Accessibility links

Шығармашылық еркіндігі президентке келгенде кібіртіктейді


Бисен Сырахан салған шарж суреттердің бірі.

Бисен Сырахан салған шарж суреттердің бірі.

Өнер иелері президент Назарбаев туралы әзіл туындыларын көпке көрсетуден тартынады. Сарапшылар өзін-өзі бұлайша цензуралаудың себебін «Елбасы туралы» заңнан көреді.

Осы аптада қазақстандық сайттардың бірінде ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ұқсас адам бейнеленген, ешқандай саяси астары жоқ шарж суреттер жарияланды. Онда бейне әртүрлі стильде (бірде танымал Angry birds ойыны кейіпкерлері ретінде, енді бірде Minion ретінде) сомдалған.

«ПАПАМЫЗБЕН ӘЗІЛДЕСУГЕ БОЛМАЙДЫ»

Бұл суреттерді интернет қолданушылар әртүрлі қабылдады. Кейбірі суреттер жарияланған парақтың қанша уақыт жабылып қалмай тұратынын бақылауға шақырады. «Мұның бәрі ұзақ тұрмас деп ойлаймын... Біздікілер әзіл-қалжыңды түсінбейді. Ал Папамызбен әзілдесуге болмайды!=()))» деп жазады Madina Intykbayeva есімді қолданушы.

Ал Tilek Zeinullin есімді оқырман президент Назарбаевтың кей суреттерде «жыртқышқа ұқсап қалғанына» наразы. «Мемлекет басшысын бұлай келеке етуге болмайды. Біздің менталитет басқаша. Бұл біз үшін тым дөрекі» дейді ол.

Назарбаев пен Лукашенко. Сәбиттің карикатурасы.

Назарбаев пен Лукашенко. Сәбиттің карикатурасы.

Азаттық тілшісі жұртшылықтың талқысына түскен суреттердің авторына – алматылық архитектор Бисен Сыраханға хабарласқан еді. Бірақ ол президент Назарбаев туралы туындылары жариялана сала іле-шала «сақтық танытып, суреттерін сайттардан өшіріп жатқанын» айтты.

– Достарымның бәрі «керек емес» деп жатыр. Бұл президентті қорлау болып кетуі мүмкін. Мен өзім мүлде саясатқа жақын емеспін. Жай салғанмын қызық үшін. Ең бірінші Назарбаев бейнеленген смайликті ойлап тапқанмын. Содан кейін бірінен соң бірі жалғаса берді, – дейді суретші Азаттық тілшісіне.

Ол салған суреттерін жариялаған сайтқа берген сұхбатында президент Назарбаевты «кумир тұтатыны», «елді басқарғанын ұнататынын», «оны әлемдік аренадағы жарқын саяси тұлға деп білетінін» айтқан еді.

«ДЕМОКРАТИЯНЫҢ ДЕҢГЕЙІ»

Суретші-карикатурист Ғалым Смағұлұлы әріптесінің президент Назарбаев туралы осындай зілсіз суреттердің өзін жариялағанына қорқатын халге түскеніне таңырқамайды. Оның пікірінше, 2010 жылы тұңғыш президент туралы заң (толық атауы – «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Қазақстан Республикасы Тұңғыш президентінің – Елбасының қызметін қамтамасыз ету саласында заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң) қабылданғаннан кейін шығармашылық иелерінің өз-өзін шектеу құбылысы бұрынғыдан да үдей түскен.

Қазақстандық карикатурист Еркін Нұразхан көрмесін өткізіп тұр. Алматы, 9 қаңтар 2013 жыл

Қазақстандық карикатурист Еркін Нұразхан көрмесін өткізіп тұр. Алматы, 9 қаңтар 2013 жыл

– Тұңғыш президент туралы заңға сәйкес, президенттің бет-әлпетін бұза алмайсың ғой. Дәл осы кезде өткен ғасырдың соңында демократия, жариялылық туралы айта бастаған СССР басшыларының біріне шетел журналисі айтты дейтін бір ескерту есіме түсіп отыр. Журналист оған «сіздерде демократия жоқ, өйткені сіз туралы бірде бір карикатура жоқ» деген еді. Сол айтпақшы осыған қарап-ақ бізде де демократияның қандай деңгейде екенін білуге болады, – дейді Ғалым Смағұлұлы.

«ЖЕКЕ БАСҚА ТАБЫНУ»

Ал құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина өзін-өзі цензуралау құбылысы елдегі барлық шығармашылық салаларда кездесетінін айтып, «барлығын сынап, тек бір адамға келгенде сынауын тоқтататын» интернет сайттарды мысалға келтірді. Төреғожина да мұндай шектеуді президент Назарбаевқа «Елбасы» деген атақ беріп, арнайы статусын бекіткен 2010 жылғы заңнан көреді.

– Өкінішке қарай, қазір «Тұңғыш президент туралы» заң адамдарды өздерін-өздері шектеуге мәжбүрлеп отыр. Себебі сотта мұның пікір еркіндігі мен шығармашылық екенін дәлелдеу мүмкін емес. Сол соттардың өзін президент тағайындайды, іс жүзінде президент – олардың жұмыс берушісі, – дейді Бақытжан Төреғожина.

Қазақстан мен "Нұр Отан". Сәбиттің карикатурасы.

Қазақстан мен "Нұр Отан". Сәбиттің карикатурасы.

«Өркениетті елдердің ешқайсысында саяси тұлғалар Қазақстандағыдай қол сұғылмайтын тұлға емес» деген құқық қорғаушы бұл елде авторитаризм мен жеке басқа табынушылық заң ретінде бекігенін айтады.

– Менің апам айтып отыратын, Сталин заманында оның суреті бар газетті үстелге жайып, тамақ іше алмайды екен. Олай етсе, жазаланатын болған, – деп мысқылдайды Бақытжан Төреғожина.

Мәжіліс депутаты, Қазақстан коммунистік халық партиясының жетекшісі Владислав Косарев президент туралы сықақ суреттердің заңға қайшылығын анықтағанда ең бірінші оның өз пікірімен санасқан жөн деп санайды.

«Мәселе қандай сипаттағы шарж. Адамға жігер беріп тұратын мейірімді, зілсіз шарждар болады. Егер мұндай болса, меніңше, онда тұрған ештеңе жоқ. Ал егер ол лас, әрі қарабайыр болса, онда президентті пайдаланып өзін танымал еткісі келген адамды сол үшін қолмен емес, жағынан да тартып жіберуге болады деп ойлаймын. Бұл жерде ең бастысы менің де емес, қоғамның да емес, президенттің өзінің пікірі маңызды» дейді ол.

2010 жылы маусымның 15-і күні күшіне енген «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Қазақстан Республикасы Тұңғыш президентінің – Елбасының қызметін қамтамасыз ету саласында заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы бойынша, Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнесін бүлдіру іс-әрекеттерін жасағандарға айыппұл немесе бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру, ал бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып жасалған нақ сол әрекеттер үшін үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Ол заң бойынша, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Елбасы» деген арнайы атақ иеленіп, президент өкілетін атқарған кездегі әрекеттері үшін жауапкершілікке, қамауға, тұтқындауға, тінтуге, сұрақ-жауап алуға немесе тексеруге тартылмайтынына кепілдік алған.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG