Accessibility links

Жалғызбасты жас аналар пана тапты


Жас аналар кризистік орталығында тұрып жатқан балалы әйел. Шымкент, 22 тамыз 2014 жыл.

Жас аналар кризистік орталығында тұрып жатқан балалы әйел. Шымкент, 22 тамыз 2014 жыл.

Шымкентте жалғызбасты балалы келіншектер «Ана үйі» жас аналар кризистік орталығын паналап жатыр. Олардың көбі болашақта өздерін тастап кеткен ерлерімен қайта жарасамыз деп үміттенеді.

Бір айдан бері жеті айлық баласымен Шымкенттегі «Ана үйі» кризистік орталығында тұрып жатқан арыстық Анар Жанғалиеваның (аты-жөні өтініші бойынша өзгертілді – ред.) жасы – 22-де. Ол – жоғары білімді, математика пәнінің мұғалімі. Анар екі жыл бұрын жоғарғы оқу орнын бітіріп, магистратураға түсуді армандап жүрген. Сөз байласып қойған жігіті де бар еді. «Арманымның күл талқаны шықты ғой» дейді ол мұңайып.

ҰҚСАС ҮШ ТАҒДЫР

«Жеңгемнің көңілі үшін бір жігітпен таныстым. Бір көргеннен соң ол мені еркімнен тыс алып қашты. Жекжат болып келетін. Ағам әлі үйленбеген болатын. Ауылдың әйелдері «қарғыс аласың, кесірі ағаңа тиіп кетеді» деді. Амалсыз көндім. Жарасып, тіл табысып кететін шығармыз деп өз-өзімді сендірдім. Алайда болмады, түсінісе алмадық» дейді Анар.

Анардың айтуынша, ә дегеннен күйеуі туыстарымен араласуға тыйым салған. Ағасы қайтыс болып, қайғырып отырғанда «төркініңе неге барасың?» деп кінә артқан. Сосын жарасып кететініне көзі жетпеген соң ажырасқан.

«Жүкті екенімді кеш білдім. Ауылда білесіз ғой, қайтып келген қыз жаман. Артыңнан өсек сөз ереді. Содан қашып, қалаға келдім. Қалада пәтерақыңа, ішіп-жеміңе қаражат қажет. Ата-анама салмақ түсірмейін деп, осы кризистік орталыққа келдім» дейді ол.

Орталықтың және бір тұрғына 21 жастағы Әсем Темірбаева (аты-жөні өзгертілді – ред.) Қазығұрттан «Ана үйіне» маусымның басында келген. Бауырында бес айлық баласы бар. Тұңғыш қызы күйеуінің қолында қалған.

«Ұлыма жүкті екенімді білген соң күйеуім алдырып тастауымды сұрады. Көнбедім. «Онда өзім жолын істеймін» деген соң қорқып, қызымды тастап, ашумен үйден кетіп қалдым» дейді ол.

Жалғызілікті аналардың кризистік орталығында тұрып жатқан бала. Шымкент, 22 тамыз 2014 жыл.

Жалғызілікті аналардың кризистік орталығында тұрып жатқан бала. Шымкент, 22 тамыз 2014 жыл.

Мақтаралдық 24 жастағы Фатима Бексұлтанова (аты-жөні өзгертілді – ред.) да дәл қазір «Ана үйінде» қырқынан жаңа шыққан сәбиімен бірге тұрып жатыр. Орталыққа жүктілігіне 7 ай толғанда келген. Сөз байласып жүрген жігітіне алданып, жүкті болып қалғанын айтады.

«Ауылдан қалаға жұмыс істеуге келген едім. Қызымның әкесімен танысып, сөз байласып, 3 жыл жүрдік. Алғашында үйленемін деп сөз беріп, жақсы қарым-қатынаста болып, хабарласып жүрді. Жүкті болып қалғанымды естіген соң өзгеріп кетті. Байланысты үзді. Ауылдағы үйіне дейін іздеп бардым. Ана ғой, шешесіне айтсам түсінетін шығар деп ойладым. Бірақ, анасы бар кінәні маған артып, балағаттап шығарып салды» дейді Фатима.

Фатиманың бүгінгі тіршілігінен туған әке-шешесі бейхабар. «Ата-анама айтсам, түсіністікпен қарайтындарына сенемін» дейді ол. Бірақ сәбиінің буыны қатқанша ауыз ашпауға бекініпті.

Видео: Шымкенттегі «Ана үйі» жас аналар кризистік орталығы

«ӨЗ ҮЙІМДЕЙ БОЛЫП КЕТТІ»

«Мамырдың соңынан бері осы «Ана үйінде» жүрмін. Алғашында қызымды алып қоятындай қорқатын едім. Арнайы келісім-шартқа қол қойып, үйдің тәртібімен танысып, мамандармен сөйлескен соң ұға бастадым. Өзімді еркін сезініп, қазір бұл үй өз үйім сияқты болып кетті» дейді Фатима.

Фатиманың сөзінше, орталықта жасалған жағдай өз үйінде жасалмайды. Мұнда ұсақ-түйекке шейін мән беріледі. Ана мен балаға дер кезінде медициналық көмек көрсетіледі. Әлеуметтік көмектен бөлек психолог, қажет жағдайда заңгер қол ұшын береді.

«Толғағым келіп, перзентханаға түскен кезде жалғыз қалған шығармын деген ой келді. Жоқ қателесіппін. Осы үйдің басшылары, қызметкерлері жанымнан табылып, хәлімді сұрап, тамағымды жеткізіп отырды» дейді Фатима.

Жалғызілікті аналардың кризистік орталығында тұрып жатқан бала. Шымкент, 22 тамыз 2014 жыл.

Жалғызілікті аналардың кризистік орталығында тұрып жатқан бала. Шымкент, 22 тамыз 2014 жыл.

Шымкентте ашылғанына жарты жылға жаңа толған «Ана үйі» жас аналар кризистік орталығында қазір 6 келіншек баласымен өмір сүріп жатыр. Екі қабатты тұрғын үйде аналар мен олардың баласына қажетті жағдайдың жасалғаны байқалады. Әр бөлме көлеміне қарай бір, не екі ана мен балаға шақталған. Азаттық тілшісі орталыққа кіргенде паналап отырған жас аналардың бірі ас әзірлеп жатты, екіншісі ыдыс-аяқ жуып жүрді, ал енді бірі баласына ас беріп, тағы бірі сәбиін әлдилетіп тербетіп тұрды.

Перзентханалар мен ауруханаларда балалардан бас тартудың алдын алу мақсатында құрылған «Ана үйі» жас аналар кризистік орталығының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілі Оксана Браткованың айтуынша, Қазақстанда соңғы екі жылда мұндай 20 орталық ашылған. Ал жоба 2013 жылдың мамыр айынан басталған. Шымкенттегі «Ана үйінің» құрылғанына жарты жыл толған, бұл орталық 15-25 жас аралығындағы шарасыз күйде баласымен далада қалған әйелдерге көмек береді.

«Қайырымдылық жобасы бойынша республикада 54 «Ана үйін» ашу көзделген. Қазір ашылған үйлерге қазақстандық 32 кәсіпкер демеушілік етіп жатыр. Орталыққа көмек сұрап келген ана мен баланың тұратын орны, тамағы, киім-кешегі, былайша айтқанда қажетті заттың бәрі тегін беріледі. Мемлекет тарапынан берілетін көмек, мәселен, баланың жәрдемақысы анасының қалтасында қалады. Оларға бұл ақшаны үнемдеуді ұсынамыз. Өйткені балалар бір жарым жасқа толғанда алғашқы қадамды әйелдер сол қаражатпен бастайды» дейді Оксана Браткова.

ОТБАСЫН САҚТАП ҚАЛУ ҮМІТІ

Оксана Браткова «Ана үйі» жобасы бойынша бүгінгі күнге шейін 312 қазақстандық әйелге заңдық, психологиялық, медициналық көмек көрсетілгенін айтады. Олардың басым бөлігі кейін өз отбасыларына оралған. Қорды құрушылар мен оған қолдау білдірушілер қандай жағдайда да бала өз отбасымен қалуы керек деп санайтынын жеткізді.

«Орталыққа әр түрлі әйел әрқилы жағдайда тап болады. Мейлі, әр ана өз басынан қандай трагедиялық жағдай өткерсе де, оның отбасын сақтап қалуға күш саламыз» дейді Браткова.

Орталыққа әр түрлі әйел әрқилы жағдайда тап болады. Мейлі, әр ана өз басынан қандай трагедиялық жағдай өткерсе де, оның отбасын сақтап қалуға күш саламыз.

Қызының толық отбасында өскенін қалайтын Фатима «егер әкесі қайта оралса, кешіріммен қарап, қабылдайтынын» айтады.

«Психологтардың айтуы бойынша, еркек заты әке атануға дайын болмаған жағдайда баладан бас тартып, қашады екен. Мүмкін мен жүрген жігіт балалы болуға дайын болмай, бізді қабылдай алмаған шығар» дейді ол.

Фатиманың сөзін жалғаған Әсем де өз отбасына оралғысы келетінін жеткізді.

«Отбасыма оралғам келеді. Қызымды қатты сағындым. Кейде түсіме кіріп шығады. Көрмегеніме бір жылдан асты. Кінә менен болмаса да, балаларымның бірге өсуі үшін күйеуімнен қанша рет кешірім сұрадым. Сонда да қабылдамай жатыр» дейді Әсем.

Оңтүстік Қазақстан облысы жан басына шаққанда ерлі-зайыптылар ең аз ажырасатын аймақ болып саналады. Ресми статистикаға сәйкес мұнда 2013 жылы әр 100 некенің 15-і ғана бұзылған.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG