Accessibility links

Азаттықтың қос тілшісі аймақтық байқаудың арнайы жүлдесін жеңіп алды


Азаттық радиосының тілшісі Дильбегим Мавлоний марапттау салтанатында. Бішкек, 10 желтоқсан, 2010 жыл

Азаттық радиосының тілшісі Дильбегим Мавлоний марапттау салтанатында. Бішкек, 10 желтоқсан, 2010 жыл

Жұма күні Бішкекте Орталық Азия журналистері арасында адам құқығы тақырыбына өткен байқаудың қортындысы жарияланды. Жеңімпаздар қатарында Азаттық радиосы қазақ редакциясының тілшілері Дильбегим Мавлоний мен Жасұлан Көжеков бар.


Желтоқсанның 10-ы, Халықаралық адам құқығын қорғау күні, Бішкек қаласында биыл күзде Орталық Азия журналистері арасында «Құқық қорғау мәселелерін баспасөзде үздік көрсету» тақырыбына өткен байқаудың қортындысы жарияланып, жеңімпаздарға жүлделер тапсырылды.

«Орталық Азияда БАҚ арқылы адам құқығын қорғау және құқық қорғау білімі» жобасы аясында өткізілген бұл байқауды Соғыс және бейбітшілік мәселелері жөніндегі институт (IWPR) ұйымдастырды. Аталған жобаға Еуропалық Комиссия, БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі Жоғарғы Комиссарының Басқармасы мен АҚШ-тың Тәжікстандағы елшілігі қолдау көрсетті.

Үш негізгі және төрт арнайы номинациялар бойынша өткізілген байқауда Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстандағы жергілікті және халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істейтін журналистердің биылғы қыркүйектің 1-і мен қазанның 31-і аралығында аймақтағы адам құқығын қорғауға қатысты жариялаған мақалалары сарапқа салынды.

Орталық Азиядағы төрт елдің танымал құқық қорғаушылары мен медиа саласының сарапшыларынан құралған қазылар алқасы байқауға қатысқан 100-ден астам шығармашылық жұмыстың лайықты деп танылған 15-іне арнайы жүлде табыс етті.

Осы байқауда екі арнайы номинация бойынша «Азат Еуропа/Азаттық»
Соғыс және бейбітшілік институты байқауы жүлдесінің иегері, Азаттық радиосының тілшісі Жасұлан Көжеков (сол жақтан екінші) марапаттау рәсімінде. Бішкек, 10 желтоқсан 2010 жыл.
радиосы Қазақ редакциясының журналистері топ жарды.

«Азаматтардың еркін жүріп-тұруы» тақырыбына жазған мақалалары үшін – Дильбегим Мавлоний және «Азаматтарды ұрып-соғу, азаптау, заңсыз тұтқындау және түрмеге отырғызу» тақырыбына зерттеу мақалалары үшін Жасұлан Көжеков байқаудың жүлдесіне ие болды.

Сондай-ақ, Азаттық радиосының сайтына тұрақты жарияланып жүрген блог авторларының бірі Сергей Расов «Сөз бостандығы» номинациясы бойынша арнайы жүлдемен марапатталды.

Жеңімпаздарға сыйлық ретінде тапсырылған қола мүсіншелер сөз бостандығын білдіретін қауырсын-қанат түрінде жасалған. Осы мүсіншемен бірге жүлде иелеріне Еуропалық комиссияның, Норвегия сыртқы істер министрлігі мен БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы Комиссары Басқармасының дипломдары тапсырылды.

Бұл шараға журналистер, қоғамдық ұйым өкілдері мен бірқатар шетелдік елшіліктердің қызметкерлері қатысты.

Азаттық радиосының ұжымы әріптестерін құттықтап, табысты еңсере беруіне тілектестігін білдіреді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG