Accessibility links

Қайғы әкелген полицей оғы

  • Әлия АХМЕДИЕВА

Полиция көлігі. (Көрнекі сурет)

Полиция көлігі. (Көрнекі сурет)

Талдықорған тұрғыны өзін тұтқындамақ болған полиция қызметкері қолынан оққа ұшты. Полицияның айтуынша, жігіт қарсылық танытып, патрульге пышақ кеземек болған. Оқиғаның кейбір куәгерлері мұны терістейді.

Алматы облысы Талдықорған қаласы тұрғыны өзін тұтқындамақ болған полиция қызметкерінің қолынан оққа ұшты. Полицияның айтуынша, жас жігіт қарсылық танытып, патрульге пышақ кеземек болған. Оқиғаның кейбір куәгерлері мұны терістейді.

Туыстарының айтуынша, мерт болған Дмитрий Яковенко ақ жарқын әрі қабілетті жігіт болған. Зергер болып жұмыс істеп, күміс және табиғи тастардан әйелдердің әшекейлерін жасаумен айналысқан. Тамыздың 7-сінде ол 30-ға толатын еді, үйленген, баласы жоқ. Туыстарының айтуынша, қайғылы оқиға болған күні ол таныс бойжеткенді жұмысқа орналастыру жайын сөйлесу үшін оның құрбысы екеуін ертіп, көлікпен сауда орталығына барған. Бірақ полицейлер құжат тексере бастаған сәтте үшеуі отырған көлік жүргізушісі қашып кетуге тырысқан және капотқа ілініп қалған полицейді 200-дей метр жерге сүйреп әкеткен.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, көлік жүргізуші ғана қауіп төндірмей, оның жанындағы жолаушы Дмитрий Яковенко да полицейге пышақ кеземек болған.

Оққа ұшқан Дмитрий Яковенкомен бірге көлікте Дарья Ильченко мен Ксения Дятлова деген екі бойжеткен болған. Екеуі де «оққа ұшқан жігіт өзін тыныш ұстады, қолында пышақ болған жоқ» дейді.

Талдықорғанда ұстау кезінде полицияның адам өлтіріп алғаны жөніндегі істе куәгер болған Дарья Ильченко мен Ксения Дятлова. 3 тамыз 2015 жыл.

Талдықорғанда ұстау кезінде полицияның адам өлтіріп алғаны жөніндегі істе куәгер болған Дарья Ильченко мен Ксения Дятлова. 3 тамыз 2015 жыл.

- Полицей жанымызға келген кезде сауда орталығы жанындағы автотұрақта тұрғанбыз. Ол көліктің күңгірттелген терезесін көру үшін «әйнегін көтер» деді. Сосын құжаттарын талап етті. Бірақ жүргізуші көлігін от алдырып, тез жүріп кетті. Біз оған «тоқта» деп айқайладық. Ал полицей көліктің капотына ілініп қалды да, машина оны бірнеше метр жерге дейін сүйретіп әкетті. Кейін жүргізуші тоқтап, оны полиция қызметкерлері алып кетті, ал үшеуміз қолымызды жоғары көтеріп, көліктен түстік. Дима қолдарын әуелі капотқа қойды. Кейін полицейге қарап бұрыла беріп еді, ол желкесінен атып жіберді. Мен қасында тұрғанмын, - дейді Дарья Ильченко.

- Оқ атқаннан кейін полицей айқайлай бастады, тіпті аузынан көбік ағып, түрі бұзылып кетті. Сондықтан Диманың жанына барып көмектескім келгенімен, орнымнан қозғалуға қорықтым. Бізді де атып тастайтын шығар деп ойладым, - дейді Ксения Дятлова.

Туыстары Дмитрий Яковенконың «қолында пышақ болуы мүмкін емес» деп, полицейлердің сөзіне сенбейді.

- Полицейлер үйге келіп, әлгі жерде не болғанын әлі күнге айтқан жоқ. Бәрін құпия ұстап отыр. Бірақ түбі әділдікке жетеміз. Баламның пышақ ұстауы мүмкін емес, ол денсаулығына өте мұқият қарайтын, төбелеске ұрынған емес. Келесі жылы бір бүйрегін інісіне беремін деп жоспарлап жүрген. Ол балам - ауыр науқас, бүйрегін ауыстырмаса өліп қалуы мүмкін, - дейді қаза тапқан жігіттің анасы Елена Яковенко.

«ӨЗІН ӨЗІ ҚОРҒАУ» БОЛЖАМЫ

Алматы облысы ішкі істер департаментінің мәлімдеуінше, терезесін күңгірттеп алған әрі алдыңғы мемлекеттік нөмір белгісі жоқ күміс түстес «Тойота Камри-40» маркалы көлік сол күні қала ішінде жылдамдық ережесін бұзып, ерсілі-қарсылы жүрген.

Жолаушылардың бірі – ер кісі полиция қызметкерінің талабын елемей, қарсылық танытып, қолындағы пышағын тастамай полицейге бұрылған. Полиция қызметкері өзін қорғау мақсатында табельдік қаруды пайдаланған.

Құжат тексере бастаған кезде полиция қызметкерлерінің талабына қарамастан, жүргізуші көлігімен қашып кетуге тырысқан. Аға полиция лейтенанты Нұрлыбаев автомобильді тоқтатпақ болып ұмтылған кезде капотқа ілініп қалып, оны жүйткіген автомобиль жолдың бойымен 189 метр жерге сүйреп әкеткен.

- Ақыры полицейлерге бұзақының қолдарын бұрап, кісен салуға тура келген. Әлгі сәтте автокөлікте үш жолаушы – екі бойжеткен мен бір жігіт болған. Полиция қызметкерлерінің талабы бойынша үшеуі көліктен түскен. Жолаушылардың бірі – ер кісі полиция қызметкерінің талабын елемей, қарсылық танытып, қолындағы пышағын тастамай полицейге бұрылған. Полиция қызметкері өзін қорғау мақсатында табельдік қаруды пайдаланған. Ақыры автокөлік жолаушысына оқ тиіп, көз жұмған, - дейді Талдықорған қалалық ІІД-сі бастығы Ерлан Сансызбаев.

Бұл оқиға әлеуметтік желілерде қызу таласқа ұласты. Қилы пікір білдірген блогерлер бұл істі әділ әрі ашық тексеруді бір ауыздан талап етеді. Қазір бұл іспен арнайы прокуратура айналысып жатыр.

XS
SM
MD
LG