Accessibility links

Журналист Юлия Козлованың ісі


Nakanune.kz сайтының тілшісі Юлия Козлова. Алматы, 29 наурыз 2012 жыл.
Nakanune.kz сайтының тілшісі Юлия Козлова. Алматы, 29 наурыз 2012 жыл.

Алматыда оппозициялық журналист Юлия Козлованың соты басталады. Оны «есірткі сақтады» деп айыптайды. Сотталушы істің саяси астары бар деп санайды.

Бүгін Алматының Бостандық аудандық сотында судья Людмила Бектемірованың төрағалық етуімен Nakanune.kz сайты журналисі, 40 жастағы Юлия Козлованың ісін қарау басталады. Оған қылмыстық кодекстің 296-бабының 2-бөлігі бойынша (есірткі, психотроптық заттарды заңсыз әзірлеу, өңдеу, сатып алу, сақтау, сату мақсатынсыз тасымалдау) айып тағылған.

Козлованың ісі
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:21 0:00
Жүктеп алу

ЕСІРТКІГЕ ҚАТЫСТЫ ІС

Есірткі Юлия Козлованың пәтерін тінту кезінде «табылған». Былтыр желтоқсанда Алматы ішкі істер депатраментінің тергеу тобы көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату ісі аясында Nakanune.kz сайты редакциясының кеңсесін, басылым редакторы Гузяль Байдалинованың және журналист Юлия Козлованың пәтерлерін тінткен.

Козлованың пәтеріне тінту жүргізген кезде ол үйінде болмаған. Пәтерінде баласы Аркадий, әпкесі Елена мен оның баласы Иван болған. Ал Юлия Козлова үйіне келгенге дейін полицейлер есірткіні «тауып қойған». Бірақ Юлия Козлова «Пәтерімді көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату ісі аясында тінткендіктен, олар бірінші ақпарат сақталуы мүмкін қойын кітапша, компьютер, планшет, смартфон сияқты гаджеттерді ақтарулары тиіс қой. Ал полицейлер бірден жуынатын бөлме, әжетхана және асүйге «ентелеп», тінту жүргізген» дейді.

- Олар есірткі оралған түйіншекті ас үйден «тауып алған», - дейді Юлия Козлова Азаттыққа.

Ол позициясын дәлелдейтін уәж-дәйектерді толық хабарлаудан әзірше бас тартты, бірақ істің саяси астары бар деп санайды.

- Сот басталсын, дәйектерімді сол кезде айтамын. Оларды күні бұрын жариялағым келмейді, - деді журналист сот қарсаңында.

Адвокат Айман Омарова.
Адвокат Айман Омарова.

Тінту жүргізілген күні тергеуші тағайындаған мәжбүрлі сараптама Юлия Козлова мен оның әпкесінің ағзасында есірткі «бар екенін» көрсеткен. Ал оның адвокаты Айман Омарованың талабымен келесі күні жүргізілген тәуелсіз сараптама Юлия Козлованың ағзасында есірткі тектес заттар «жоқ екенін» көрсеткен.

Бірақ оның үстінен қылмыстық іс бәрібір қозғалып, аға тергеуші Руслан Әлкенов істі сотқа дейін жеткізді. Айыпталушының адвокаты Айман Омарованың Азаттыққа айтуынша, тергеу амалдары кезінде тергеуші Әлкенов клиентінің құқықтарын бұзған. Адвокат клиентінің нақты қандай құқықтары бұзылғанын сотта жариялайтынын айтты.

Қылмыс жасады деп емес, «теріс әрекеті» үшін айыпталатын болғандықтан, Юлия Козловаға бұлтартпау шарасы қолданылмаған. Бірақ Юлия Козловадан тергеу құпиясын жарияламауды міндеттейтін қолхат алған. Ал Козлова «бұл шара тергеу жүргізілген мерзімде ғана күшінде болады, ал істің сотқа өтуі тергеу амалдарының аяқталғанын білдіреді, демек тергеу құпиясын жарияламауға қатысты алған міндеттемемнің де күші бітті» деп түсіндіреді.

Оның әпкесі 36 жастағы Елена Козлова бұл іске куәгер ретінде шақырылған. Юлия Козлованың Азаттыққа айтуынша, 2008 жылы оның әпкесі мен жездесі есірткіге қатысты сотталған. 2010 жылы екеуі түрмеден шыққаннан кейін көп ұзамай жездесі қайтыс болған, ал Елена қиналса да оңалу кезеңінен өткен. Сондықтан ол баласы Иванды Юлияның қолында қалдырып, өзі Қостанай облысында тұрған. Юлия Козлованың айтуынша, қазір әпкесі есірткіге жоламайды, жеке кәсіпкерлікпен айналысып, гамбургер әзірлеп, сатады. Бірақ соңғы кезде бизнесі «жүрмей», Алматыға келіп, Юлия Козлованың үйінде тұрып жатқан.

ӨКІНБЕГЕНДЕР МЕН ӨКІНГЕНДЕР

Оппозициялық Nakanune.kz интернет-басылымның тағы бір қызметкерінің ісі тергеліп жатыр. Қазір Алматыдағы тергеу абақтысында отырған сайт редакторы Гузяль Байдалинова «Қазкоммерцбанк» арызы бойынша қозғалған көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату бабы бойынша айыпталды. Юлия Козлова бұл іс бойынша қорғану құқығы бар куәгер ретінде тартылған.

Тұтқындау туралы сот шешімінен кейін Nakanune.kz сайтының редакторы Гузяль Байдалинованы полицейлер әкетіп барады. Алматы, 26 желтоқсан 2015 жыл.
Тұтқындау туралы сот шешімінен кейін Nakanune.kz сайтының редакторы Гузяль Байдалинованы полицейлер әкетіп барады. Алматы, 26 желтоқсан 2015 жыл.

2015 жылдың желтоқсанынан бері түрмеде отырған Гузяль Байдалинова тағылған айыптарды жоққа шығарып, істің саяси астары бар деп мәлімдеді.

«Тапсырыспен жазылған» қаралаушы мақалаларды Nakanune.kz сайтында жариялау ісіне қатысты айыпталған журналист Рафаэль Балгинді қаңтардың 11-і күні тергеу абақтысынан кепілақшаға босатқан. Оны сот шешімінсіз жіберген, бірақ адвокаты Нұрлан Өстеміровтің Азаттыққа түсіндіруінше, «шындықты» айта бастаған соң оны босатуға тергеуші мен прокурордың қаулысы жеткілікті болған. Рафаэль Балгин түрмеден босаған күннің ертеңінде Алматыда баспасөз жиыны өткізіп, теріс қылығына өкінетінін мәлімдеп, «Қазкоммерцбанктен» «шын ниетімен кешірім сұраған».

Nakanune.kz сайтын Қазақстанда сот шешімімен жабылған оппозициялық «Республика» газетінің журналистері құрған. Қаңтардың 26-сы күні Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) БАҚ еркіндігі жөніндегі өкілі Дуня Миятович мәлімдеме жасап, Қазақстандағы кейбір блогерлер мен белсенділер және оппозициялық журналистерге жуырда шыққан үкімдер мен қылмыстық айыптаулар бойынша жүргізіліп жатқан тергеу амалдарын «азаматтық қоғамға жасалып отырған қысым» деп сынаған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG