Accessibility links

Айтыскерлерге Азаттықтың жобасына қатысуға тыйым салынды


Жүрсін Ерман, сахнадағы айтыс ұйымдастырушысы, ақын. Астана, 19 желтоқсан 2011 жыл.

Жүрсін Ерман, сахнадағы айтыс ұйымдастырушысы, ақын. Астана, 19 желтоқсан 2011 жыл.

Мәдениет министрлігінде құрылған айтыс бөлімінің жобаларына қатысушы айтыскерлерге Азаттық сайтында жоспарланған Чат-Айтысқа қатысуға рұқсат берілмеді. Онлайн сөз сайысы бүгін басталмақ еді.

Шілденің 23-і күні Азаттық қызметінің вебсайтында басталуы тиіс болған Чат-Айтыс жобасына қатысуға тілек білдірген 16 айтыскердің басым көпшілігіне сөз сайысына түсуге тыйым салынды. Бұл туралы Азаттық тілшісі алғашқы жұп ретінде айтысуға тиіс болған Иранғайып Күзембаевтан білді. Айтыскер мәдениет министрлігіне қарасты "Қазақ әуендері" акционерлік қоғамының ішінен бір ай бұрын құрылған "Айтыс" бөлімінің жиналысында отырғанын хабарлады.

"АЗАТТЫҚҚА ШЫҚҚАСЫН БІРДЕМЕ АЙТЫП ҚОЯСЫҢДАР"

Көп ұзамай осы жиынға қатысып отырған ақын, "Айтыс" бөлімінің жетекшісі Жүрсін Ерман Азаттық тілшісіне бұл ақпаратты растады. "Чат-Айтыс" жобасы туралы айта бастаған тілшіге Жүрсін Ерман:

- Болмайды. Тарихымызда бірінші рет мемлекетіміз айтыс деген бөлім ашып берді министрліктің қарамағынан. Соған басымызды қосып, өзіміз жобаларымызды жүзеге асырып жатырмыз. Менің тура қарамағымдағы ақындарды шақырып отырсыңдар. Бұларың болмайды, қоя тұрыңдар. Қазір айтысты әрең ашып жатқанда Азаттыққа шыққасын бірдеме айтып қоясыңдар. Ертең сосын айтыс қайта жабылып қалады, - деді.
Айтыс, Сәбиттің карикатурасы

Айтыс, Сәбиттің карикатурасы


Жүрсін Ерман ұйымдастырып келген сахнадағы айтыс жобасын телеарналардан көрсетуге соңғы бірнеше жылда бейресми шектеулер жасалған болатын.

Азаттық тілшісімен тілдескен тағы бір айтыскер Еркебұлан Қайназаров министрлікке қарайтын мекеме ішінен бір ай бұрын ашылған "Айтыс" бөлімінде қызмет ететінін, әзірше 3-4 адам ғана штатта екенін айтты.

- Негізі, ақындардың көбісі сол жерге (айтыс бөлімі - ред.) келеді. Сол жердің тізімі бойынша, сол жердің жоспары бойынша жұмыс жасайды, - деді Еркебұлан Қайназаров.

"РОБОТҚА АЙНАЛЫП КЕТПЕСЕК БОЛҒАНЫ"

"Чат-Айтысқа" тыйым салуға қатысты Азаттық вебсайты оқырмандарының алды пікір білдіріп үлгерді. Алшын есімді оқырман:

"Бекер! Кезінде даланың ақындары өткір сөздерімен елдің көңілінен шығатын еді. Айтыс - қазақтың рухани байлығы, оны да билік реттейтін болыпты. Бұл өмірде жансыз роботқа айналып кетпесек болғаны. Азаттық! Ел ішінде айтыскерлер көп, бұл істеріңізді жалғастыра беріңіз" деп жазады.

Азаттық радиосының директоры Едіге Мағауин айтыскерлерге "Чат-Айтысқа" қатысуға тыйым салынса, онда бұл сөз сайысы қарапайым оқырмандар арасында өткізіле беруі тиіс деп санайды.

"Чат-Айтыс" - айтыс өнерін интернет платформада насихаттау үшін Азаттықтың ұсынып отырған арнайы жобасы. Алдын-ала өткізілген жеребе бойынша жұпталған 16 ақын қайым айтыс жанрына сәйкес онлайн режимде жазбаша екі сағат айтысады, ал олардың өнеріне сайтқа тіркелген қарапайым көрермендер дауыс береді деп жоспарланған еді.
  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG