Accessibility links

Ресей депутаты шетелдік легион құруды ұсынды


Ресей мемлекеттік думасының депутаты Роман Худяков парламент мінберінен сөйлеп тұр. Мәскеу, 21 қараша 2012 жыл.
Ресей мемлекеттік думасының депутаты Роман Худяков парламент мінберінен сөйлеп тұр. Мәскеу, 21 қараша 2012 жыл.

Ресей парламенті мүшесінің Орталық Азия елдері азаматтарынан жасақталған «шетелдік легион» құру туралы бастамасын қазақстандық кейбір сарапшылар арандатушылық сипаты бар ұсыныс деп сынады.

ДУМА МҮШЕСІНІҢ БАСТАМАСЫ

Ресей мемлекеттік думасындағы ЛДПР фракциясының мүшесі Роман Худяков елдің қорғаныс министрлігі мен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ) Ресей қарулы күштері құрамында шетелдік азаматтардан жасақталған әскери бірлестік құруды ұсынды.

Депутаттың айтуынша, Францияның шетелдік легионы іспеттес құруға болатын әскери бірлестікті Орталық Азиядағы тұрақтылықты сақтауға және «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік тобына қарсы күреске, сонымен бірге, Украинаның шығысына – «Новороссияға көмектесу» мақсатына пайдалануға болады.

Худяков «легион» қатарына келісім шарт бойынша әскери қызметке алынған шетелдіктерге Ресей қарулы күштері әскери қызметшілерімен бірдей жалақы төлеп, алты жыл әскери қызмет атқарғаннан кейін оларға Ресей азаматтығын беру жөнінде ұсыныс айтады.

Оның сөзінше, Өзбекстан немесе Тәжікстан сияқты Орталық Азия елдерінің азаматтарынан жасақталатын шетелдік легионға ресейлік офицерлер басшылық жасауы тиіс. Мұндай легионның болуы ресейлік әскери қызметкерлердің басқа елдердегі соғыс іс-қимылдарына қатыспауына мүкіндік береді дейді депутат.

ШЕТЕЛДІК ЛЕГИОН

Қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаев ресейлік депутат Роман Худяковтың бастамасын арандату сипаты бар ұсыныс деп бағалайды.

– Мұндай мәлімдеме аймақтағы (Орталық Азиядағы – ред.) мемлекеттердің егемендігіне, өз қауіпсіздіктерін өздері қорғау құқығына күмән келтіретіндей мазмұнда айтылып отыр. Депутаттың пікіріне салсақ, аймақ елдеріне ондай қауіпсіздікті тек Ресей ғана қамтамасыз ете алады-мыс, - дейді ол.

Сарапшы ресейлік депутаттың Францияның шетелдік легионын мысалға алуын сәтсіз салыстырма деп атады.

Францияның шетел легионы сарбаздары Чилиде,
Францияның шетел легионы сарбаздары Чилиде,

– Депутаттың тарихтан хабары болса, Франция шетелдік легионды кезінде өз отарындағы елдерде тәртіп орнату үшін құрғанын білер еді. Сондықтан Худяковтың ол легионды мысалға келтіруі сәтсіздеу болды, себебі, Орталық Азия елдерінде Ресейдің отарлық саясаты туралы сөздер әлі айтылып келе жатқанын ұмытпаған жөн, - дейді сарапшы.

Сәтпаев ИМ тәрізді радикалдық күштер тарапынан Орталық Азия елдеріне төнер қауіп-қатер барын жоққа шығармайды. Ондай қауіп Ирак пен Сирияда соғыс қимылдарына белсенді қатысып жүрген осы аймақ елдерінің азаматтарынан келуі мүмкін екенін ескертеді.

– Егер солардың бір бөлігі, айталық, аймақтағы елдермен бірге Ауғанстанға да оралып, сол елде ұзақ уақыттан бері әрекет етіп келе жатқан Талибан, бір кездегі «Өзбекстан ислам қозғалысы» сияқты радикалдық топтармен бірігетін болса, Орталық Азияда террорлық ұйымдардың жаңа түрлері пайда болып, Сирия мен Ирактағыдай белсенді іс-қимылдарға көшуі де мүмкін, - дейді ол.

Оның сөзінше, шырпы тартып қалса жарылғалы тұрған оқ-дәрі қоймасы іспеттес Орталық Азия аймағында ұлтаралық мәселелерден бастап су тапшылығына дейін қордаланып қалған проблемалар жетіліп артылады. Ал қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесінде аймақ елдері арасында өзара ынтымақтастықтың жоқтығы жасырын емес дейді саясаттанушы.

Оның үстіне, егер аймақтағы екі үлкен елде – Өзбекстан мен Қазақстанда биліктің ауысуы сәтсіз жүргізілетін болса, оның соңы сол ел мен бүкіл аймақты тұрақсыздық жайлап алуына алып келуі ықтимал. Ондай кезде радикалдық ұйымдарға қолайлы жағдай тумақ.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев. Алматы, 20 қараша 2012 жыл.
Саясаттанушы Досым Сәтпаев. Алматы, 20 қараша 2012 жыл.

– Бірақ, мұндай мәселелерді аймақ елдері тек өздері ғана шешуі тиіс. Және оны шешетіндей мүмкіндіктері де бар, тек ең негізгісі – саяси ерік-жігер ғана жетіспейді. ҰҚШҰ аясында құрылған ұжымдық жедел іс-қимыл күштері тұрғанда жаңадан қайдағы бір «шетелдік легион» құрудың еш қисыны жоқ, - дейді Сатпаев.

Қазақстан қажеттілік туған жағдайда террористік және экстремистік қауіп-қатерге қарсы күресте ҰЗШҰ сияқты ұйымның көмегіне жүгіне алатынын Қазақстан ұлттық қауіпсізік комитетінің бұрынғы төрағасы генерал Болат Баекенов те айтады.

– Мемлекеттер арасында жасалған ұжымдық келісім бойынша, егер ұйымға мүше бір елдің қауіпсіздігіне қатер төнетіндей болса, келісімге қол қойған өзге елдер оны қорғауға қатыса алады. Егер аймақтағы бір мемлекет әскери оқу-жаттығу және басқадай тұрғыда өзге елден жәрдем алғысы келсе, ол халықаралық деңгейде екіжақты келісім негізінде шешілуі керек, - дейді ол.

Ал Ресей депутаты ұсынып отырғандай, қорғаныс министрлігі құрылымына енетін қарулы жасақты екінші бір елдің аумағына кіргізу – ол елдің егемендігіне қол сұғу болмақ.

УКРАИНАҒА ӘСКЕР ЖІБЕРУ

Украинаның шығысындағы әскери іс-қимылдар басталғалы бері ол жаққа жалдамалы әскерилер апару ендігі қалыптасқан тәжірибеге айналып отырғанын айтқан Досым Сәтпаев, ресейлік саясаткер Роман Худяковтың жанжал аймағына басқа шетелдік азаматтардан жасақталған ресми әскери құрылым жіберу туралы ұсынысын сынға алды.

– Атауы қандай болатынына қарамастан, шетелдік, мәселен, Орталық Азия елдері азаматтарынан тұратын ресми әскери топты апару, бұл енді Ресей мен Украина арасындағы жанжалға Орталық Азия елдерін киліктіру болар еді. Тіпті, әскер жалдамалы болса да, ондай қадам Украина басшылығы мен Орталық Азия елдері арасында кикілжің тууына негіз болары сөзсіз, - дейді Сәтпаев.

ҰҚК бұрынғы жетекшісі Болат Баекенов. Алматы, 5 сәуір 2012 жыл.
ҰҚК бұрынғы жетекшісі Болат Баекенов. Алматы, 5 сәуір 2012 жыл.

ҰҚК бұрынғы жетекшісі Болат Баекеновтің айтуынша, бір елдің әскерилер тобы екінші мемлекеттің аумағына тек сол елдің үкіметінің сұрауымен ғана бара алады.

– Іс жүзінде азаматтық соғыс жүріп жатқан елдегі жағдайға байланысты онсыз да Ресейдің атына айыптаулар аз айтылып жатқан жоқ. Онда еріктілердің жүргені айтылады. Бірақ олар өз бетінше баратындықтан ерікті деп аталатыны да сол. Ал депутат айтып отырғандай ресми әскер жіберілсе – басқыншылық болады. Ол жаққа ресми түрде әскер жіберуге Ресейдің құқығы жоқ, - дейді генерал.

  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG