Accessibility links

Билік айтыскерлерді бір одаққа біріктіріп, айтыс ережесін жасап бермекші


Ақындар айтысының жеңімпаздары. Астана, 13 желтоқсан 2010 жыл.

Ақындар айтысының жеңімпаздары. Астана, 13 желтоқсан 2010 жыл.

Қазақстанда соңғы екі жылға жуық жұрт көз жазып қалған айтысты билік енді өз қамқорлығына алып, айтыскерлер одағын құрмақ. Бірақ мемлекеттен қаржыландырылатын ұйымға кіргіземіз дегенді қош көрмейтін кейбір ақындар «Нұр-Отанның» бұлбұлына айналғысы келмейтіндерін» айтады.


«АЙТЫСҚА БИЛІКТІҢ БЕТІ БҰРЫЛДЫ»

Ақын Жүрсін Ерман Азаттық радиосына берген сұқбатында осы уақытқа шейін биліктен теперіш көріп келген айтыс өнеріне биліктің беті бұрылғанын айтып отыр. Оған дәлел ретінде Тәуелсіздік күніне орай Астанада ұйымдастырылған айтысты алға тартқан Жүрсін Ерманның сөзінше, ұлттық өнердің өрісін одан әрі кеңейту мақсатында Қазақстанда енді айтыскерлер одағы құрылмақшы.

– Біз кешегі айтыстан кейін қорытынды жасадық. Республика деңгейінде президент әкімшілігінің келісімін ала отырып, мәдениет министрлігінің келісімін ала отырып, Қазақстан айтыскерлер одағын құрып жатырмыз. Оның қазір құжаттары әзірленіп жатыр. Бұл мемлекет тарапынан қаржыландыратын қоғамдық мекеме болатын сияқты. Ең басты міндеті – жергілікті жерлерде ақындар мектептеріне қамқорлық жасау, – деді Жүрсін Ерман.

Ол сонымен бірге жаңа одақтың мойнында айтыстар ұйымдастыру, жас ақындарға қамқорлық көрсету, оларды тәрбиелеу сияқты түрлі міндеттер тұрғанын да айта кетті.

Бірақ болашақ одақ жайында Мәдениет министрлігі өкілдері әзірше ешнәрсе айтпай отыр. Жұма күні баспасөз қызметіне хабарласып, төмендегідей жауап алдық.

– Бұл қоғамдық ұйым болғасын, біздің оған еш қатысымыз жоқ қой. Өздері ұйымдастырады. Қоғамдық ұйым болғандықтан өздері жиналып, өздері тіркейді, – деді Мәдениет министрлігінің баспасөз хатшысы Дәурен Дүйсебаев желтоқсанның 24-і күні Азаттық тілшісіне.


«РУХАНИ ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗ АРТЫҚ»

Жаңа одақ жайлы жаңалықты айтыскер-ақындардың басым бөлігі жөнді естіп үлгермеген екен. Олардың сөзіне қарағанда, бүкіл айтыскерлердің басын біріктіретін мұндай ұйым айтыстың тарихында бұрын-соңды болмаған көрінеді. Бірақ, олардың пікірінше, мәселенің екі қыры бар.

– Егер ақындардың аузына қақпақ болмайтын, аяғын тұсамайтын, кешегі дала демократиясы тұрғысынан алып қарағанда, ақындарды қолдаса, онда мұндай ұйым, әрине, қажет. Ал керісінше жағдайда айтыстың болашағы қараң, ақындардың күні де онша мәз болмайды деген сөз, – деді айтыскер-ақын Бақыт Жағыпарұлы.

Айтыс ақыны Айтақын Бұлғақовтың пікірінше, мұндай одақ ақындардың әлеуметтік мәселесін шешкенмен, ақындарды рухани бостандығынан айырса, одан қоғам үшін еш пайда болмайды. Оның айтуынша, «сен ананы айт, мынаны айтпа», «тек жетістікті айт, кемшілікті айтсаң құрисың», «болашағыңды ойла» деген сияқты қорқытатын болса, онда мұндай қамқорлықтың бес тиынға қажеті жоқ».

– Біз саясатты айту үшін алдын-ала дайындаламыз. Ақпарат құралдарын, интернетті қараймыз. Содан көзіміз көріп, көңілге түйгенімізді айтамыз. Егер орынсыз, дәлелсіз сын болса, онда ақындарды жауапқа тартсын. Егер дәлелді, қисынды сын айтып тұрса, оған неге аузына қақпақ болады? Қайта түсіне білген адамға біз үкіметтің жағына шығып отырған жоқпыз ба? Қайта біздің айтқандарымыздан қорытынды шығармай ма? Баяғыда Тезек төрелер «бір мақтап көрші, бір даттап көрші» деп Сүйінбайға неге айтты дейсіз? – дейді Айтақын Бұлғақов.


«НҰР-ОТАННЫҢ» БҰЛБҰЛЫНА АЙНАЛДЫРУ»

Мұндай одақтың құрылуына үзілді-кесілді қарсы ақындар да бар. Солардың бірі Бауыржан Халиоллаұлының пікірінше, айтыс - еш бұғауға төзбейтін тәуелсіз өнер.

– Одақ құрылып, мемлекет қарауына алды деген - айтысты сатып алып, ақындарды «Нұр-Отанның» бұлбұлына айналдыру деген сөз ғой. Одан келіп-кетер ешқандай пайда жоқ... Кез келген уақытта шекеңнен шертіп, жасағанын желкеңнен шығарып, «ақшаны беріп отырған біз, сен неге біз жайлы айтасың» деген сөз міндетті түрде айтылады. Айналып келгенде біздің тәуелсіз «дала демократиясы» деп санап жүрген айтысымыз биліктің, министрліктің, одан қалса, бүгінгі «Нұр-Отанның» қолшоқпары болып шыға келеді, – деді Бауыржан Халиолллаұлы.

Ол «сарай ақындарының» бұлай көбейгенінен гөрі ұлттық өнердің әркімге қол жайып, демеушілер арқылы халық несібесімен күн көргенін артық санайды.

«Тек билік кедергі жасамаса болғаны» деп түйіндеді сөзін ақын.


«АЙТЫС ҚАЙТЫС БОЛДЫ МА?»

Желтоқсанның 13-і күні Астанада тәуелсіздік күніне арналған ақындар айтысы өткенін Азаттық радиосы жазған болатын. Екі жарым жылдан бері үлкен сахнаға шықпай кеткен айтысқа бұл жолы көрермен көп жиналған. Айтысты қарапайым халықпен бірге сенат және мәжіліс депутаттары, мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Мәулен Әшімбаев, сыртқы істер министрі һәм мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевтар да тамашалады. Бірақ айтыстың жүргізушісі Жүрсін Ерман «ақындардың тіліне тиек қоймаймыз» дегенімен, қорытынды кешке қатысқан жоғары лауазымды шенеуніктер кеш бойы ақындардың аузына қақпақ қоюмен әуре болды.

Азаттық радиосы айтысқа байланысты дөңгелек үстел өткізген еді. Оған шақырылған қонақтардың арасында айтысты ұйымдастырушы ақын Жүрсін Ерман да болған. Әу дегенде дөңгелек үстелге қатысуға келіскен Жүрсін Ерман сұхбат болатын күні хабар-ошарсыз қалды.

Айтысқа байланысты өткен дөңгелек үстелдің аудио және жазбаша нұсқалары қаңтар айының басында Азаттық радиосының сайтында жарияланады.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG