Accessibility links

Казино орнын букмекер басты


Букмекер кеңсесінде отырған азаматтар. Алматы, 24 қазан 2013 жыл.

Букмекер кеңсесінде отырған азаматтар. Алматы, 24 қазан 2013 жыл.

Қазақстанда казиноларды жапқан кезде құмар ойындарға тосқауыл қойылады деген жоспар болған. Казинолар арнайы аймаққа көшірілген соң букмекер кеңселері көбейді. Ойынқұмар жұрттың қарасы азайған жоқ.

Қазақстанда казино мен ойын автоматтарының Алматы түбіндегі Қапшағай су қоймасы жағалауы мен Астанадан 250 шақырым жердегі Шучинск-Бурабай курорттық аймағына көшірілгеніне алты жылдан асты. Бірақ астыртын жұмыс істейтін казинолар пайда болды. Ақпарат құралдарында «полиция заңсыз жұмыс істеп келген казиноны жапты» деген хабарлар жиіледі.

Қазақстан қалаларында казинолар жабылған 2007 жылы букмекер кеңселері ашыла бастады. Олар жұртты тез еліктірді. Қазір Қазақстанда жұмыс істейтін 30 букмекер кеңсесінің филиалдары көп жерде ашылып жатыр.

БӘС, КОЭФФИЦЕНТ ЖӘНЕ ПАЙЫЗ

38 жастағы алматылық Мәлік Оспанов букмекер кеңсесіне тұңғыш рет футболдан әлем кубогы өтіп жатқанда бас сұғыпты. Алғаш бәске тіккен 2 мың теңгесі 10 мың теңге ұтыс әкелген соң «сәтін салса, үнемі ұтамын» деп құныға түскен. Бірақ үшінші ұтыстан кейін «қолы жүрмей қалған». Ұтыла бастағанымен, бәс тігуін қоймаған.

Букмекер кеңсесі. Алматы, 24 қазан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Букмекер кеңсесі. Алматы, 24 қазан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

- Бәс тігудің екі түрі бар. Біріншісі - бір жарысқа ғана тігесің. Ал экспресс-ставкада бірнеше жарысқа бірден қоясың. Коэффиценттері бір-бірімен көбейетіндіктен, экспресс-ставка тиімді. Мені қызықтырған да - сол, - дейді Мәлік Оспанов Азаттық тілшісіне.

Мәлік Оспанов үй салуға осылай ақша тапқысы келген. Көлігін сатып, «Ювентус» футбол командасының жеңісіне тіккен 10 мың долларын ұттырып жіберіпті. Салған ақшасын қайтарып алмақ болып, пәтерін кепілге қойып, банктен несие алған. Несиеге алған 15 мың доллары да букмекер кеңсесінен қайтпаған. Қазір несие төлеп отыр. Әйелі кетіп қалған. Үш қызы әке-шешесінің қолында. Букмекердің табалдырығын аттағанына енді қатты өкінеді.

ОЙЫННЫҢ НӘТИЖЕСІ

Меруерт Нығметова кезінде букмекер кеңсесінде істеген. Бойжеткен Азаттық тілшісіне «операторлар ойынның қалай өтіп, кім қанша ұтатынын алдын ала біліп отырады» дейді.
Бәс тігу үшін күніне 14-60 жас аралығында 35-тей адам келеді.

«Олимп» букмекер кеңсесінің операторы Насиба Салжанованың айтуынша, бәс тігу үшін тәулігіне 14 пен 60 жас аралығында 35-тей адам келеді. Клиенттердің арасында жас келіншектер де болады.

- Көбі футболға тігеді. Бірақ соңғы кезде теннис ойындарына тігу де сәнге айналды. Менің практикамда бір адам 150 мың теңгеге ұтылып, енді бір адам 38 мың теңге ұтты, - дейді Насиба Салжанова.

ДЕПУТАТ САУАЛЫ ЖӘНЕ ПСИХОЛОГ ДИАГНОЗЫ

Мәжіліс депутаты Рауан Шаекин Қазақстандағы букмекер кеңселерін жабуды ұсынып отыр. Ол бұл ұсынысын спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Ерлан Қожақапановқа жолдады.

Астана қаласындағы «БизнесРОСТ» компаниясының букмекер кеңселерін лицензиялау бөлімінің заңгер-кеңесшісі Ольга Пинчук «жұрт қан қыздырып, көңіл желіктіретін ойын-сауық іздейді, демократиялық қоғамда букмекер кеңселері болуы тиіс» деп есептейді.

Кәсіпкерлердің ұлттық палатасының сенаттағы өкілі Ғани Қасымов.

Кәсіпкерлердің ұлттық палатасының сенаттағы өкілі Ғани Қасымов.

Кәсіпкерлердің ұлттық палатасының сенаттағы өкілі Ғани Қасымовтың айтуынша, букмекер кеңселері адам бойындағы құмарлықты қоздырады. Бірақ оларды мүлде жауып тастауға да болмайды.

- Бұрын біздің қалада жұрт ипподромға барып бәс тігетін, қазір букмекер кеңселері ашылды. Қоғам құмар ойындардың казино мен карта сияқты түрлеріне қарсы. Олардан бүкіл отбасы зардап шегеді. Егер оларды мүлде жауып тастасақ, жұрт астыртын жұмыс істейтін мекемелерге барады, - дейді Ғани Қасымов Азаттық тілшісіне.

Ғани Қасымовтың пікірінше, букмекер кеңселерінің қызметін шектеудің белгілі бір өлшемін белгілеп, ойыншылар мен операторлардың құқығы мен жауапкершілігін нақтылау керек.

Құмарпаздық - психологиялық тәуелділіктің бір формасы. Психолог Ягдар Төреханов «адам құмар ойындарға деген құштарлығын тежей алмай, тәуелді болып қалады» дейді.

- Медицинада бұл диагноз «тәуелділік» деп аталады. Тәуелділіктің кез келген түріне ұшыраған адам бүкіл шаруасын тастайды, есіл-дерті ойында ғана болып, еркінен айырылады, бойын желік билейді. Ойын үстелінен бірнеше тәулік тұрмай ойнайтындар – құмарлыққа салынған адамдар. Бұл – ауру, - дейді психолог.
  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG