Accessibility links

Алматы - казинолар қаласы


Алматы қаласында құмар ойнап, көңіл қоздыратын казинолардың саны қазір 50-ге жуықтап отыр. Ал Астанада олардың саны, ресми деректер бойынша, 13-ке жеткен екен.


Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанның басты қалаларында казинолардың көптеп ашылуына бірқатар себептер арқау болып отыр екен. Мәселен, Өзбекстанда ақша салып ойналатын құмар ойындарына үкімет тиым салған. Түркияда да күнә есептелетін небір ойын-сауық нысандары жабылған. Казинолар дәулетті адамдардың ермек көріп, уақыт өткізу орнына айналып бара жатқаны туралы маман Гүлфәйруз Қасымова Азаттық радиосына былай дейді:

- Өзбекстан мен Түркияда казино жоқ, жабылған. Сондықтан олар бізге келді. Алматыда елу казино болса, соның көбінде түріктер қожайын. Біздің қолымыздан мұндай кәсіп келемейді.

Казино қожалары көбіне-көп шетел азаматтарын жұмысқа алатыны жайлы Азаттық тілшісіне пікір білдірген, Алматыдағы казинолардың бірінде жұмыс істейтін Андрей есімді менеджер жігіт те айтып отыр:

- Басшы қызметтерде өзге елдің азаматтары - түрік, кәрістер отыр. Ал, өзіміздің адамдарға тек қарапайым қызметтер бұйырады.

Азаттық тілшісінен өз аты-жөнін толық атамауды сұраған казино қызметкері Андрей жеме-жемге келгенде казиноны ұту мүмкіндігі мүлдем жоқ екенін адамдар түсіне бермейді дейді. Оның сыртында, казино ақшасын ұтудың жолын білетін небір кәсіпқой ойыншыларды ойынға қоспау амалдары толық қарастырылған деп отыр.

Сондайлардың бірі - 27 жастағы Саша есімді жігіт. Саша өзінің карта ойындарының қыр-сырын меңгеріп, құмартқалы он жылдың жүзі болғандығын айтады:

- Бір түнде ең көп ұтқан ақшам 6 мың АҚШ доллары болды. Бірақ, жиі ұтамын. Казиноның жарты миллион доллар ақшасын ұтқан адамды да өз көзіммен көрдім. Казинода жолы жиі болғыштарға казино қожайындары көп ойнауға рұқсат бермейді. Оларға келген кісілердің әрдайым ұтылғаны керек. Бұл кәсіп тиімсіз болса, казинолар көптеп ашылмас еді ғой.

Ақшаны ұтыс салып ойнаудың тағы бір жолы екі жыл бұрын пайда болды. Қаладағы аялдамаларда электронды казино салу ісі тоқтар емес. Сондай орынға автомат қойған Елдар айына жалға берілген 7 автоматтың бас-басынан ай сайын тұрақты түрде 100 доллар (АҚШ) табыс көретінін айтады.

Оның сыртында, ондай автоматтарды құрастыратын Қазақстанда тіпті бір-екі фирма бар дейді. Өз қолымен сондай техника құрастыратын Жеңіс бұл тауарларға Ресей мемлекетінен көп тапсырыс түсетіндігін сөз етеді:

- Электронды жабдықтар шетелден тасылады. Қалған қаңқасын біз құраймыз. Бар білетінім - өз қолыммен жасалған заттардың саны көп болды.

Құмар ойыны автоматтарына үйірсек жүретіндердің көбі ақшасы аз жастар дейді Елдар. Ал, казино дилері Гүлнәр соңғы кезде казиноға баруды сән көретін дәулетті үйдің балалары көбейгенін айтты:

- Үнемі келіп, ұтылатындар бар, ұтатындары да бар. Жастардың көбі шетелдің казино туралы киноларының әсеріне түсіп, ойнайтын сияқты. Тәртіп бойынша біз - дилерлер әр 15-20 минут сайын ойын столын ауыстырып тұрамыз.

Алматы қаласының әкімі болып тағайындалғаннан кейін Иманғали Тасмағамбетов осы қаладағы кәсіпкерлермен өткізген бір жиында Алматыдағы казинолар санын азайту мәселесін көтерген еді. Бірақ, әзірге бұл істен өнген қандай да бір шаралар жайлы тың хабар жоқ.
XS
SM
MD
LG