Accessibility links

«Қожайындар» фильмі Канн фестивалінде көрсетіледі


Адамдар велосипедпен 67-Канн кинофестивалінің ресми плакаты жанынан өтіп барады. 12 мамыр 2014 жыл.
Адамдар велосипедпен 67-Канн кинофестивалінің ресми плакаты жанынан өтіп барады. 12 мамыр 2014 жыл.

Алматылық жас режиссер Әділхан Ержанов 67-халықаралық кинофестиваль өтетін Канн қаласына аттанды. «Қожайындар» фильмі қиырдағы қазақ ауылындағы «шағын мафия» өмірін көрсетеді.

31 жастағы режиссер Әділхан Ержанов халықаралық киносфестивальдерге бұрын да қатысқан. Ал жалпы Канн кинофестиваліне қазақстандық картиналар талай барып жүр. Бірақ «Қожайындар» фильмі көрерменге әзірге жақсы таныс емес.

ҚОСЫМША ТІЗІМ

Әлемдегі ең беделді кинофестивальдің біріне қатысатын фильмдер тізімі сәуірдің 17-сі күні жарияланды. Екі аптадан кейін – сәуірдің 30-ы күні бағдарламаға конкурстан тыс тағы бірнеше лента қосылды. Аяқ астынан бағы жанған фильмдердің ішінде Әділхан Ержановтың толық метражды «Қожайындар» фильмі де бар.

Бірақ бұл фильм 18 кинолента қатысатын негізгі конкурстық бағдарламаға да емес, бұрын қазақстандық фильмдер жүлде алған «Ерекше көзқарас» бағдарламасына (мысалы, 1998 жылы Дәрежан Өмірбаевтың «Киллер» фильмі ) да емес, арнайы көрсетілімге енгізілді.

«Қожайындар» фильмі көрермендердің көбіне таныс болмағандықтан, әзірше оның аннотациясын ғана қанағат етуге тура келеді.

25 жастағы Джон, оның жасөспірім інісі Ербол және қарындасы Әлия Алматы қаласындағы үйінен кетуге мәжбүр. Ағайынды үшеу қиырдағы бір ауылдан анасы мұраға қалдырған үйге барып қоныстанбақ болады. Бірақ әлгі үйді ауыл бастығының інісі 10 жылдан бері заңсыз иемденіп алған, енді заңды қожайындарына босатып бергісі келмейді. Өз үйін заңды жолмен қайтарып алуға тырысқан отбасы ауылдың «жазылмаған заңына» тап болады.

Киносыншылар фильмді «жабайы» комедия жанрына жатқызады.
Кинофестивальдің арнайы көрсетіліміне «Қожайындар» фильмінен бөлек 10 кинолента қатысады. Олардың ішінде Сергей Лозницаның «Майдан» деректі фильмі (2013 жылдың қарашасынан 2014 жылдың наурыз айына дейін Киевте түсірілген), Сириядағы оқиғалар туралы деректі фильм бар. Неміс режиссері әрі актері Вернер Херцогтың Совет Одағы мен ЦСКА хоккей командасы тарихын салыстыра сипаттайтын «Қызыл армия» деректі фильмі де (фильм атақты хоккейші Вячеслав Фетисовтың естеліктері негізінде түсірілген) көңіл аударуға тұрады.

КЕЗЕКТЕ – «ӘЛИЯЖАН»

Әділхан Ержанов кинофильмдерді қолдау мақсатындағы тағы бір Канн бағдарламасына - «Фестиваль шеберханасына» қатысады. Бұл бағдарламада режиссер голландиялық продюсермен бірге түсіруді жоспарлап отырған «Әлияжан» фильмінің сценарийін таныстырады.

Интернетте Әділхан Ержановтың осы фильм туралы айтқан видеосы бар. Ол 2013 жылдың қыркүйегінде түсірілген. Болашақ фильм қазақстандық ресми идеологияға үйлеспейтін әлеуметтік драма болатын тәрізді. Қысқаша айтқанда, ол - қаңғыбас балалар, токсикомандар туралы фильм.

Болашақ кинокартина кейіпкерлері - қоғамнан шет қалып қойған жандар, ол минимализм стилінде түсіріледі. Фильмде қазақстандық режиссер Эмир Байғазиннің «Үйлесімділік сабақтары» деген жүлделі кинолентасын еске түсіретін тұстар бар.

«Қожайындар» фильмі - Әділхан Ержановтың үшінші туындысы. Алдыңғы екеуі - «Риэлтор» (2011) және «Құрылысшылар» (2013).

«Риэлтор» фильмі СINDI (Оңтүстік Корея) халықаралық кинофестивалінде White Chameleon жүлдесін, «Киноликбез» (Ресей) халықаралық кинофестивалінде ең үздік толық метражды фильм номинациясы бойынша гран-при, «Шәкен жұлдыздары» (Қазақстан) халықаралық кинофестивалінде «Жастар киносы» номинациясы бойынша гран-при және «Киношок» (Ресей) «Дебоширфильм-Чистые грезы- XIV» (Ресей) кинофестивальдерінің арнайы жүлдесін жеңіп алған.
XS
SM
MD
LG