Accessibility links

Еуропа Ашғабатпен арбасып отырғанда Бердімұхаммедовтың күйеу баласы өсіп қалды


Франция президенті Николя Саркози Елисей сарайында Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовты қарсы алып тұр. Париж, 1 ақпан 2010 жыл.

Франция президенті Николя Саркози Елисей сарайында Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовты қарсы алып тұр. Париж, 1 ақпан 2010 жыл.

Түркіменстан ақпанның 14-інде екінші президентінің қызметке кіріскеніне төрт жыл толуын атап өтеді. Бірақ коррупцияға байланысты аты жиі аталатын президенттің күйеу баласы кейінгі кезде көзге түспейді.


Бердімұхамедовтің президент болғанының төрт жылдығына орай бүкіл Түркіменстанда мерекелік шаралар, конференциялар, жиындар өтіп жатыр. Ашғабатта қаңтардың 14-і күні кешке өнерпаздардың үлкен концерті болады.

Бердімұхамедов төрт жылдың ішінде Ниязовтан қалған авторитарлық жүйені өзіне ыңғайлап үлгерді. Оған қоса Еуропа одағы шенеуніктерімен де тіл табысып кетті. Өз туыстарын маңызды орындарға жайғастырды. Түркіменстанда да Орталық Азия елдерінің (Қырғызстаннан басқа) бәрінде бар Бас күйеу бала табылды.


ЕУРОПАҒА ҚҰПИЯ САПАРЛАР

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов 2008 жылдың қараша айында Алманияға барған сапарда негізгі тақырып энергетикаға қатысты болды. Ол Аустрияға да дәл осы мақсатпен барды. Азаматтық белсенділер түркімен президентінің осы Еуропа елдеріне сапары құпияға толы болғанын айтады.

Демократиялық мемлекеттер басшыларының сапарынан айырмашылығы – түркімен басшысының сапары кезінде еуропалық шенеуніктер оның келетін уақытын, сапар кестесін, күн тәртібін және баспасөз мәслихаты өтетін жерді мүлдем хабарламайды немесе тек оқиға алдында ғана айтады.

Түркімен Хельсинки қорының төрайымы Тәжігүл Бегмедова Азаттық радиосымен болған сұқбатта Гурбангулы Бердімұхамедовтің Парижге өткен жылы барған сапары да құпия жағдайда өтті деді.

– Николя Саркози сайлау алдында «бір де бір диктатордың ісін мақұлдамаймын» деп уәде бергеніне қарамастан, 2010 жылдың 1 ақпанында Елисей сарайында әлемдегі ең бір сорақы диктатор деп саналатын Гурбангулы Бердімұхамедовпен бірге түстік ас ішті, – дейді Тәжігүл Бегмедова.
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов (сол жақта) және Еуропа комиссиясы президенті Жозе Мануэль Баррозу.
2011 жылдың 15 қаңтарында Еурокомиссия басшысы Жозе Мануэль Баррозу Ашғабатта болды. Осы сапар кезінде Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Еуропаға газ сатуға даяр екендігін білдірді. Келесі күні Түркіменстанның Өзбекстандағы елшісі Сұлтан Пірмұхамедов «егер саясат болмағанда, «Набукко» сияқты жобалар әлдеқашан жүзеге асқан болар еді деді.


СӘЙКЕС КЕЛМЕЙТІНДІ СӘЙКЕС КЕЛТІРУ

Халықаралық ұйымдар түркімен басшылығымен мәмілеге келіп, айтқанына көніп, тіпті ашықтан-ашық сыйлық беру арқылы қоғамда шынайы өзгерістер жасатқысы келеді. «Экономист» журналының жазуынша, демократиялық тұрғысынан келгенде Түркіменстан әлемдегі 165 елдің ішінде 163-ші орында тұрған көрінеді. Deutsche welle («Неміс толқыны») радиосының бағдарламасындағы сарапшылар «демократиялық елдердің мұндай режимдермен қарым-қатынасын ұстап тұру үшін белгілі бір құбылыстарға көз жұма қарауы үлкен проблемаға айналды» дейді.

Еуропа адам құқы жөніндегі еуропалық стандарттарды Түркіменстандағы өзінің экономикалық мүддесімен қабыстырғысы келеді. Еуропалық одақ түркімен газын алғысы келеді, бірақ сол газға төленген ақша Түрменстандағы диктатураның нығаюына жұмсалғанын қаламайды.


ЖАҢА ТУҒАН НӘРЕСТЕЛЕРГЕ АРНАЛҒАН МӘСІ

Түркіменстан табиғи газды өндіру мен экспорттау бойынша Орталық Азияда жетекші орында тұр. Тәуелсіздік алған кезден бастап Түркіменстан экономикасы негізінен қуат көздерін экспорттауға сүйенеді. Тіпті түркімендердің табиғи газды әлемдік бағадан екі-төрт есеге арзан бағаға сатқан кездері де, тіпті айырбас жасаған сәттері де болды.
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов Шатлықта Шығыс-Батыс газ құбырының ашылу салтанатында. Түркіменстан, 31 мамыр 2010 жыл.
Айырбас демекші, 1990 жылдардың ортасында Ашғабатта кенеттен ГДР (Шығыс Германия) сарбаздарының киімін киген әскерилер пайда болды. Сөйтсе, полиция академиясының курсанттарына айырбаспен келген киімдерді кигізіп қойыпты.

Ал британдық Global Witness («Глобал Уитнесс») үкіметтік емес ұйымының «Түркіменстан мен Украина арасындағы газ саудасы кезіндегі мағынасыз жағдай» деп аталатын есепте бар болғаны 4 миллион ғана халқы бар Түркіменстанға 12 миллион жұп мәсі жіберілгені айтылады. Яғни, жаңа туған сәбилерді қоса есептегенде, жан басына үш мәсіден тиген.


ӨТЕ ҚҰПИЯ ЕСЕП

Түркменнің басты қаржылық құжаты – ел бюджеті бар болғаны сегіз баптан тұрады. Онда уәлаят бюджеттерінің кіріс және шығыс бөліктері ғана көрсетілген. Өзге ешнәрсе жоқ.

Ел үшін өте маңызды бұл құжатты парламент ешқандай талқылаусыз қабылдайды. Ал оның құрылымы сырт көзден барынша құпия ұсталады.


ХАЛЫҚТЫҢ ШАМАСЫ ЖЕТПЕЙТІН ОҚУ МЕН ЕМДЕЛУ

«2011 жылы Түркіменстан мемлекеттік бюджетінің шығыс бөлігі 28,3 пайызға, яғни бес миллиард долларға көбейеді» деп хабарлайды Turkmenistan.ru интернет-сайты.

Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет саласына бөлінетін қаржыны көбейтуге президент Гурбангулы Бердімұхамедовтың өзі тікелей уәде берді. Тіпті, жоспарланып отырған қаржы мөлшерін де атады. 2010 жылдың 13 желтоқсанында сайт халықаралық ұйымдардың бұл шешімге деген оң көзқарасын да салтанатты түрде хабарлап тастады.

Алайда шетелдік сарапшылар мен жергілікті халық бұл қаржының барлығы әдеттегідей көз алдайтын ескерткіштер мен субұрқақтар құрылысына кететін болар деп қауіптенеді. Тіпті заманауи медициналық мекемелер мен оқу орындарын салған күннің өзінде, ол жерде емделу мен оқуға ел азаматтарының көпшілігінің шамасы жетпейді.


КҮЙЕУ БАЛА ДОВЛЕТ

Орталық Азия елдерінде газға қатысты келісім-шарттарды бөлу, газ экспортының квотасын бөлу, шетелдік инвесторларды тарту сияқты стратегиялық шешімдерді қабылдайтын – президенттердің тікелей өздері немесе олардың сенімді адамдары (көбінесе, күйеу балалары). Мұндай күйеу бала Түркіменстанда да бар.

2009 жылы Түркіменстан, Қазақстан және Өзбекстанды Қытаймен байланыстыратын газ құбыры іске қосылды. Бұған төрт миллиард доллар несие берілген. Оның үш миллиард доллары газ кен орындарын игеруге байланысты қытайлық тауарлар мен қызметтерді сатып алуға жұмсалады. 2010 жылы Әмударияның оң жағалауынан үлкен газ кен орны табылды. Сарапшылардың пікірінше, мұнда жылына 100 млрд куб метр газ өндіруге болады. Дәл осы жерде Довлет Атабаевтың құлағы қылтияды. Ол кім?

Довлет Атабаев – «Президенттің күйеу баласы, көмірсутек ресурстарын басқару мен пайдалану жөніндегі агенттіктің Лондондағы өкілдігін басқарушы» дейді аты-жөнін құпия ұстағысы келген Түркіменстан мұнай және газ министрлігінің қызметкері. Түркімен шенеунігі Азаттық радиосымен болған әңгімеде: «Довлет Атабаевтың қатысуымен болып жатқан бұлыңғыр газ келісімдері ешқандай жақсылыққа апармайды», – деді.

Довлет Атабаев басқаратын мекеменің шынайы мақсаты жөніндегі теорияны «Евразиянет» интернет-сайты ұсынады: «Шындап келгенде бұл Түркіменстанда жұмыс істегісі келетін кез-келген энергетикалық компанияның өтетін қақпасы», – дейді сайт.

Күйеу балалар іскерлік байланыс орнатып, келісім жасап жатқан кездегі қайын аталардың жұмысы – аса қымбат сыйлықтарды қабылдау ғана.

Каспий теңізінің түркімен секторындағы учаскелердің бірін барлау мен игеруге ресейлік «Итера» газ компаниясы рұқсат алған екен. «Уикиликс» сайтында жарияланған деректерге сәйкес, әлгі компания президент Гурбангулы Бердімұхамедовке құны 60 миллион еуролық люкс яхтаны сыйға тартқан.

Дәл осы кезде, «Гэллоп» институтының деректері бойынша, Түркіменстан халқының 38 пайызы баспаналарының өткен жылғы ақысын да төлей алмай отырған.

Алдағыны күні бұрын ойлайтын қытайлықтар 2006 жылы-ақ Түркіменстанмен 30 жылдың бедерінде 30 миллиард куб метр газ сатып алу жөнінде келісімге қол қойған. Оның ішінде Әмудария өзенінің оң жағалауындағы барлық газ кен орындарын барлау мен өндіру құқы бар.

Көмірсутек ресурстарын басқару мен пайдалану жөніндегі агенттіктің Довлет Атабаев басқаратын Лондондағы өкілдігі жабылды деп хабарлады 2010 жылдың 21 желтоқсанында «Түркіменстан. Алтын ғасыр» веб-сайты. Бұл кеңсенің жабылуы жөніндегі ақпарат «Уикиликс» сайтындағы әшкерелеу материалдарынан соң іле-шала жария болды.

(Дерия Атабаев – біздің радионың экономикалық шолушысының лақап аты. Ол Түркіменстандағы жоғары дәрежелі мемлекеттік менеджерлердің бірі болған, қазір эмиграцияда жүр. Бұл мақаладағы көзқарасы мен пікірлері Азаттық радиосының ұстанымымен сай келмеуі де мүмкін).

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG