ішеді».

«Егер осы байланыс дәлелденетін болса улы үйінділердің, атом электростанцияларының, зиянды күл-қоқыстардың маңында тұратын адамдар үшін үміт оты жылт етпек. Яғни, олар тапсырысты түйе сүтіне берер еді», – деп жазады неміс басылымы.
Айтпақшы, Sueddeutsche Zeitung тілшісі өз жарияланымында Арал маңы тұрғындарының ұзақ өмір сүруінің сыры күнделікті ішетін шұбатта деген Бақыт Сапардың сөздерін бірінші жариялаған Азаттық /Азат Еуропа хабарына сілтеме жасайды.

Анықталған тағы бір мәселе — Қазақстан халқы экономикалық толқу-сілкулерді экологиялық зұлматтардан гөрі әлдеқайда ауырырақ өткеруде. Times британдық газетінде жуырда жарияланған мақалаға сенер болсақ, 90-шы жылдары-ақ қазақстандықтардың денсаулығына апатты жағдай қалыптасқан болатын.

Times ескертеді: «капитализм денсаулығыңызға зиянды». Нарықтық экономикаға өту барысында жүргізілген «шошытпа терапия» өмірге қауіпті. Бір қызығы — бұл тұжырымды статистикалық мәліметтер де қуаттайды. Капиталистік жүйені асығыс қабылдаған көп постсоветтік мемлекеттерде жаппай жекешелендіру жан алғыштың қызметін атқарды. «Ресейде, – делінеді жарияланымда, – мемлекеттік компанияларды сатудың қызып тұрған шағында ересек жұмысшылар арасындағы өлім-жітім деңгейі 18 пайызға өсті, ал өмір ұзақтығы бес жылға дейін кеміді. Әп-сәтте жұмыстан, медицинаның көрсететін қызметінен айырылған еңбекке жарамды жастағы ер адамдар қырынғаннан кейін жағатын әтір-суды ішіп жасына жетпей лек-легімен бақиға аттанып жатты».

Өлім-жітім деңгейінің өсуін жаппай жекешелендіруден көретін долбарды алдыңғы қатарлы британдық ғылыми орталықтардың өкілдері Дэвид Стаклер, Лоренс Кинг және Мартин Макки тәрізді ғалымдардан тұратын топ ұсынды. Олардың пікірі бойынша, бұрынғы Шығыс блогі мен постсоветтік кеңістіктің бірнеше елдеріндегі асығыс жекешелендіру өлім-жітім көрсеткішінің шарықтау шегімен бір уақытқа тап келді. Осы екі құбылыстың арасына денсаулықты төмендетіп, күйзелісті күшейткен, ғұмырды қысқартатын өмір салты — маскүнемдікке итеруші күш болған жұмыссыздық байланыстырушы буын бола кетті.

Газеттің жазуынша зерттеу нәтижелері бүкіл әлемге танымал экономист, өз уақытында «шошытпа терапияның» насихатшысы болған Джеффри Сакстың кейістігін тудырды. Әлбетте, енді профессор Шығыс Еуропадағы миллиондаған адамның өліміне байланысты тағылған айыптаулардан қорғануға мәжбүр болып отыр. Сакстың нандыруынша өлім-жітімнің көбеюіне жекешелендірудің қатысы жоқ, ал Ресейде маскүнемдіктің етек жаюының себебін жұмыссыздақтан емес, ішімдікке қарсы іс-шара жүргізілмегендіктен көреді. Сондай-ақ ол мәселенің бір ұшын советтік азық-түліктің жұтаңдығына әкеп тірейді. Бірақ, профессор Сакстың қарсыластары оның дәйектерін көңілге қонымды санамайды: тағам мөлшерінің өзгеруі аяқасты өлім-жітімнің көбеюіне негіз бола алмайды, әрине, егер у қосқан тағам болмаса.

Стаклер мен Макки Еуропада коммунизмнің өлуінен туындаған күрделі мәселелерге тереңірек үңілуге тырысқан. Деректің өзі даусыз. ЮНИСЕФ бағалауы бойынша, үш миллион адам мезгілсіз көз жұмған. БҰҰ-ның есебі өтпелі кезеңде он миллион адамның шығын болғанын көрсетеді. Көп елдерде өмір ұзақтығы қысқарды (ресейлік ер адамдар үшін 1991-94-ші жылдар аралығындағы өмір ұзақтығы 64 пен 58 жас арасында қап қойды). Мұның басты себебі жұмыссыздық пен маскүнемдік болды (адамдар спирт, ол болмаса қырынғаннан кейін жағатын әтір ішіп, о дүниелік боп жатты).

Бірақ, неге тура сондай күйді бастан кешірген өзге елдерге, айталық, Словенияға қарағанда кей елдерде, мәселен Ресей мен Қазақстанда өлім-жітім көрсеткіші анағұрлым оқыс көтерілді? Доктор Стаклер мен оның әріптестері мұны орныққан әлеуметтік жүйенің бұзылуынан деп түсіндіреді. Мұнда бәрінен бұрын реформа жасауға асығып, “жаппай жекешелендіру” жүргізгендер жапа шекті. Олар қызу қарқынмен «жоқ дегенде ірі мемлекеттік кәсіпорындардың 25 пайызын екі жылда жекеменшік секторына» өткізіп үлгерді.

Жекешелендіру бағдарламасын жылдамдатып жүзеге асырған елдерде орта есеппен ересек ер адамдардың (15-тен 59 жасқа дейінгі) өлім-жітім деңгейі 13 пайызға өсті; бұл үрдіс жинақтала келгенде қайтыс болғандардың санын миллионға дейін апарды. Ресей мен Қазақстан секілді барлығы бесеу болатын көрсеткіштері нашар елдерге келетін болсақ, ол елдерде өлім-жітімнің орташа көрсеткіші тоқсаныншы жылдардың басында қысқа уақыт ішінде 42 пайызға бір-ақ секірді.

Басқа елдер, мәселен, коммунистік аппаратты жоюға асыға қоймаған Хорватия мен Словения ондай қайғылы сандардан аулақ болды. Халқы шіркеу немесе кәсіподақ секілді түрлі әлеуметтік жүйелерге біріккен елдер өзгерісті терең сезінген жоқ. «Поляктар коммунистік әдет-ғұрыптан ажыраудың сәтті жолын тапты, – дейді профессор Макки. – Қалайша? Өйткені олар бір-бірімен жексенбі сайын мессада кездесіп тұрды».

Шошытпа терапияны сезінген елдердің тұтас әлеуметтік инфрақұрылымы қирады. Көптеген ресейліктер қаланың пайда болуына негіз болған кәсіпорындардың маңында тұрды, ал, сол кәсіпорындар жабылып, жұмыс орындары жойылғанда жұрт денсаулық сақтау қызметінен де, балаларға арналған мекемелердің, әлеуметтік орталықтардың көрсететін қызметінен айырылды.

Times басылымындағы жарияланым авторының пікірінше, бүгіндері британдық зерттеушілердің қорытыныдылары еркін саудаға бет түзеген Қытай мен Үндістан үшін әбден көкейкесті. Ол жақта «шошытпа терапия» қолданылатын болса, ондаған миллион адамның өміріне қауіп төнеді.

Сөйте тұра мақалада қазіргі жаһандық дағдарыстың болуы ықтимал салдары туралы ештеңе айтылмаған. Бірақ, ол — дағдарыс салдары елдерге ауыр тимейді деген сөз емес. Мәселен, Қазақстанды алсақ, мұнда әлі сол Кеңес өкіметі кезіндегідей көптеген қалалар мен елдімекендердің жағдайы қаланы құраушы жалғыз кәсіпорынға байланысты, Польшадағы католик шіркеуі секілді әлеуметтік жүйе жоқтың қасы, қиындықтарды ұмытудың жалғыз жолы — алдамшы болса да, маскүнемдік болып тұр.

Сірә, бүгінгі күн шұбат пен салауатты өмір салтын насихаттаудың дер шағы болса керек.
XS
SM
MD
LG