Accessibility links

Жаңа сайлаудағы дауыс жинаудың ескі амалы


Бір топ адам автобустан түсіп сайлау учаскесіне қарай бара жатыр. Астана, 3 сәуір 2011 жыл

Бір топ адам автобустан түсіп сайлау учаскесіне қарай бара жатыр. Астана, 3 сәуір 2011 жыл

Астанада адамдарға толы бірнеше автобус бірінен кейін бірінен барып бірқатар сайлау учаскелеріне аралап шықты. Сайлау кезіндегі технологиялардан хабардар жұрт мұны «карусель» әдісі деп атайды.


«Карусельге» жауапты адамдар бір топ «дауыс берушіні» автобустарға мінгізіп алып, сайлау учаскелерін аралап жүреді. Адамдар алыстау жерден түсіп қалып, бір-екіден жаяулап келіп дауыс беріп шығады. Автобустағы барлық адам дауыс беріп болған соң оларды келесі бір сайлау учаскесіне апарып тағы да дауыс бергізеді.

Осылайша адам толы автобустар сәуірдің 3-і күнгі президенттік сайлау кезінде де Астанадағы бірнеше сайлау учаскелеріне барып шықты. Азаттық радиосының Астанадағы тілшісі адамдар мінген автобустардың ізімен жүріп отырып, олардың бірнеше сайлау учаскесіне кіріп-шыққанын көрді.

Бір автобустың алдыңғы әйнегіне жапсырылған жазуға қарап қала тазалау мекемесінің көлігі екенін байқауға болады. «Жас алаш» газетінің Астанадағы тілшісі Руслан Ербота да адамдарға толы төрт автобустың бірнеше сайлау учаскелеріне барғанын көріпті.

Бір танысым мен аңдыған автобустардың бірінде болыпты. Мені байқап қалғанын айтып кейін телефон соқты. Ол құрылыста істейтін. Сол танысым алты учаскеге барып дауыс бергендерін айтты.
- Менің бір танысым мен аңдыған автобустардың бірінде болыпты. Мені байқап қалғанын айтып кейін телефон соқты. Ол құрылыста істейтін. Сол танысым алты учаскеге барып дауыс бергендерін айтты, - дейді Руслан Ербота.

Автобустағы адамдар өте сақ. Көлікті сайлау учаскесінен алыстау бір қалтарыс жерге қаңтарып қойып, бірден-екіден барып сайлауға қатысып келеді де, автобустан шықпай келесі адамдар барып келгенше сағаттап күтіп отырады.

Z 445 CV нөмірлі «сайлаушылар» мінген автобус №65 сайлау учаскесінде екі сағат бойы тұрды. Осы аралықта оның ішіндегі адамдар дауыс беріп шықты. Одан кейін көлік келесі сайлау учаскесіне кетті. Z 513 CM нөмерлі автобус та №197, №65 және №183 сайлау учаскелеріне барып көлік ішіндегі адамдар дауыс беріп шыққанша күтіп тұрды.

Автобуспен келіп дауыс беріп жүрген адамдардың телефонмен әлдекімдермен сөйлескендерін құлағымыз шалып қалды. Азаттықтың тілшісі «Маған кірмей тұра тұр деп жатыр!», «Келесілерің келе беріңдер!» деп сөйлесіп жатқандарын естіген.
«Маған кірмей тұра тұр деп жатыр!», «Келесілерің келе беріңдер!»
Осылайша адамдарға толы автобустар бес-алты сайлау учаскесіне барып шықты. Ондағы адамдардың нақты кімге дауыс бергенінен хабарсызбыз.

Астана қаласы «карусель» әдісін қолданғанымен республика бойынша сайлаушылардың дауыс беруге қатысу жағынан ең соңғы орындардың бірінде тұр. Орталық сайлау комиссиясы төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың 22 сағат 30 минутта өткізген брифинг барысында берген дерегіне сүйенсек, астаналықтардың 69,1 пайызы ғана сайлауға қатысқан.

Ең жоғарғы көрсеткіш – Алматы облысына (сайлаушылардың 96,9 пайызы қатысқан), ең төменгі көрсеткіш – Алматы қаласына (68,5 %) тиесілі.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG