Accessibility links

Көлік сатушылар «Еуро-4» шартымен келіспейді


Шетелден келіп жатқан ескі автокөліктер. (Көрнекі сурет)

Шетелден келіп жатқан ескі автокөліктер. (Көрнекі сурет)

Шілде айынан бастап Қазақстанда экологиялық «Еуро-4» стандарты туралы үкімет қаулысы күшіне енді. Көлік сатушылар бұл стандарт бойынша әр елде жасалған көлікті әртүрлі бағалау шартымен келіспейді.

Қазақстан Еуропа Одағында – 2005-2009 жылдары, АҚШ пен Кореяда – 2006 жылдан бері, Жапония мен Ресейде – 2010 жылдан бері, Қытайда – 2012 жылдан кейін жасалған көліктерді «Еуро-4» стандартына лайық деп таниды. Биылғы шілде айынан бастап елге бұдан төмен экологиялық стандарттарға сай көліктерді әкеліп тіркетуге тыйым салатын шектеу күшіне енді. Кейбір көлік сатушылар бұл міндеттеуге наразы.

«TOYOTA МЕН LADA-НЫҢ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ ЖЕР МЕН КӨКТЕЙ»

Алматы облысы Қарасай ауданындағы көлік базарында машинасын сатып тұрған, өзін Коля деп таныстырған атыраулық азамат «Еуро-4» стандартының шартына күмәнданады.

– Ресейде өндірілген көліктер мен Жапониядан шығарылған көліктерді қалай теңестіргенін түсінбеймін. Мысалы, Toyota мен Lada-ның айырмашылығы жер мен көктей ғой, – дейді Коля.

Алматы көшесіндегі автокөліктер. 12 қыркүйек 2010 жыл.

Алматы көшесіндегі автокөліктер. 12 қыркүйек 2010 жыл.

Ол өзі сатып тұрған Toyota Land Cruiser Prado көлігі енді «Еуро-4» стандарты бойынша ресейлік автомобильдермен теңесе алмай қалғанын айтады.

– Қазір біздің Атырауда Ресейде өндірілген Lada Granta, Lada Priora секілді машиналар қаптап кетті. Мен мына машинаны (Toyota Land Cruiser Prado) базарға шығарғаныма екі ай болды. Өтпейді, алушы жоқ. Себебі 2002 жылы шыққан бұл машинаның құны 30 мың доллар. Ал Ресейден өндірілген машиналар ары кетсе 12 мың доллар ғана. Яғни бұл стандарт Ресейдің автозауытын көтеру мақсатында енгізіліп отыр, – дейді ол.

«БҰЛ СТАНДАРТТЫҢ ПАЙДАСЫ ДА БАР»

Көлік базарында он жылдан бері машина сататын Бақыт есімді азаматтың ойынша, «Еуро-4» стандартының пайдалы жақтары да бар.

– Біріншіден, қала ішін көк түтінге бөктіріп жүрген ескі машиналардан құтыламыз. Екіншіден, шетелдік көліктер адамға өте ыңғайлы, жаңға жайлы, шын мәнінде демаласың. Ал ескі көлік алсаң жөндеумен есің кетеді ғой. Осы тұрғыдан келгенде қолдауға әбден болады, – дейді ол.

Бірақ саудагердің ойынша, «Еуро-4» стандартына сай көлікті Қазақстанда екінің бірі сатып ала алмайды. Жапонияда 2012 жылы жасалған, 8 мың шақырым жүрген Subaru автокөлігін саудалап тұрған ол «таңертеңнен бері тым болмаса машинаны көруге бір адам келмегенін» айтып налыды.

– Бұлары тірлік емес қой. Алдымен халықты, олардың әлеуметтік жағдайын ойлау керек қой. «Еуро-3», «Еуро-4»-ті ойлайтын кез емес, – дейді Бақыт.

Салонда тұрған ресей автокөліктері. Алматы, 28 желтоқсан 2012 жыл.

Салонда тұрған ресей автокөліктері. Алматы, 28 желтоқсан 2012 жыл.

Бақыт «Еуро-3» және «Еуро-4» стандартына сай келетін машиналар сататынын айтады. Оның сөзінше, үш жыл бұрынғымен салыстырғанда қазір саудасы баяулаған. Себебі Кеден Одағына кірген соң салық пен баға қатар өскен.

Қарағандыдағы жүргізушілердің құқығын қорғайтын «ОСА» ұйымының жетекшісі Руслан Лазута да «Еуро-4» стандартын енгізу «экологиялық тұрғыдан өте пайдалы» деп санайды. Бірақ ол бұл стандартты кіргізуге кедергі болуы мүмкін тағы бір фактор бар екенін айтады. Ол – сапасыз жанармай.

– Бізде «Еуро-4» түгілі «Еуро-3» стандартына сай келетін жанармай жоқ. Яғни «Еуро-4» стандартына сай машина әкелгеніңмен, біздегі жанармаймен ұзақ жүре алмайды, – дейді Руслан Лазута.

Қазақстан жанармайға байланысты «Еуро-3» стандартын 2014 жылдың 1 қаңтарынан, ал «Еуро-4» стандартын 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізеді.

«ЖАПОНИЯ МЕН РЕСЕЙ КӨЛІКТЕРІ ТЕҢЕСТІРІЛГЕН» ДЕУ – ОРЫНСЫЗ

Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметі Азаттыққа берген жазбаша жауабында «стандарттарға сәйкес сараптама жүргізу үкіметтің бірнеше қаулысымен қабылданған техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес болатынын» айтады.
​Қазақстанда 2013 жылы 1 шілдеден бастап сырттан әкелетін көлік құралдарына арналған «Еуро-4» экологиялық стандарты енгізілді. Елде жасалатын көліктер үшін бұл стандарт 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданылады.

Еуропа Одағында – 2005-2009 жылдары, АҚШ пен Кореяда – 2006 жылдан бері, Жапония мен Ресейде – 2010 жылдан бері, Қытайда – 2012 жылдан кейін жасалған көліктерді Қазақстан «Еуро-4» стандартына лайық деп таниды.

Еуропада көліктен шығатын зиянды заттардың құрамы мен мөлшерін реттейтін «Еуро-4» экологиялық стандарты 2005 жылы енгізілген, 2009 жылы оны «Еуро-5» стандарты алмастырған.

«Сараптама жүргізуді жеңілдету мақсатында әр елде «Еуро-4» стандартының енгізілу уақытына сәйкес кесте белгіленген. Бұл жерде «Жапониялық көліктер Ресей көліктерімен теңестірілген» деп біржақты айту – орынсыз. Кестеде көрсетілген жылдар – аталған елдердің «Еуро-4» стандартына сәйкес келетін көліктерді жаппай шығаруға көшкен уақыты» дейді көлік және коммуникация министрлігі.

Министрліктің жазуынша, «шығарылғанына үш жыл толмаған көлік құралында өндіруші зауыттың немесе оның өкілінің «Еуро-4» стандартына сәйкес келетінін растайтын анықтамасы болған жағдайда соның негізінде көлік құралына сәйкестік сертификат рәсімделеді».

«Өндіруші зауыттың немесе оның өкілінің анықтамасы жоқ, сондай-ақ шығарылғанына үш жылдан көп болған көлік құралдарын зертханада арнайы сараптамадан өткізу белгіленген» деп жазады көлік және коммуникация министрлігі.

Мақаланы дайындауға Мақпал Мұқанқызы қатысты.
  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG