Accessibility links

ҮЕҰ Астананың да, Бішкектің де, Душанбенің де қырына ілігеді


"Арқа сүйеу" үкіметтік емес ұйымының кеңсесінен шығып келе жатқан шенеунік. Алматы, 30 мамыр 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

"Арқа сүйеу" үкіметтік емес ұйымының кеңсесінен шығып келе жатқан шенеунік. Алматы, 30 мамыр 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Халықаралық ұйымдар Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстандағы азаматтық белсенділер мен құқық қорғаушылар бірлестіктеріне төнетін қауіп зорайып бара жатқанын айтады.

Қарағандылық азаматтық белсенді Руслан Оздоев өзіне белгісіз біреулердің жиі-жиі қоқан-лоқы көрсететінін айтады.

Ол 2011 жылы Қарағанды облысы Долинка кентіндегі АК-159/7 колониясында жұмбақ жағдайда көз жұмған бауыры Шамиль Ярославлевтің қаза табу себебін анықтау үшін күрескенімен танылған еді.

Түрмедегі тұтқындарға қысым жайлы жазып жүрген белсенді Азаттық тілшісіне:

Қазақстан парламенті ғимараты алдында тұрған белсенді Руслан Оздоев. Астана, 24 қыркүйек 2012 жыл.

Қазақстан парламенті ғимараты алдында тұрған белсенді Руслан Оздоев. Астана, 24 қыркүйек 2012 жыл.

– Тіпті қоқан-лоқыларды кейде тікелей мекеме бастықтарының өздері жасап жатады. Барлығы деп көпке топырақ шаша алмаймын, бірақ кейде мұндай жағдайлар да ұшырасады. Көбіне белгісіз біреулерден ескертулер түседі. Бірде мекемелердің біріне кірмес бұрын прокуратураға барып, «есірткі пайдаланбаймын, таратпаймын» деп ескерту жасауыма тура келді. Себебі соның алдында маған белгісіз біреулер «есірткі салып жіберіп қаматамын» деп қоқан-лоқы жасаған, – дейді.

Мұндай қысымға ұшырайтындарын азаматтарға құқықтық кеңес беріп, Қазақстанның халықаралық стандартқа келмейтін кей заңдарын сынап жүрген құқық қорғаушы Айна Шорманбаева да айтады.

– Жақында үйіме белгісіз біреулер келіп, отбасым жайлы сұрай бастады. Өздерін «әкімшілік өкіліміз» деп таныстырған адамдар біздің қандай ақшаға өмір сүріп жатқанымызды, қалай тұрып жатқанымызды сұрады. Тіпті «Несиелеріңіз бар ма?» деген сияқты сұрақ қойды. Бұл әкімшілік қызметкері қоюы мүмкін сұрақ емес қой, – дейді ол.

Айна Шорманбаева Қазақстандағы кез келген құқық қорғаушы өзіне қысым жасалғанын нақты дәлелдей алмаса да, биліктің қатаң бақылауында екенін сезетінін айтады.

АСТАНА МЕН БІШКЕК ЖӘНЕ ДУШАНБЕНІҢ ЗАҢДАРЫ

Тек Қазақстан ғана емес, Қырғызстан және Тәжікстандағы Руслан Оздоев пен Айна Шорманбаева тәрізді азаматтардың да жұмыстары өмірлеріне қауіпті бола бастағанын Amnesty International, Article 19, Адам құқығы бойынша халықаралық Хельсинки комитеті бастаған құқық қорғау ұйымдары да айтты.

Бұл ұйымдар шілденің 21-і күні осы елдердегі құқық қорғау ұйымдары мен азаматтық белсенділердің тағдырларына алаңдап, үш ел билігін халықаралық құжат талаптарын орындауға шақырған мәлімдеме жасады.

"Арқа сүйеу" үкіметтік емес ұйымының кеңсесіндегі тінту. Алматы, 30 мамыр 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

"Арқа сүйеу" үкіметтік емес ұйымының кеңсесіндегі тінту. Алматы, 30 мамыр 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Олардың мәлімдеуінше, бұл елдерде барған сайын үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) да жауапкершілігін күшейтетін қатал заңдар қабылданып, олардың еркін жұмыс істеуіне тосқауылдар көбейіп барады. «Заңдар ұйым мен белсенділердің құқықтары мен бостандықтарын жеткілікті дәрежеде қамтамасыз ете алмайды» дейді құқық қорғаушылар. Олардың айтуынша, мәселен, Қазақстанда ҮЕҰ-ның тіркелуі міндетті – биліктің ҮЕҰ-ны тіркеу-тіркемеуі не кейін жаба салу құзыреті бар.

Мәлімдеме авторлары Қазақстандағы «2014 жылы 3 шілде күні президент Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған, 2015 жылы қаңтар айында күшіне енетін жаңа қылмыстық кодекс пен онымен байланысты заңдарда ҮЕҰ мен оның мүшелерін қудалап, әрекеттеріне кедергі келтіретін баптар бар» деп біледі.

«Бұдан бөлек, жаңа қылмыстық кодекске сәйкес «тіркелмеген немесе тыйым салынған бірлестіктерге жетекшілік ету, қаржыландыру немесе қатысу» қылмыстық іс болып саналады, қоғамдық ұйымдардың мемлекеттік органдардың ісіне «заңсыз араласқаны» үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған» дейді олар.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қырғызстан мен Тәжікстанда да ҮЕҰ қысым көріп отырғанын мәлімдеді. Мысал ретінде қырғыз парламентіне Ресейдегі «шетел агенті туралы» заңға ұқсас заң жобасы түскені, тағы бір заң жобасында «мемлекетке опасыздық жасау» ұғымын кеңейту ұсынылғаны айтылады. Ал Тәжікстанда «Қоғамдық бірлестіктер» туралы заң бірқатар ұйымдардың жабылуына, жұмысының шектелуіне себеп болған. Халықаралық ұйымдар «Билік мұны құқық қорғаушылардың әрекетін шектеу мақсатында қолдануы мүмкін» деп қауіптенеді.

«ЗАҢГЕРДІ СОТТА САБАҒАНДАР ЖАЗАСЫЗ КЕТКЕН»

Құқық қорғау ұйымдарының айтуынша, бұл үш елде қысымға қарсы күрескен құқық қорғаушылардың өздері кәсіби міндетін атқару барысында кедергілерге тап болған немесе оларға күш қолданылған.

Жаңаөзен оқиғасы бойынша сотталған айыпталушыларды сот залында қоршап тұрған полицейлер. Ақтау, 4 маусым 2012 жыл.(Көрнекі сурет)

Жаңаөзен оқиғасы бойынша сотталған айыпталушыларды сот залында қоршап тұрған полицейлер. Ақтау, 4 маусым 2012 жыл.(Көрнекі сурет)

Мысал ретінде Жаңаөзен оқиғасы кезінде ұсталған, камерада жалаңаш күйде аяусыз соққыға жығылып, аязда үстеріне суық су құйылған азаматтарға заңгерлердің жіберілмегені айтылды.

Ал Қырғызстанда 2010 жылы маусымда болған қақтығыс кезінде этникалық өзбектердің құқықтарын қорғаған бірнеше заңгер сот залында соққыға жығылып, оларға шабуыл жасағандар жазасыз қалған.

Мәлімдеме авторлары үш елдің азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге мүше екенін ескерте келе, бұл елдердің билігін ҮЕҰ әрекеттеріне кедергі жасамауға, заңсыз жаппауға, оларға қатысты қудалауды тоқтатуға, тіркеу рәсімін жеңілдетуге шақырды.

Қазақстанда 27 мыңдай ҮЕҰ тіркелген. Бірақ олардың арасында халықтың азаматтық белсенділігін насихаттайтын, құқығын қорғайтын, қоғамдық-саяси өмірге араласуын қолдайтын ұйымдар көп емес. Көптеген ҮЕҰ үкімет пен жекелеген мемлекеттік ведомство имиджін қалыптастырумен ғана айналысады. Мұндай ҮЕҰ-ні қазір жұрт GONGO (ағылшынша, Government-Organized Non-Governmental Organization – үкімет құрған үкіметтік емес ұйымдар) деп атайды. Сарапшылардың сөзінше, елде билікке тәуелсіз ҮЕҰ қатары жылдан жылға сиреп барады.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG