Accessibility links

Орталық Азияда әйел теңдігіне жету қиын


Әйелдерге бала тууға байланысты берілетін төлемдерді қысқартпауды сұраған әйелдер Қазақстан билігіне жолдаған хаттарына қол қойып жатыр. Алматы, 20 ақпан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Әйелдерге бала тууға байланысты берілетін төлемдерді қысқартпауды сұраған әйелдер Қазақстан билігіне жолдаған хаттарына қол қойып жатыр. Алматы, 20 ақпан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Нью-Йоркте Орталық Азия құқық қорғаушылары БҰҰ мінберінен гендерлік теңдікке қол жеткізу үшін әйелдерді саясатқа белсенді араласуға шақырды.

Пәкістандық белсенді әйелдің діни фундаментализмнің гендерлік дамуға әсері жайлы сұрағына Қазақстандағы «Феминистік лига» президенті Евгения Козырева «Соңғы алты жылда кеңсемізді екі рет өртеді, терезеден бірнеше мәрте оқ атты. Ал қылмыскерлерді таппады. Бізде кез келген өзгеріс, прогресс қиындықпен жасалады» деп жауап берді.

Қырғызстандағы «Алға» үкіметтік емес ұйымынан келген Ольга Джанаеваның айтуынша, діни фундаментализм проблемасы Қырғызстанда да ушығып тұр. Елдегі ерте және тіркелмеген неке санының көбеюін ол осы проблемамен байланыстырады. Бірақ Джанаева жиында былтыр жүргізілген зерттеу деректерін келтірді.

«ВИЧ-ке шалдыққан тәжік әйелдері желісі» директоры Тахмина Хайдарова дін ықпалы күшейіп тұрған, ал мұсылман дінбасылары 2010 жылға дейін ВИЧ туралы айтудан мүлде бас тартқан Тәжікстандағы кейбір өзгерістер жайлы айтты. 2011 жылы өткізілген тренингтрден кейін имамдар біртіндеп осы тақырыпта уағыз оқып, СПИД-ке шалдыққан науқастар мен ВИЧ жұқтырған жандарға түсіністікпен қарауға шақыра бастаған.

Қазақстандағы «Феминистік лига» президенті Евгения Козырева.

Қазақстандағы «Феминистік лига» президенті Евгения Козырева.

БҰҰ-ның әйелдер мәртебесі жөніндегі комиссиясының 59-сессиясына қатысып жатқан Орталық Азия құқық қорғаушылары наурыздың 12-сі күні өзге елдерден келген әріптестеріне аймақтағы әйелдердің жетістіктері мен әйел теңдігі үшін күрес жолындағы қиындықтарды баяндады.

Жиынға қатысушылар бұл салада қол жеткен аз-кем жетістіктің өзін үлкен ықыласпен қабылдады. Мысалы, Ыстықкөл облысынан келген ауылдық депутат Динара Бейшембиева жергілікті заң шығару органындағы әйел депутаттар саны үштен 30-ға дейін көбейгенін айтқан кезде залдағылар ду қол шапалақтады.

Бірақ Орталық Азияда жыныстық кемсіту фактілері қоғамдық өмірдің көп саласында әлі де кездеседі әрі әйелдердің саяси ықпалы әлі де әлсіз. Ыстықкөл облысындағы жергілікті парламентке үш жылдан бері мүше болып отырған Динара Бейшембиева депутаттар ішінде ерлер саны бес есе көп екенін айтты.

Динара Бейшембиева «Әйел депутаттарға стереотип, сенімсіздік, сарказм сияқты талай қиындықты еңсеруге тура келді» дейді.

Аймақта еңбек нарығында әйелдерді кемсіту оқиғалары көп. Бірдей жұмысты атқарған ерлер мен әйелдерге еңбекақыны алалап төлеу азаймай тұр. Мысалы, Евгения Козыреваның дерегінше, Қазақстанда әйелдердің жалақысы ерлер жалақысының 70 пайызы болып отыр. Әсіресе жас келіншектер мен 35-40 жас аралығындағы әйелдерді жұмысқа алмай жатады.

Теміржол саласына қарасты компания қызметкерлері жұмыс орындарын қысқартуға қатысты наразылықтарын айтып тұр. Маңғыстау облысы, 2014 жылдың шілдесі. (Көрнекі сурет)

Теміржол саласына қарасты компания қызметкерлері жұмыс орындарын қысқартуға қатысты наразылықтарын айтып тұр. Маңғыстау облысы, 2014 жылдың шілдесі. (Көрнекі сурет)

Көптеген әйелдердің жұмысқа тұру мүмкіндігі шектеулі, өйткені олардың жұмыс мен отбасылық міндеттерін үйлестіре атқаруына жағдай жасалмаған. Аймақта бұл проблема жаппай тарағанымен, ананы қорғау жүйесі нашар жұмыс істейді. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) сарапшылары әлемдегі жұмыс істейтін 800 миллионнан аса әйелдің «аналарды қорғау жүйесі жеңілдіктеріне тиісті дәрежеде қол жеткізе алмай отырғанын» мәлімдеді.

Балалы әйелдердің кірісі ер адамдар ғана емес, баласы жоқ әйелдермен салыстырғанда да аз. Жұмыс істейтін әйелдердің баласы көбейген сайын еңбекақысы да азая түседі. Баяндама авторларының жазуынша, Еуропа елдерінде бір балалы келіншек жұмысқа шықса, жалақы мөлшерін көп жоғалтпайды. Бірақ екі, әсіресе үш баласы бар әйелдердің жалақысы көп төмен.

ХЕҰ сарапшылары «егер қазірден бастап белсенді қимылдап, әйелдер мен ерлер табысының теңдігіне қол жеткізбесек, 71 жыл өткенше бұл салада теңдік орнату мүмкін болмайды» деп ескертеді. Бірақ қазір Нью-Йорк қаласында өтіп жатқан БҰҰ-ның әйелдер мәртебесі жөніндегі комиссиясының отырысында 189 елдің үкіметі инвестиция құю арқылы 2030 жылға қарай толық гендерлік теңдікорнатамыз деп міндеттеме алды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG