Accessibility links

«Сопылар ісіне» қатысты сот үкімі өзгеріссіз қалды


"Сопылар ісіндегі" адвокаттар. Алматы, 27 сәуір 2012 жыл.

"Сопылар ісіндегі" адвокаттар. Алматы, 27 сәуір 2012 жыл.

«Сопылар ісіне» байланысты сот үкімі екінші инстанцияда өзгеріссіз қалдырылды. Сотталушылардың адвокаттары енді жоғарғы сотқа, халықаралық деңгейдегі сотқа жүгінеміз деп отыр.


Бүгін Алматы қалалық сотында «сопылар ісіне» байланысты соңғы отырыс өтіп, судья Ерден Әріпов жетекшілік еткен кассациялық алқа алғашқы инстанцияда қабылданған сот үкімін күшінде қалдырды.

«ЗАҢСЫЗДЫҚТАРДЫ АТТАП ӨТПЕЙТІН ШЫҒАР ДЕП ОЙЛАДЫҚ»

Сотталушылардың адвокаттарының бірі Шынқуат Байжанов алғашқы инстанцияда кеткен өрескел заңсыздықтарға кассациялық алқаның көз жұма қарағанын айтады.

- Алғашқы инстанцияда алқа билердің түгелдей сотқа қатыспауы, оның біреуінің сот отырыстары өтіп жатқан кезде Атбасарда тойда жүргені - дәлел ретінде билеттерін, анықтамаларды әкеліп сотқа тапсырдық. Басқа заңсыздықтарды айтпағанда бұл өрескел заңсыздықты аттап кетпейтін шығар деп ойладық. Бірақ көріп отырғанымыздай, онан да аттап кетіп отыр, - дейді адвокат Шынқуат Байжанов.
Адвокат Шынқуат Байжанов. Алматы, 27 сәуір 2012 жыл.

Адвокат Шынқуат Байжанов. Алматы, 27 сәуір 2012 жыл.


Оның айтуынша, екінші инстанцияда кассациялық алқа тарапынан бұл жайттарға қатысты ешбір жауап болмаған. Шынқуат Байжанов сот алқасының «5 жылға сотталған Арнұр Куникин рақымшылық туралы заңға ілінсін» деген адвокаттар өтінішін де қанағаттандырмағанын айтады.

Өткен аптада адвокаттардың бірі Теңгебек Байымбетов те бірінші соттағы заңсыздықтар туралы айтып, сотқа өтініш түсірген еді. Екінші инстанцияда бұған да жауап болмапты.

- Бұл заңсыздықтарды судья Қалмағамбетов қарамаған еді. Мысалы, қорғаушылар және сотталушылар тарапынан сот хаттамасын тапсырған кезде біздің жасаған хаттамамыздың саны бума бойынша 29 болған. Ал соттың шығарған бумасы 12 ғана. Қалайша мұндай алшақтықтар болуы мүмкін? – деген еді Теңгебек Байымбетов.

СЪЕЗД ҚАРСАҢЫНДА

Ал адвокат Шынқуат Байжанов бұл істің саяси астары бар деп есептейді. Ол Азаттық тілшісіне:

- Сот бұл істі заң бойынша қарап отырған жоқ. Тек қана саясатпен айналысып отыр. Себебі, жақын арада Қазақстанда әлемдік діндердің съезі болады. Сол съезд қарсаңында «егер бұл үкім бұзылып кетсе, ертеңгі күні дін адамдары заңсыз отыр» дегендей әңгімелер туады деп, содан қауіптеніп отыр. Өйткені үкім заңсыз алынған. Сол әңгіме болмас үшін съезд болған кезде «жоқ, олар заңды сотталды, өйткені үкім күшіне енді, бәрі тексерілді» деген әңгімені айту үшін осылай жасап отыр, - деді.

Айыпталушылардың адвокаттары мен жақындары одан әрі жоғарғы сотқа, халықаралық деңгейдегі соттарға жүгінетіндіктерін айтты. Айтуларынша, сот үкімі бойынша жоғарғы сотқа бір жылдың ішінде шағым түсіруге болады.
Адвокаттар сөзіне қарағанда, «Сопылар ісі» бойынша сотталған сегіз азамат қазір Алматыдағы тергеу изоляторында отыр».
Сотталушылардың туыстары сот залында отыр. Алматы, 27 сәуір 2012 жыл.

Сотталушылардың туыстары сот залында отыр. Алматы, 27 сәуір 2012 жыл.


Бұл азаматтарға қатысты үкім 14 ай бойы тергелген қылмыстық іс бойынша, 2011 жылы қазанның 19-ы күні Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық сотында шыққан еді. Сот үкіміне сәйкес, «сопылық ағымның жетекшісі» аталған Исматулла Әбдіғаппар – 14 жылға, ҚазҰТУ-дың профессоры Саят Ыбыраев – 12 жылға, Ербол Исабеков – тоғыз жылға, Ербол Рахымбаев – сегіз жылға, Сайпулла Моллақанағатұлы – сегіз жылға, Думан Берікбосынов – сегіз жылға, Жадыра Сүлейменова – алты жылға, Арнұр Куникин – бес жылға бас бостандығынан айырылып, ал Әлия Әшірқұлова екі жылға шартты түрде сотталған болатын.

«Сопылық ағым жетекшілері» Исматулла Әбдіғаппар мен Саят Ыбыраев «қылмыстық ұйым құрды» деп айыпталған. Оларға «экстремизм», «маскүнемдік пен нашақорлықты адамдардың денсаулығына зиян тигізе отырып емдеу», «адамдарды заңсыз бас бостандығынан айыру» т.б. қылмыстар бойынша айып тағылған болатын.

Адвокаттардың дерегінше, Исматулла Әбдіғаппарға - 12 бап бойынша, Саят Ыбыраевқа - алты бап бойынша айыптар тағылған. Сот екі азаматқа да жазаларын қатаң режимде өтеу, мүлкін тәркілеу жазасын тағайындаған.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG