Accessibility links

Ақтөбе соты Ислам Каримовке қарсы арызды өзбек елшісінің келісімінсіз қараудан бас тартты


Өзбекстанда белгісіз жағдайда қаза тапқан Қазақстан азаматы Иван Назаров. Сурет отбасылық альбомнан алынды.

Өзбекстанда белгісіз жағдайда қаза тапқан Қазақстан азаматы Иван Назаров. Сурет отбасылық альбомнан алынды.

22 ақпан күні Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі алқасы Өзбекстан президентін сотқа берген Татьяна Назарованың арызы бойынша Алға қалалық сотының қаулысын күшінде қалдырды. Ол енді халықаралық сотқа шағымдануды көздеп, халықаралық құқық қорғаушылардан көмек сұрап отыр.


ЕЛШІЛІКТЕН РҰҚСАТ КЕРЕК
...

Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі алқасы Өзбекстан президенті мен Қазақстанның ішкі істер министрлігін сотқа берген ақтөбелік ана Татьяна Назарованың арызын қанағаттандырмай тастады. Бұл туралы біздің радиомызға Назарованың қоғамдық қорғаушысы Айдос Садықов хабарлады.

– Дүйсенбі күні өткен алқа отырысында судья Әлімбаева Ақтөбе облысының Алға аудандық сотының анықтамасын өз күшінде қалдырды. Соның негізінде енді Т.Назарованың Қазақстанда президент Ислам Кәрімов пен Қазақстан ішкі істер министрлігін сотқа беруге еш мүмкіндігі жоқ, – дейді А.Садықов.
Қаза тапқан азаматтың анасы Татьяна Назарова. Отбасылық сурет.


Сот қаулысында Өзбекстан президентін сотқа тарту үшін Қазақстандағы Өзбекстан елшілігінің жазбаша рұқсаты қажет екендігі көрсетілген. Ал ҚР ІІМ қатысты талап арызды ведомствоның тіркелген жері – Астанаға жөнелту қажет. Алайда жауапқа тартып отырған екі жақ бір шағым-арызда көрсетілген. Сондықтан бұл жерде екі жақты да бірдей жауапқа тарту біздің басты мақсатымыз деген уәжін айтады Айдос Садықов.

– Өзбекстанның қандай мемлекет екендігін біз білеміз, сондықтан Қазақстандағы елшілік бұл рұқсатты бермейтіндігі анық, – дейді қоғамдық қорғаушы.

Ендігіде жалғыз ұлынан айрылған ана халықаралық сотқа шағым түсіруді көздеп, осы істе қол ұшын бере алатын білікті маман іздестіруде.

Қалыптасқан жағдайға байланысты Қазақстандағы Өзбекстан елшілігіне хабарласқанымызда, хатшы қыз «бүгінде Өзбекстаннан делегация келіп еді, жұмыста ешкім жоқ. Дегенмен сіз барлық сұрақтарыңызды елші атына сұрау салу арқылы қоя аласыздар», – деп жауап берді.

"КӘРІМОВКЕ ҚАРАҒАНДА АҚШ ПРЕЗИДЕНТІН ЖАУАПҚА ТАРТУ ОҢАЙ БОЛАР..."

Өзбекстанның тәуелсіз құқық қорғаушылары ынталы тобының төрағасы Сурат Икрамов Өзбекстан сияқты мемлекетте президентті жауапқа тарту мүмкін емес дегенді айтады.

– Өзбекстан – кез-келген лауазымды тұлғаны жауапқа тартуға мүмкіндік беретін демократиялық мемлекет емес. Мәселен, егер АҚШ президенті қандай да бір қылмыс жасаса, оны жауапқа тарту Кәрімовты жауапқа тартудан оңай болар. Бұл жерде бар билік президенттің қолында, сондықтан президентке қарсы сот процесі басталсын деген жазбаша рұқсатты Қазақстандағы елшілік тұрмақ Өзбекстанның өз ішінде бірде бір орган бермейтіндігі анық. Ислам Кәрімовты қандай да бір жауапқа тарту үшін ол президент тағынан кетуі тиіс. Ал ол жуық арада бола қоймайтын шаруа.

Қазақстан азаматшасына бұл мақсатта – халықаралық ұйымдарға шығып, халықаралық сотқа шағымдануы қажет деген кеңес бере аламын. Оның өзінде нәтижесі қандай болары белгісіз, – дейді өзбекстандық құқық қорғаушы Сурат Икрамов.

ЖІГІТТІҢ ЖҰМБАҚ ӨЛІМІ
Иван Назаровтың мәйіті ауылында жерленді. Алға, шілде, 2009 жыл.


Бұдан бір жыл бұрын Ақтөбе облысының бір топ тұрғыны көршілес Өзбекстанда ұсталған болатын. Олар боранды күні адасып, шекараны байқамай кесіп өтіп кеткендерін айтқан. Бірнеше ай сол елде тұтқында болған 30-ға жуық қазақстандық жүргізушілерді Өзбекстан соты жауапқа тартып, әрқайсысына 11 мың АҚШ доллары көлемінде айыппұл салып, кері қайтарған болатын.

Алайда қтөбелік жүргізушілер өздерімен бірге болған Иван Назаровтың белгісіз жағдайда қаза тапқандығын елге оралған соң ғана білген. Марқұмның анасы Татьяна Назарова ұлын Өзбекстан құқық органдарының қызметкерлері өлтірген деп санайды.

Алайда, оған жауапты азаматтар әлі күнге дейін анықталмай отырғандығын алға тартқан ана Өзбекстан президенті Ислам Каримовты және іске салғырт қараған Қазақстан ІІМ-гін сотқа беріп, жауапкердің әрқайсысынан 1 миллиард теңгеден ( шамамане 6,7 миллион доллар) өтемақы талап еткен еді.

Иван Назаровтың соңында екі жас баласы жетім, әйелі жесір қалды.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG