Accessibility links

Кремль Каспийде әскери әлеуетін көрсетіп, бұлшық етін ойната бастады


Сергей Иванов Ресейдің қорғаныс министрі кезінде әскери-теңіз күштерімен танысып тұр. Көрнекі сурет. 31 шілде 2005 жыл
Сергей Иванов Ресейдің қорғаныс министрі кезінде әскери-теңіз күштерімен танысып тұр. Көрнекі сурет. 31 шілде 2005 жыл

Ресей Каспийдегі әскери-теңіз күштерін нығайту жайын қарастыра бастады. Теңіз бойындағы бес мемлекет ортақ мәмілеге келе алмағандықтан болашақта аймақта әскери қақтығыс тууы әбден ықтимал деп жазады EurasiaView («Еуразиа Вью») басылымы.


Басылым мамырдың 11-і күнгі шыққан санында Каспий теңізі мәселесінде бес елдің тіл табыса алмағаны себепті бассейннен көмірсутегі шикізатын игеру мен ондағы инфрақұрылымның дамуы кешеуілдей береді деп жазыпты.

АҚҚУ, ШОРТАН ҺӘМ ШАЯН

Совет одағы құлаған 1991 жылдан бері теңіз жағалауында орналасқан бес мемлекет - Әзірбайжан, Қазақстан, Иран, Ресей және Түркіменстан теңіздегі шекараны межелеу және ондағы қаруланудың алдын-алу жөніндегі Каспий пактісі бойынша ортақ тіл табыса алмай отыр. Басылым территориялық мәселеде әлі бір мәмілеге келе алмаушылық қазір бес мемлекеттің өз ұстанымдарын әскери жолмен қорғауға дайын болуына итермелеп отырғанын айтады.

Ал Jamestown («Джеймстаун») қоры мамырдың 6-сы күнгі жариялаған мақаласында «Қазақстан Каспий мәселесінде өзіне теңіздің біраз бөлігі тиетін "ортақ бөлу саясатын" ұстанып отыр. Ал бұдан елеулі зардап шегетін Түркіменстан мен Иран ол жобадан бас тартты. Мәскеу ортақ келісімге қол жетпеген жағдайда екіжақты келісім орнату қажет дегенді алға тартқан. 2002 жылғы келіссөздер сәтсіздікке ұшырағаннан кейін Ресей Каспий мәселесінде Қазақстан және Әзірбайжанмен екіжақты келісім-шарт жасасқан. Алайда, Иран бес мемлекет бірдей ортақ мәмілеге келмей тұрып, қандай да бір екіжақты немесе үшжақты келісім-шартты мойындамайтынын білдірді» деп жазады.

Тегеран Каспий теңізін бес елге бірдей 20 пайыздан бөлу жобасын алға тартып, келісімге жетуге кедергі келтіріп отыр. Іс жүзінде Иранның теңізбен шектесетін жағалау көлемі өзге елдерден әлдеқайда аз. EurasiaView-дің айтуынша, егер Иран Ресей, Қазақстан және Әзірбайжан бірлесе ұсынған жобамен келісетін болса, онда оған бассейннен шамамен 13 пайыз үлес тимек. Түркіменстаннің бұл мәселедегі ұстанымы тұрақты емес. Жалпы, территориялық проблеманың оң шешілуі Каспий теңізі бассейнінде энергия көздерін игеруді ары қарай дамытып, теңіз астымен құбыр салу жайын да ретке келтіретін еді деген ой айтады басылым.

Каспий теңізінің мәртебесін айқындау басталған 2002 жылдан бері келіссөздер тұйыққа тіреле берді. Ал өткен жылдың қарашасында Әзірбайжанның астанасы Бакуде саммиттке жиналған бес мемлекет Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін айқындау үшін бір мәмілеге келгендей болған. Алайда, саммит аяқталғаннан бір аптадан кейін Иран жағы алдын-ала қарауға ұсынылған жобаны «Ресейдің осы мәселеде Әзірбайжанмен және Қазақстанмен жасасқан екіжақты келісімдерімен үйлеспейді» деп тауып, келісімге келуден бас тартты дейді EurasiaView.

МӘСКЕУДІҢ ҰСТАНЫМЫ

Ресей енді содан бері әскери қуатын арттыру немесе бір елді ықтырып қою тығырықтан шығарады дегенге сенетінге ұқсайды. Мамыр айының басында Ресей премьер-министрінің орынбасары Сергей Лавров: «Ресейдің Каспий теңізі флотилиясындағы 148 кемесі модернизациялауды қажет етеді. Каспий теңізінде қызмет етіп жатқан бұл флотилия қазір ескірді, әрі бәсекеге жарамайды» деп мәлімдеген. Сергей Иванов Ресейдің Каспийдегі флоты жақында Гепард класты жаңа фрегатпен толығатынын жеткізген. Жаңа фрегат теңіз үстіндегі кемелерді, су асты қайықтарын және әуе шабуылын тойтара алады.

Басылымның жазуынша, Мәскеудің әскери-теңіз күштерінің әлеуетін арттыру жоспары тек Каспий теңізіндегі ғана емес, Солтүстік мұзды мұхит пен Тынық мұхиттарындағы өзінің көмірсутегі қорларын қорғау мақсатынан да туындап отыр.

Кремльдің Каспий теңізі мәселесінде әскери «жүріс жасауы» бірінші рет болып отырған жоқ. Ресей 2002 жылы аймақта әскери оқу-жаттығу шараларын өткізген. Ал төрт жылдан кейін көпжақты әскери-теңіз қауіпсіздік күштерін құруды ұсынды. 2002 жылы өткен оқу-жаттығу ойындары Иранның аталған мәселедегі ұстанымын «жұмсартуға» арналса, 2006 жылғы ұсынысы аймақта АҚШ-тың ықпалын бәсеңдету үшін жасалды деген ой айтады EurasiaView. Вашингтонның аймақтағы ықпалы негізінен Қазақстан мен Әзірбайжанға Каспий теңізіндегі әскери-теңіз күштерін жетілдіруге көмектесу арқылы арта түскен.

МӘСЕЛЕНІ ҚАРУМЕН РЕТТЕУ АЙМАҚТЫҢ ӨЗІНЕ ТИІМСІЗ

Сарапшылар егер Мәскеу Каспий теңізіндегі әскери қуатын арттыру әрекетін ары қарай да жалғастыра берсе, бұл өзге мемлекеттердің де қарулануға кірісуіне, оның аяғы аймақта қақтығыстың тұтануына әкеп соғады деп санайды. Теңіздегі шекараның әлі айқындалмауы, әрі ондағы көмірсутегі ресурстарын бақылауға қатысты талас-тартыстың созыла беруі мәселені күш қолдану арқылы шешуге итермелейді. Тіпті олай болмаған күннің өзінде, бұл жағдай теңіз түбіндегі энергетикалық ресурстарды игеруге кедергі келтіре беретінін жазады басылым.

Бір мәмілеге келе алмай, әр елдің өз бетінше қарулануға ұмтылуы заңдылық. Бірақ мәселені бұлай шешу өте қауіпті. Басылымның жазуынша, егер Каспий теңізі айналасынан бір ши шығып, әскери қақтығыс тұтанатын болса, оны ауыздықтау мүмкін болмай қалады. Бұл жерде Иранның ядролық бағдарламасының да күн тәртібінен түспей тұрғанын ескеру керек.
XS
SM
MD
LG