Accessibility links

Көлік оқиғасы шығынын бағалау тәсілі қайта өзгерді


Астана-Алматы жолы бойында болған көлік оқиғасының бірінде қираған шағын автобус. (Көрнекі сурет)

Астана-Алматы жолы бойында болған көлік оқиғасының бірінде қираған шағын автобус. (Көрнекі сурет)

Қаңтардың 1-інен бастап жол апатынан көлікке келген зиянды сақтандыру компаниялары бағалайтын болады. Тәуелсіз бағалау компаниялары сақтандырушылар мен көлік жүргізушілер ара қатынасын реттейтін заңға енгізілген бұл өзгерістермен келіспейді. Олар «сақтандыру компаниялары мүлікке келген зиянды кемітіп бағалайтын болады әрі осы саладағы нарықта монополия орнатады» деп санайды.

Жуырда тағайындалған сақтандыру омбудсмені Андрей Копов заңға енгізілген өзгерістер мен оны қолдану ерекшеліктері жайлы Азаттыққа комментарий берді.

Азаттық: - Сақтандыру компаниялары мен көлігін сақтандырушылар арасындағы көлік оқиғасы кезінде бүлінген мүлікке келген зиян мен оны жөндеуге кететін шығынды бағалауды реттейтін заңдарға түзетулер қандай қажеттіліктен енгізілді деп ойлайсыз?

Сақтандыру омбудсмені Андрей Копов.

Сақтандыру омбудсмені Андрей Копов.

Андрей Копов: - Бұл өзгерістерді қабылдауға алаяқтық фактілері, көлік құралына келген зиянды бағалау әдістемесі жетілдірілмеуі және ұзаққа созылатын даулар түрткі болды. Жұрт сақтандыру төлемдерін бірнеше ай күтеді. Қазіргі заңдарға өзгеріс енгізуге осы жайттар түрткі болған шығар.

Азаттық: - Қандай даулар мен алаяқтық әрекеттері жайлы айтып отырсыз?

Андрей Копов: - Көлікке келген зиянды бағалауды тәуелсіз бағалаушылар жүргізуі тиіс деген шешім, қателеспесем, 2007 жылы қабылданған. Кейін талай дау туып, бағалаушылар тарапынан алаяқтыққа ұқсайтын әлдебір факті, яғни көлікке келген зиянды асыра бағалаған оқиғалар анықталған болатын. Екі бағалаушының көрсеткен сомасындағы айырма бірнеше есеге жеткен жағдайлар кездескен. Мысалы, көлік оқиғасына (жолда көлік апатына - ред.) ұшыраған адам жағынан келген бағалаушы мен сақтандыру компаниясы жүгінген бағалаушы ұсынған екі есепті салыстырып көрелік. Олардың бірі зиянды 100 мың теңге деп көрсетсе, екіншісі 200 мың теңге деп бағалайды. Соның кесірінен сақтандыру компаниясы мен мүлкін сақтандырған адамның арасында бітпейтін дау басталады.

Даулардың көбі сақтандыру омбудсмені, кейбірі сот арқылы шешілген. 2008 жылы енгізілген сақтандыру омбудсмені институты өз міндетін орындады. Сақтандыру омбудсмені тараптар дауын реттеді.

Азаттық: - Енді бұл заң жаңа жылдан бастап қалай жұмыс істейді?

Андрей Копов: - Бірінші кезеңде сақтандыру компаниясы зиянды бағалайды. Енді сақтанушы бағалаушыны өз қалауымен таңдай алмайды. Көлікке келген зиянды сақтандыру компаниясында жұмыс істейтін әрі тиісті білімі бар мамандар да бағалай алады. Бұдан бөлек, заңда компания зақым келген мүлікті бағалап, зиян мөлшерін анықтайтын тәуелсіз бағалаушыға да жүгіне алады деп көрсетілген. Бұл міндет енді сақтандыру компаниясы құзырына өтеді.

Бұрын сақтандыру компаниясы мен зардап шеккен адам зиянды екі бөлек бағалайтын. Қазір зиянды әуелі сақтандыру компаниясы бағалайды. Егер оның белгілеген сомасымен келіспеген жағдайда, сотқа немесе сақтандыру омбудсмені көмегіне жүгінуге болады.

Ал екінші кезеңде егер мүлкін сақтандырған адам сақтандыру компаниясы белгілеген бағалау сомасымен келіспесе, оның шешіміне қатысты шағымдана алады. Бұрын сақтандыру компаниясы мен зардап шеккен адам зиянды екі бөлек бағалайтын. Қазір зиянды әуелі сақтандыру компаниясы бағалайды. Егер оның белгілеген сомасымен келіспеген жағдайда, сотқа немесе сақтандыру омбудсмені көмегіне жүгінуге болады.

Азаттық: - Сақтандыру компаниясы, бағалаушы және көлік жүргізуші үшеуінің ара қатынасын қандай заңдар реттейді?

Андрей Копов: - Үшеуінің ара қатынасы Қазақстанның азаматтық кодексі, «Сақтандыру қызметі туралы» және «Көлік құралы иелерінің құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы» заңдармен реттеледі.

Азаттық: - Өзгерістер соңғы заңға енгізілді ме?

Андрей Копов: - Иә.

Азаттық: - Қазіргі кезде сақтандыру компаниялар штатында бағалаушы мамандар бар ма?

Андрей Копов: - «Сақтандыру қызметі туралы» заңда «аджастер» деген ұғым бар. Олар - сақтандыру компаниясының зиян мөлшерін бағалай білетін адамдары. Қазір компаниялардың штатында аджастер немесе арнайы білімі бар мамандар бар ма, жоқ па – ол жағын білмеймін. Бірақ соңғы өзгерістерден кейін сақтандыру компаниялары өз штатына осындай қызметті енгізіп, қызметкерлерін бағалау әдістеріне үйрететін шығар деп ойлаймын.

Азаттық: - Бұл өзгерістер қарапайым жүргізушіге тиімді ме?

Андрей Копов: - Олар енді көлік оқиғасына ұшырап қалса, бағалаушы іздеп жүгірмейді, бірден сақтандыру компаниясына жүгінеді. 2016 жылы қаңтардың 1-інен бастап сақтандыру компаниясы белгіленген мерзімде, оны 10 күн деп бекітті деп ойлаймын, келтірілген зиян мөлшерін бағалауы тиіс.

Азаттық: - Сақтандыру компаниялары зиян мөлшерін қалай бағалайды?

Андрей Копов: - Осы айдың ішінде бірыңғай әдістеме қабылданып, оны өкілетті орган - ұлттық банк бекітеді. Қазір оны сақтандыру компанияларының қатысуымен талқылап жатыр. Әдістеме Қазақстандағы немесе өзге елдердегі озық үлгілер негізінде дайындалады. Заң дұрыс жұмыс істеу үшін әлгі әдістемені міндетті түрде қабылдау қажет.

Азаттық: - Яғни енді тәуелсіз бағалаушылар нарықтан кете ме?

...кейде жасалғанына бес жыл толмаған Батыс елдері көліктерін жөндеу шығынын УАЗ немесе ГАЗ сияқты советтік көліктерге арнап 1970 жылдары құрастырылған әдістемелер бойынша есептеп жатады. Бұл дұрыс емес.

Андрей Копов: - Жоқ, кетпейді. Меніңше олай болмайды. Бірақ қазіргі заманға сай әдістемелерді, техникалық жетістіктерді пайдаланып дұрыстап жұмыс істеуге тура келеді. Мысалы, кейде жасалғанына бес жыл толмаған Батыс елдері көліктерін жөндеу шығынын УАЗ немесе ГАЗ сияқты советтік көліктерге арнап 1970 жылдары құрастырылған әдістемелер бойынша есептеп жатады. Бұл дұрыс емес. Жалпы, зауыт әр көлікке жол-көлік апаты салдарынан зақымданған қосалқы бөлшектерін жөндеу немесе ауыстыру регламенттерін құрастырады. Сол регламенттерді пайдалану керек. Қазір жұрттың бәріне ортақ әдістеме жоқ, сондықтан біреулер ескісін, енді біреулер жаңасын пайдаланады да, мұның соңы дауға ұласады.

Азаттық: - Ал өзге елдердегі жағдай қалай? Заңға енгізілген әлгі өзгерістер қай елдің тәжірибесінен алынған?

Андрей Копов: - Мен өзге елдерде қалай жұмыс істейтінін білемін. Олар қазіргі заманға сай жұмыс істейді, бірақ ол жақта баға да бөлек. Мысалы, Германияда сақтандыру полисі шамамен 1500-3000 еуро тұрады. Ал біздегі жүйе қарапайымдау, арзандау. Бірақ ол жақта көлік оқиғасы болса, сақтандыру компаниясы көлікті алып кетіп, жөндеп береді.

Азаттық: - Яғни ол жақта бағалаушы мамандар жоқ қой?

Андрей Копов: - Ол жақта баға дауы жоқ. Ол жақта әдетте сақтандыру компаниясы көліктің бүкіл сервисін өз мойнына алады. Зақымданған көлікті жөндеп біткенше мүлкін сақтандырған клиентіне өзге көлік бере тұратын компаниялар да бар. Ол жақта көлікке қойылатын талап та өзгеше. Мысалы, бізде [толық қираған] көлікті де жөндейді ғой, оларда бұған тыйым салынған, бірден утилизацияға (материалдарын өндіріске қайта пайдалану – ред.) кетеді.

Азаттық: - Тәуелсіз бағалаушылардың «нарық саласына монополия орнатып жатыр, сақтандыру компаниялары бағаны кемітіп жіберуі мүмкін» деген қаупіне қатысты не айта аласыз?

Мысалы, бір бағалаушы бес мың теңге деп қойса, екіншісі 30 мың теңге деп бағалайды. Енді өзіңіз ойлаңыз. 30 мың теңге - девальвацияға дейінгі баға болатын. Оның үстіне баға кейде келген зиянға сәйкеспей жатады.

Андрей Копов: - Сақтандыру ақшасын бағалаушы емес, сақтандыру компаниясы төлейді емес пе? 2007 жылға дейін сақтандыру компаниялары зиянды өздері бағалап келді. Кейбір сақтандыру компаниялары тіпті көлік жөндейтін бекеттермен келісім-шартқа отырып, апатқа ұшыраған көлікті жөндетіп, иесіне қайтарып беретін. Ал 2007 жылдан бері бұл тәртіп өзгеріп, тәуелсіз бағалаушы деген ұғым енгізілді. Кейде бағалау сомасында жер мен көктей айырма шығып жатады. Мысалы, бір бағалаушы бес мың теңге деп қойса, екіншісі 30 мың теңге деп бағалайды. Енді өзіңіз ойлаңыз. 30 мың теңге - девальвацияға дейінгі баға болатын. Оның үстіне баға кейде келген зиянға сәйкеспей жатады.

Азаттық: - Заңға өзгеріс енгізіп әуре болмай тәуелсіз бағалаушылардың бәріне ортақбір әдістеме құрастыра салу оңай емес пе?

Андрей Копов: - Кезінде ондай да талпыныстар болған. Бағалаушылар бірыңғай әдістеме құрастыруға тырысқан. Бірақ қолдарынан келмеді, сондықтан дау да көп. Енді мұндай әдістеме міндетті түрде болады. Сақтандыру компаниялары «көлікке келген залалды өзіміз бағалаймыз, тиісті штат ұстаймыз, қосымша шығындарға ақша бөлеміз» деп жатыр... Бірақ олар мұның бәрін бірыңғай баға бойынша жасайтын болады.

Азаттық: - Сұхбатыңызға рахмет.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG