Accessibility links

Газбен жүретін көлікке көшкен үнемшілер бар


Газбен жүретін жүк көлігіне отын құйып тұрған жүргізуші. Алматы, 28 наурыз 2014 жыл.
Газбен жүретін жүк көлігіне отын құйып тұрған жүргізуші. Алматы, 28 наурыз 2014 жыл.

Қазақстанда көлік қозғалтқышына газ қондырғысын орнату жайы сөз бола бастады. Көлік жүргізушілері газбен жүретін көліктің үнемді, бірақ қондырғының өзі қымбат екенін айтады.

Алматы қаласының тұрғыны, алты жылдан бері газ қуатымен қозғалатын көлік мініп жүрген Қанат жанармайға аз шығынданатынын айтады.

«Барахолка» мен «Алтынорда» базарының арасына таксист боламын. Өзіңіз білесіз, екі базарда аузы-мұрнынан шыққан кептеліс. Мұндайда қайта-қайта бензин құя беру мүмкін емес, тапқаның соған кетіп қалады. Ал газ тиімді. Себебі бір бак газды 2 мың теңгеге ғана толтырамын. Ондай ақшаға жарты бак бензин ғана келеді» дейді Қанат.

Көлік иесі бензиннің барлығы бірдей сапалы бола бермейтінін, ол көліктің бұзылуына себеп болатынын, ал газда ондай проблема жоқ екенін тағы бір уәж етіп алға тартты.

АРТЫҚШЫЛЫҒЫ МЕН КЕМШІЛІГІ

Көлікті газ қуатымен жүргізу экономикалық жағынан тиімді екенін Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны Василий де растайды.

«Көлігімнің қозғалтқыш көлемі 5800 текше сантиметр болғандықтан көп бензин қажет. Сондықтан таныстарымның кеңесімен өткен жылы газ қондырғысын орнаттым. Бензинмен салыстырғанда бір-екі литр артық жағады. Бірақ бағасы тұрғысынан келгенде 50 пайыз арзан» дейді ол.

Бірақ кейбір көлік иелері газбен жүретін көліктің кемшіліктері де барын айтады. Солардың бірі – зауыттан газбен жүруге ыңғайланып жасалып шыққан көлікті мінген Айдос есімді азамат.

«Кореяда жасалған Hyundai Sonata маркалы газбен жүретін көлігім болды. Бірақ басқа машиналарға қарағанда тартымы өте төмен еді. Сосын үнемі газдың иісі
Газбен жүруге қайта жабдықталған жүк көлігінің отын құятын бөлігі. Алматы, 28 наурыз 2014 жыл.
Газбен жүруге қайта жабдықталған жүк көлігінің отын құятын бөлігі. Алматы, 28 наурыз 2014 жыл.
шығып тұратын. Әрине газ бензинге қарағанда екі есе арзан. Бұл жағынан тиімді. Бірақ қыста газ қатып қалатындықтан көліктің от алуы өте қиын» дейді Айдос.

Газбен жүретін көліктердің суық күндері от алуын оңайлататын амал тапқандар дар бар.

20 жылдан бері жүк көлігін жүргізіп келе жатқанын айтқан Тоқтар есімді жүргізуші:

«Суық кезде әуелі бензинмен қыздырып аламыз да, сосын газды қосамыз. Бұрынғы көліктерде бензонасостың істен шығып қалуы, свечаның майланып кетуі секілді проблемалар жиі болатын. Ал газда ондай нәрсе болмайды. Қалтаға да тиімді» дейді.

Ол төрт жылдан бері газ қондырғысы орнатылған көлік мініп жүр.

Көлік сатушылардың айтуынша, үнемділігіне қарамастан Қазақстанда газ қондырғысы орнатылған көліктердің өтуі қиындау.

«Кореяда соңғы жылдары өндірілген көліктердің басым бөлігі газбен жүреді. Бірақ бізде ондай көлік көп өте бермейді. Өтсе де, өз класындағы көліктерден 2 мың долларға ғана арзан. Сондықтан көбіне ондай көліктерді газдың орнына бензинмен жүретіндей етіп қайта жасатқызамыз» дейді аты-жөнін атамауды өтінген көлік сатушылардың бірі.

ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МАҚСАТ

Қазақстанда газ қондырғылы көліктерді үнемділігі тұрғысынан болмаса да, экологиялық тазалығы жағынан қолай көріп насихаттаушылар көбейе бастады. Экологиялық мақсатта көліктерге газ қондырғысын орнату мәселесі парламентте де сөз болды. Наурыздың 18-і күні депутат Дариға Назарбаева «қатардағы жүргізушілерді айтпағанда мемлекеттік органдардың көліктері де газбен жүрсін» деді. Бірақ бұл үкіметке тек ұсыныс ретінде айтылғанымен, нақты бір шара ретінде қолға алынған жоқ.
Жағармай бекетіндегі көлікке газ отынын құятын орын. Алматы, 28 наурыз 2014 жыл.
Жағармай бекетіндегі көлікке газ отынын құятын орын. Алматы, 28 наурыз 2014 жыл.
Депутаттар 2013 жылдан бастап қоғамдық көліктерді газбен жүретін көліктерге ауыстыра бастаған Алматы қаласын үлгі ретінде атады.

«Алматы электротранс» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорыны директоры Көпжасар Дәкеновтің сөзінше, Алматыдағы қоғамдық көліктердің 400-і газбен жүреді.

«Мамырда Қытайда өндірілген «Итонг» автобустарының тағы 200-ін алайық деп отырмыз. Сонда барлығы 600 автобус болмақ. Ал жеке меншік автобустар әкімнің бұйрығымен біртіндеп газға өте бастауы тиіс» дейді Көпжасар Дәкенов.

Алматыдағы көлікке газ қондырғыларын орнататын мекемелердің дерегінше, мұндай аспаптың құны 70 мың теңгеден басталады. Сондай мекеменің бірінің маманы Амангелді Оңғаров құрылғының бағасы газ баллондарының көлемі мен сапасына байланысты әртүрлі болатыны айтады. Көліктің от алу жүйесі (карбюратор не инжектор) мен қозғалтқыштағы цилиндр саны да бағаға әсер етеді.

Көлікті газ отынына қайта жабдықтау
Көлік газбен қалай жүреді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:25 0:00
Жүктеп алу

Көлігіне газ жағатын құрылғы орнатар-орнатпасын білмей екіойлы болып жүргендердің бірі – Қазбек есімді таксист. Ол осындай құрылғы орнатудың артықшылық-кемшіліктерін тыңдай келе, маңызды нәрсе – бағасы болып тұрғанын айтады.

«Менің естуімше, ондай құрылғы 2500 доллар тұратын көрінеді. Отбасылық бюджетімнен ондай ақша шығара алмаймын, шамам да жетпейді. Көлік жүргізушілеріне тегін берсе, орнатуға болады» дейді таксист.

Ақпарат құралдарының жазуынша, Қазақстанда қазір 4 миллиондай көлік бензинмен жүрсе, 12 мыңдайы ғана газбен жүреді.

Алматыда көліктердің көбіне жарамды АИ-92 маркалы бензиннің 1 литрі – шамамен 115 теңге, ал сұйылтылған газдың 1 литрі – 69 теңге тұрады.
XS
SM
MD
LG