Accessibility links

Полицей атқан азаматтың туыстары пикет өткізді

  • Әлия АХМЕДИЕВА

Наразылық шарасына шыққан Ирина Титовская. Талдықорған, 16 тамыз 2015 жыл.

Наразылық шарасына шыққан Ирина Титовская. Талдықорған, 16 тамыз 2015 жыл.

Талдықорғанда «ұстау кезінде шабуыл жасады» деп полицей атып өлтірген Дмитрий Яковенконың жақындары наразылық шарасын ұйымдастырды. Олар «елдегі полиция коррупцияға батқан» дейді.

Полиция оғынан қаза тапқан 30 жастағы Дмитрий Яковенконың туыстары мен достары өткен жексенбіде Талдықорған қаласының орталығында құқық қорғау органдарының «әрекетсіздігіне» қарсы рұқсат етілмеген пикет өктізді. Олар қаза тапқан жігіттің суретін ұстап шықты, «Әділ тексеруді талап етеміз» деп айқайлады.

- Жақында ұлымның қаза тапқанына бір ай болады. Ал прокуратура әлі үндемей отыр. Ештеңе айтпайды. Мен тергеу, тексеру жұмыстары қалай жүріп жатқанын білмеймін. Ұлымды өлтірген полицей бостандықта жүр, - дейді опат болған Дмитрий Яковенконың шешесі Елена Яковенко.

«Ұстау кезінде шабуыл жасады» деп полицей атып тастаған жігіттің пикетке қатысқан танысы Ирина Титовская «бұл пикетке биліктің назарын тұтас құқық қорғау жүйесіне аударту мақсатында шыққандарын» айтады.

- Құқық қорғау органдарын коррупция, заңсыздық жайлаған. Бұл бірінші оқиға емес, мұндай фактілер жүздеп табылады. Үндемей жүре берсек, ештеңе өзгермейді. Дмитрийдің орнында ертең басқа бір азамат болуы мүмкін. Бұл полицей адам өлтірді, қаза тапқан азамат та өмір сүргісі келген. Ал ол жұмысын істеп жүр, - дейді Ирина Титовская.

Наразыларды қолдауға Дмитрий Яковенконың бұрынғы клиенттері де келді. Олардың айтуынша, «Дмитрий жақсы зергер болған».

Дмитрий Яковенконың жақындары наразылық шарасын өткізіп тұр. Талдықорған, 16 тамыз 2015 жыл.

Дмитрий Яковенконың жақындары наразылық шарасын өткізіп тұр. Талдықорған, 16 тамыз 2015 жыл.

- Мен оны жақсы танитынмын. Ол маған бірнеше рет сырға, жүзіктер жасап берген еді. Менің ойымша, ол өте жақсы адам болатын. Ол пышақ алып, адамға жүгірді дегенге сенбеймін, - дейді Талшын Бауыржанова.

Талдықорғандағы құқық қорғаушы орталық белсенділері «полицей әрекеті заңсыз болған» деп санайды. Орталық жетекшісі Виктор Тен:

- Біріншіден, қаза тапқан азаматтың анасы жәбірленуші ретінде танылған, оған тергеу материалдарын көрсетуге міндетті, ал ол кісіге ештеңе айтпай отыр. Бұл - процессуалдық заң бұзушылық. Екіншіден, қызметтік тергеу басталғанда кісі атқан полицейді жұмыстан уақытша шеттету керек – дейді.

ТЕРГЕУ ЖҮРІП ЖАТЫР

Дмитрий Яковенко шілденің 30-ы күні әкімшілік полиция өкілі қызметтік қарудан атқан оқтан опат болды. Аймақтың ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Дмитрий Яковенко жол қозғалысы ережесін бұзып, нөмірі жоқ көлікке екі құрбысын отырғызып алып, қала аралаған. Полиция ұстаған кезде ол қарсылық көрсетіп, патруль полициясы қызметкерін пышақпен қорқытқан. Полиция қызметкері оған қарсы қару қолдануға мәжбүр болған. Ресми түсініктеме осындай.

Қазір бұл іс арнайы прокуратура бақылауында. Алматы облысы прокуратурасы баспасөз қызметі жетекшісі Руслан Бақтаев:

Іс бойынша алтыдан астам экспертиза жасалады. Олардың нәтижесі бір ай ішінде дайын болады.

- Бұл іс облыс прокуратурасының қарауында жатыр. Іс бойынша алтыдан астам экспертиза жасалады. Олардың нәтижесі бір ай ішінде дайын болады, - дейді.

Алматы облысы ішкі істер департаменті өкілдері «Дмитрия Яковенкоға қарсы қару қолдануға мәжбүр болған офицер Азамат Нұрлыбаевтың бұрынғы қызмет орнында жұмыс істеп жүргенін, оның қызметінен шеттетілмегенін» мәлімдеді.

Полиция ұстаған кезде қаза тапқан азаматтың туыстары пикет соңынан бейбіт түрде тарқасты. Полиция олардың ешқайсысын ұстаған жоқ.

XS
SM
MD
LG