Accessibility links

Сарыағашта сотталған белсенді ашық хат жазды


Сарыағашта сотталған белсенді Амангелді Батырбеков. Сурет Facebook парақшасынан алынды.

Сарыағашта сотталған белсенді Амангелді Батырбеков. Сурет Facebook парақшасынан алынды.

«Әділ сөз» ұйымы «Қазақстандағы сөз еркіндігінің тұтқыны» деп атаған Амангелді Батырбеков қарашаның 3-і күні Шымкентте түрмеде отырған жерінен БАҚ-қа хат жолдап, президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жазықсыз сотталғанын жеткізуді өтінді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданындағы «Сарыағаш - Әділет» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, осы аудандағы Көктерек ауылы тұрғыны Амангелді Батырбеков ашық хатында бес баласы бар екенін айтып, өзін сегіз жылдан бері «Нұр Отан» партиясы мен Журналистер одағының «құқықтық тақырыпта 70-тен аса мақала жариялаған мүшесімін» деп таныстырған.

АЙЫП ПЕН ҮКІМ

Биыл қазанның 14-і күні Сарыағаш аудандық соты судьясы Берік Қайыпов Амангелді Батырбековке «қылмыстық кодекстің 130-бабының ("Жала жабу") 3-бөлігі бойынша бір жарым жылға бас бостандығынан айыру, жазаны түзеу колониясы жалпы режимінде өтеу» туралы үкім шығарған.​

Сарыағаш аудандық сотының ғимараты. Сурет Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш аудандық сотының ресми сайтынан алынды. (Көрнекі сурет)

Сарыағаш аудандық сотының ғимараты. Сурет Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш аудандық сотының ресми сайтынан алынды. (Көрнекі сурет)

Белсендіге мұндай айып тағылуына себеп болған - Сарығаш ауданы прокуроры орынбасары Нұрлан Сапаровтың сотқа түсірген талап-арызы. Нұрлан Сапаров «Батырбеков биыл (2015 жыл – ред.) сәуірдің 10-ы күні «Әділет» газетіне «Заңнан да, құдайдан да... немесе жазықсыздардың жанайқайы Бас Прокуратураға жете ме?» атты мақала жариялап жеке басыма жала жапты» деп арыз түсірген және 1 миллион теңге көлемінде моральдық шығын өндіруді талап еткен.

Нұрлан Сапаровтың бұл арызы ішінара қанағаттандырылып, оның пайдасына 50 мың теңге өндіру шешімі қабылданған. Амангелді Батырбековті 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырумен қатар оған мақаладағы мәліметтердің теріске шығаратын мақала жариялау міндеттелген.

«ЖАЛАЛЫ» МАҚАЛА МАЗМҰНЫ МЕН АВТОРДЫҢ ҚОЛХАТЫ

Амангелді Батырбеков жазған, «Әділет» газетінің сайтында тұрған даулы мақала негізінен екі жас жігіттің «жаламен сотталғанына» арналған. Журналистің жазуынша, «екі жігіттің ісі Қазақстан жоғарғы сотында қаралып, Сарыағаш аудандық соты үкімі бұзылған. Істі қайта қараған Оңтүстік Қазақстан облыстық соты екеуін қайта соттаған».

Амангелді Батырбеков «Олардың сотталуына айыптаушы прокурор Нұрлан Сапаров та түрткі болды» деп есептеген. Батырбеков «2012 жылы нарықтық құны 1 миллион АҚШ долларына жетеғабыл ғимаратқа қатысты прокурор Нұрлан Сапаров «қылмыс құрамы жоқ» деп архивке жолдап жіберген бір іс-құжат бойынша 2014 жылдың күзінде қылмыстық іс қозғалғанын» да жазған.

"Әділет" газетінің сайтындағы Амангелді Батырбековтің даулы мақаласының скриншоты. 10 сәуір 2015 жыл.

"Әділет" газетінің сайтындағы Амангелді Батырбековтің даулы мақаласының скриншоты. 10 сәуір 2015 жыл.

Амангелді Батырбековтің даулы мақаласы жарияланған «Әділет» газетінің сол күні жауапты редакторы болған Алмас Ақылбек "дәлелді құжаты болғандықтан, мақаланың түпнұсқасында екі азаматтың жазықсыз сотталғаны туралы мәселені қалдырғандарын" айтады.

- Нұрлан Сапаровқа тікелей қатысы бар айыптауды да жұмсартып, дәлелсіз жариялай алмайтынымызды авторға ескерттім. Амангелді Батырбеков сот процесінде «мақаланы редакциялаған «Әділет» газетінің редакциясы да жауап беруі тиіс» деп түпнұсқаны көрсетті. Түпнұсқадағы оңды-солды айыптаулармен сот пен прокурор сөйтіп таныс болды. Бірақ біз өңделген нұсқаның өзіне автор жауап беретіні жайлы қолхат алғанбыз. Оны сотта көрсеттік, - дейді Алмас Ақылбек.

Амангелді Батырбековтің Facebook әлеуметтік желісі арқылы қарашаның 4-і күні жариялаған ашық хатынан оның мақаладағы Нұрлан Сапаровқа қатысты мәліметтердің «растығын» «Ай-Ғасыр» қонақ үйіне қатысты шешімдерді Қазақстан жоғарғы сотының бұзғаны» арқылы дәлелдегісі келетіні байқалады.​

Қазанның 27-сі күні шыққан қаулыны Жоғарғы сот сайтындағы сот істері жөніндегі анықтамалықтан көруге болады. Онда «Ай-Ғасыр» қонақ үйіне қатысты бұрынғы шешімнің бұзылғаны, істің жаңадан қарауға Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш аудандық сотына қайта жіберілгені жазылған.

«СОТТАЛУЫНА БЕЛСЕНДІЛІГІ СЕБЕП БОЛУЫ МҮМКІН»

Азаттық тілшісі сөйлескен жергілікті журналистердің сөзінен олардың Аманкелді Батырбековті «жергілікті қоғам белсендісі әрі журналист» ретінде танитындары байқалды.

Республикалық «Жемқорлық - қорлық» газетінің редакция алқасы төрағасы Әсет Әссанди. Сурет оның Facebook парақшасынан алынды.

Республикалық «Жемқорлық - қорлық» газетінің редакция алқасы төрағасы Әсет Әссанди. Сурет оның Facebook парақшасынан алынды.

Шымкентте шығатын республикалық «Жемқорлық - қорлық» атты газеттің редакция алқасы төрағасы Әсет Әссанди Аманкелді Батырбековті «Сарыағаш ауданындағы өзекті тақырыптарды бірнеше жылдан бері жазып жүрген журналист», «аудандағы белсенділердің бірі» деп сипаттап, «сол себепті Сарыағаш ауданының лауазымды қызметкерлері оның түрмеге жабылуына мүдделі болуы да мүмкін» деп санайтынын айтады.

Амангелді Батырбековтің Сарыағаш ауданында "сайлау заңының өрескел бұзылғаны" туралы айтқанын, осы аудандағы білім сапасы жөнінде мұғалімдердің тамыз конференциясындағы сөзін, аудан әкімінің есеп беру жиынында шенеуніктердің "қаржыны мақсатсыз жұмсағаны" туралы сөздерін YouTube сайтынан көруге болады.

Ал даулы мақала жарияланған «Әділет» газетінің журналисі Алмас Ақылбектің сөзінше, Амангелді Батырбековтің қатаң жазаға тартылуына «кейде шектен шығыңқырап кететін тым белсенділігі себеп болуы мүмкін».

ХАБАРСЫЗ КЕТКЕН ПРОКУРАТУРА

Азаттық тілшісі Амангелді Батырбековтің ісі бойынша Сарыағаш аудандық соты мен прокуратурасына бірнеше күн бойы хабарласқанмен, қандай да бір жауап ала алмады.

Амангелді Батырбековке үкім шығарған судья Берік Қайыповты сұрағанымызда телефон тұтқасын көтерген сот қызметкерлері оны біресе «сот процесінде» десе, енді бірде «есігі жабық тұрғанын» айтты. Сарыағаш ауданы сотының қызметкері Дина Чинакулова жиі хабарласқан Азаттық тілшісінің телефон нөмірін жазып алғанымен, аудандық сот сол бойы жауап бермеді.

Сарыағаш ауданы прокурорының орынбасары Нұрлан Сапаровпен де бірнеше күн бойы сөйлесу мүмкін болмады. Прокуратура қызметкерлері алғашқыда Нұрлан Сапаров «жұмыста» десе, кейіннен «еңбек демалысына кетті» деген уәж айтты.

Сарыағаш ауданы прокуратурасының ғимараты. Сурет Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы прокуратурасының ресми сайтынан алынды.

Сарыағаш ауданы прокуратурасының ғимараты. Сурет Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы прокуратурасының ресми сайтынан алынды.

- Амангелді Батырбековтің үстінен Нұрлан Сапаров жеке шағым түсірген. Қылмыстық іс болғанымен, жеке тәртіп бойынша қаралғандықтан, прокуратура бұл іске қатысқан жоқ, - деді Сарыағаш ауданы прокурорының тағы бір орынбасары Қайрат Мұратов.

Ол «Амангелді Батырбековтің ісін Нұрлан Сапаровтың өзі ғана білетінін, бірақ оның ұялы телефонының нөмірін тілшіге беруге болмайтынын» хабарлады.

Амангелді Батырбековтің адвокаты Төрегелді Егембердиев қазан айының 2-сі күні «Сарыағаш аудандық сотының шешіміне қарсы апелляциялық шағым түсіргенін, оның бір ай ішінде қаралатынын» айтты.

Амангелді Батырбековтің ісіне назар аударған сөз бостандығын қорғайтын «Әділ сөз» халықаралық қоры қазанның оны күні «Қазақстанда тағы бір сөз бостандығының тұтқыны пайда болғанын» жариялады.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG