Accessibility links

Астана үшінші қаржы амнистиясын жарияламақшы


Астанадағы "Қазақ елі" монументі алаңын тазалап жүрген жұмысшы. (Көрнекі сурет)

Астанадағы "Қазақ елі" монументі алаңын тазалап жүрген жұмысшы. (Көрнекі сурет)

Үкімет пен ұлттық банк маусымға дейін капиталға рақымшылық жасау туралы заң жобасын әзірлемек. Үшінші рет қаржы амнистиясын жасалатын Қазақстанда алдыңғылары сәтсіз болған еді.

Капиталға рақымшылық жасау мақсаты – заңды айналымға түспеген, әрі декларацияланбаған ақшаны ел экономикасына қайтару. Қазақстан тәуелсіздігінің 23 жылдық тарихында оны үшінші рет өткізбек. Билік бұрынғы екі науқан тұсындағы қателіктерді ескеруге уәде етті.

Алғашқы екі амнистия да ел экономикасына күткендегідей серпін бермеді. 2001 жылы жүргізілген бірінші амнистия шарты бойынша, қазақстандықтар ақшасын екінші деңгейлі банктердегі арнайы шотқа аударып, заңдастыру кезеңінде оны жұмсамауға міндеттелді. Билік экономикаға үш миллиардтан аса доллар тартуды жоспарлады. Ал әділет министрлігінің деректері бойынша заңдастырылған нақты сома 480 миллион доллардан аспаған.

2006 жылғы шілденің 3-інен 2007 жылғы сәуірдің 1-іне дейін созылған екінші амнистия кезінде халықтың мүлкі де заңдастырылды. Бұл жолы жалпы құны 5 миллиард 300 миллион доллардың мүлкі мен 3 миллиард доллар ақша заңдастырылды. Биліктің айтуынша, заңдастырылған ақшаның 99,3 пайызы жеке тұлғалардың меншігі болған.
Он мың теңгелік ақшалар. (Көрнекі сурет)

Он мың теңгелік ақшалар. (Көрнекі сурет)

Ал коррупциялық жолмен, адамның жеке басы пен адамзатқа қарсы, мемлекеттің конституциялық құрылысы негіздері мен қауіпсіздігіне қарсы қылмыс жасау арқылы келген кірісті заңдастыруға екі амнистия кезінде де тыйым салынды.

Алғашқы амнистия кезінде Қазақстан экономикасындағы жасырын ақша айналымы жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 25-35 пайызын құраған, яғни әр үшінші теңгеге салық салынбаған деп бағаланған еді. Нақты есеп бойынша, 2001 жылы ЖІӨ-нің 10,8 пайызы мөлшеріндегі ақша заңдастырылған.

Екінші амнистиядан да елеулі нәтиже шықпады: заңдастырылған капитал көлемі 2007 жылдың ЖІӨ-нің небәрі 7,8 пайызын құрады. Оның үстіне, елде 2010 жылға дейін созылған қаржы дағдарысы басталып кетті.

ҮШІНШІ ӘРЕКЕТ

Премьер-министрдің орынбасары әрі қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың хабарлауынша, бұл жолы азаматтардың мүлкі мен ақшасы заңдастырылады. Заңдастырылған кіріске салық салынбайды, ал капиталын заңдастырған тұлғалар қылмыстық, әкімшілік және тәртіптік жауапкершіліктен босатылады. Кейбір қылмыстар бойынша акцияны қолдануға шектеу қойылмақ, бірақ қандай қылмыстар екені әзірше хабарланбады.

Заңдастырылған қаражат екінші деңгейлі банктердегі арнайы есеп-шоттарға аудару арқылы айналымға енгізілуі тиіс. Азаматтарға заңдастыру құралын таңдауда балама ұсынылады. Біріншіден, азаматтар заңдастырған ақшасын үш жылға ЕДБ-гі есеп-шотқа салып, нарықтағы пайыздық мөлшерлеме бойынша сыйақы алып отыруына болады.

Екіншіден, ақшаны құнды қағаздар мен облигация сатып алу арқылы экономикаға құюға болады. Үшіншіден, азаматтар жекешелендірудің екінші кезеңі аясында түрлі нысандар сатып алуына болады.

Егер азамат инвестиция салудың жоғарыда аталған тетіктерін пайдаланғысы келмесе, заңдастырған ақшаның 10 пайызы көлемінде бюджетке салық төлеп, қалғанын өз қалауынша жұмсауына болады.

Амнистия 2014 жылғы шілденің 1-інде басталып, 2014 жылдың соңында аяқталады деп жоспарланған.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕ

Дамушы мемлекеттер ғана емес, экономикасы дамыған елдер де капиталға амнистия жарияланып тұрады. Мысалы, қазір Еуропа Одағында жасырын экономиканың өскені байқалады. ЕО-ның батыс және орталық бөлігінде көлеңкелі экономика деңгейі ЖІӨ-нің 10 пайызын, ал шығыс елдерде 30 пайызға дейін құрайды деп бағаланады.

Капиталға амнистия жариялау тәжірибесі бар Еуроодақ елдерінде заңдастыру Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

шарттары әр түрлі болды. Мысалы, Бельгияда капиталды заңдастыру 2004 жылы жүргізілді. Егер капитал бельгиялық компаниялардың акциясына құйылса, заңдастырылған ақшаға алты пайыз, ал шетелге шығарылса, тоғыз пайыз салық салынды. Осы жылы Германия халқы да капиталын заңдастыру мүмкіндігін алды. Бұл елдегі заңдастыру шарты бойынша, бірінші жылы қайтарылған капиталға 25 пайыз, ал соңғы үш ай көлемінде қайтқан ақшаға 35 пайыз салық салынды.

Бельгия қазынаға 500 миллион доллар қайтады деп жоспарлағанымен, бұл соманың алты пайызын ғана жинады. Ал экономикасына 100 миллиард еуро қайтарудан үміттенген Германияда болжанған соманың бесінші бөлігі ғана қайтты.

Әр жылдары Аргентина, Үндістан, Ирландия, Италия, АҚШ, Пәкістан, Филиппин, Франция, ОАР елдерінде капиталға рақымшылық жасалды. Бірақ Ирландия мен Үндістанда ғана жоспарлаған мақсат орындалды.

Мақаланы әзірлеуге Мақпал Мұқанқызы қатысты.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG