Accessibility links

Орталық Азия елдерінің ЮНЕСКО-дағы бәсекесі


Түркіменстанда Наурыз мерекесінде ерлер көже пісіріп жарысады. Ашхабад, 22 наурыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Түркіменстанда Наурыз мерекесінде ерлер көже пісіріп жарысады. Ашхабад, 22 наурыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Ежелгі қалалары мен рухани мұралары арқылы «ұлт тарихының тереңдігін» паш етуге арналған ЮНЕСКО аясындағы ұлан-асыр тойлар Орталық Азия ұлттарының «меншік құқығын» қоздырды.

Орталық Азия елдері ұлттық тағамын, өнері мен ойынын ЮНЕСКО арқылы меншіктеп алғанды қалайды.

Ортақ рухани мұраларды ЮНЕСКО-ға тіркетіп, өз ұлтының атынан жеке дара хаттатып қоюға ұмтылу әрекеті кейде екі ұлт, екі мемлекет арасындағы дау-дамайға ұласады. Мұндайда ұлттық мұраның әлемдік ғажайып мұра санатына қосылғаны емес, иесі кім екені маңыздырақ болып шығады.

Мәселен жақында түріктердің ұсынысы бойынша ЮНЕСКО қорғауына алынған «кешкек» деген тағамды армяндар «бізден шыққан» деп мәлімдеген. Ал Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің «толма – әзербайжандардың ұлттық тағамы» деген сөзі онсыз да араз екі мемлекеті одан әрі қырын қаратты.

Осыған ұқсас жағдайлар Орталық Азияда, соның ішінде қазақ, қырғыз, өзбек, тәжік, түрікмен арасында жиі кездеседі. Бұл елдер ортақ ұлттық мәдени мұраларын халықаралық ЮНЕСКО ұйымына кейде бірге, кейде оңаша тіркетіп қойғанды жөн көреді.

«ҚЫТАЙДЫҢ «БЕКЗАТ» ӨНЕРІ»

Қырғызстандық «Айтыс» қоғамдық қорының төрағасы Садық Шернияздың «Қазақстан мен Қырғызстан бірігіп, айтысты ЮНЕСКО-ның қорғауындағы мәдени мұра қатарына жатқызу туралы ұсыныс дайындап жатқандығы» жөніндегі биылғы қаңтарда айтқан пікірі осындай «біріккен әрекеттен» хабар берген еді.

Садық Шернияздың пікірінен кейін Азаттық тілшісі ЮНЕСКО-ның Қазақстандағы өкілдігіне хабарласып, кеңесші Майра Ысқақовамен сөйлесіп көрді. Бірақ ол айтыстың ұсынылып жатқанын растағанмен, оның қай елден түскенін білмеді.

Бірақ өткен жылдың соңында Мәдениет министрінің орынбасары Ғазиз Телебаев «айтыстың ЮНЕСКО қорғауына алынатынын» айтқан болатын. Президент мәдени орталығы директорының орынбасары Шырымбек Қойлыбаевтың: «ЮНЕСКО-ға ұсыну мәселесі ел тарихында, тәжірибеде болмаған. Сондықтан Қытайдың тәжірибесімен бірлесіп ұсынсақ деген мәселе туындап отыр. Біздің мемлекет қосылып ұсынбаған күнде де Қытай мемлекеті өз жеріндегі қазақ ұлтының өкілдері атынан ұсынуға талаптанып отыр» деген пікірі де сол кезде тараған.
Қырғыздың айтыскер ақыны Аалы Туткучев. Қырғызстан, 31 мамыр 2011 жыл.

Қырғыздың айтыскер ақыны Аалы Туткучев. Қырғызстан, 31 мамыр 2011 жыл.


Бұл пікірді былтыр желтоқсанда тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай Астанада өткен аламан айтысты жүргізуші Жүрсін Ерман да қуаттап, «ЮНЕСКО-ға кіріп жатқанымыз рас және бастама бізден емес, бір жарым миллион қандастар тұратын Қытай тарапынан «бекзат» өнер ретінде ұсынылып отыр» деген болатын.

Бұл сөздерден Қазақстан айтыстың Қытай елі тарапынан ұсынылуына қарсы еместігі көрінеді. Алайда осыған ұқсас жағдайды қырғыздар да бастан өткізген еді. 2009 жылы қырғыз эпосы «Манасты» ЮНЕСКО адамзаттың бейматериалдық ғажайып мұрасы санатына қосқанда қырғыздың «Айтыш» және «Манас-Мурас» қоғамдық қорлары қарсы үндеу жасаған болатын.

Олардың айтуынша, «қырғыз эпосын ЮНЕСКО-ға Қытайдағы қырғыз диапорасы ұсынған. Сондықтан оны Қытай мемлекетінікі, қытайдікі деген жаңсақ ой қалыптасуы мүмкін. Осыны ескеріп, ұсынысты Қырғызстан жасауы тиіс». Бірақ мұраны алғашқы ұсынған ел ретінде 2009 жылы «Манас» бейматериалдық мәдени мұра ретінде Қытайдың атынан тіркелген.

АРАБ ПЕН ЕУРОПА ЕЛДЕРІ ТІРКЕТКЕН ҚҰС САЛУ ӨНЕРІ

1995 жылы Қырғызстан «Манас» эпосының 1000 жылдығын, 1999 жылы Қазақстан «Қорқыт ата кітабының» 1300 жылдығын және сол жылы Өзбекстан «Алпамыс» жырының 1000 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде атап өтті.

2001 жылы Өзбекстан түркі-парсы жұртына ортақ көне әдеби мұра «Авестаның» 2700 жылдығын да ЮНЕСКО деңгейінде тойлады. Сол жылы Өзбекстанның Байсын ауданын, яғни жырда айтылатын Алпамыс батырдың құтты мекені – Жиделібайсынды ЮНЕСКО адамзаттың бейматериалдық ғажайып мұрасы санатына қосты.
Бүркітші құсының томағасын сыпырды. Алматы облысы, 9 желтоқсан 2011 жыл.

Бүркітші құсының томағасын сыпырды. Алматы облысы, 9 желтоқсан 2011 жыл.


Қазақстан Түркістан қаласының 1500, Тараз қаласының 2000 жылдығын атап өтсе, Өзбекстан одан да асырыңқырап, Самарқанның 2750, Ташкенттің 2200 жылдығын ЮНЕСКО арқылы «дәлелдеді».

Ежелгі қалалары мен рухани мұралары арқылы «ұлт тарихының тереңдігін» паш етуге арналған тағы да басқа ұлан-асыр тойлар Орталық Азия ұлттарының «меншік құқығын» қоздыра түсті.

2010 жылдың қаңтарында Қырғызстанның «Салбурун» федерациясы жетекшісінің «қырғыздың аңшылық мұрасы салбурунды ЮНЕСКО-ға ресми түрде тіркетіп алмаса, қазақ туғандар бұл ойынды меншіктеп кетуі мүмкін» деген сөзі осы сыңайда айтылған еді.

Бір қызығы құс салып аң аулау дәстүрі 2012 жылы ЮНЕСКО-ның бейматериалдық мәдени мұралар тізіміне мүлдем басқа елдердің ұсынысы бойынша кірді. Саятшылықтың бұл түрін ұсынған 13 елдің ішінде Орталық Азиядан (Моңғолияны есептемегенде) бірде-бір мемлекет кірмеген. Олар: БАӘ, Австрия, Бельгия, Чехия, Франция, Венгрия, Оңтүстік Корея, Моңғолия, Морокко, Катар, Сауд Арабиясы, Испания және Сирия.

Бұдан бір жыл өте «ұлттық құндылықтарды патенттеп, керек болса ЮНЕСКО-ға тіркеп қою керек» деген мәселе Қазақстан парламентінде де көтерілді. «Қазы-қарта, жал-жая, құрт ірімшік, қымыз секілді ұлттық тағамдармен қатар ұлттық ойындарды, ат әбзелдері, саятшылықты, керек болса ауыз әдебиетінің үлгілерін көрші ағайындардың қолды қылып жатқаны жөнінде» депутаттардың бірі мәлімдеме де жасады.

ҚАЗАҚСТАННАН БЕЙМАТЕРИАЛДЫҚ МҰРА ЖОҚ

ЮНЕСКО-ның ресми сайтында көрсетілген адамзаттың бейматериалдық мұралары тізімінен қазақ депутаты тізген ұлттық тағамдар ғана емес, Өзбекстан 1000 жылдығын атап өткен «Алпамыш» жыры да көзге түспеді.
Астана алаңында наурыз көже тегін таратылды. Алматы, 21 наурыз 2011 жыл.

Астана алаңында наурыз көже тегін таратылды. Алматы, 21 наурыз 2011 жыл.


Ресми сайттағы мәліметке қарағанда, Әзербайжан, Иран, Қырғызстан, Өзбекстан, Пәкістан, Үндістан атынан адамзаттың бейматериалдық ғажайып мұрасы санаты бойынша ЮНЕСКО тізіміне Наурыз мейрамы тіркелген. Соған сәйкес Біріккен ұлттар ұйымы 2010 жылы ақпанның 18-іне наурыздың жиырма бірін халықаралық мереке ретінде жариялады.

Аталған санат бойынша Өзбекстан атынан төрт мұра енгізілген. «Наурыздан» өзге дәстүрлі әншілік өнері «Кәтта ашула» (2009) мен Тәжікстанмен бірге ұсынған дәстүрлі «Шашмақам» жанры (2008) және тарихи Бойсун (Жиделібайсын) өңірі бар.

Қырғызстаннан «Наурыз» мерекесімен қатар, қырғыздың дастаншылық, төкпелік өнері (2003) Ала киіз бен Шырдақ (сырмақ) тігу өнері (2012) тіркелген. Тәжікстан атынан «Наурыз» бен Өзбекстанмен бірге «Шашмақам» ұсынылыпты.

Ал Әзербайжан Наурыздан бөлек «Әзербайжан мақамын» (2008), дәстүрлі кілем тігу өнері (2010) мен қолөнерін (2012) тіркетіпті.

Шыңжаң ұйғырлары 2008 жылы «Ұйғыр мақамы» деген атпен фольклорлық ән-күй орындау дәстүірін бейматериалдық мұра тізіміне кіргізген. 2010 жылы ұйғырлар «мешреп» - ерлердің мәслихат үстінде ән айтып, би билеу дәстүрін де тіркеткен.

Бейматериалдық мәдени мұрасы ең көп тіркелген аймақ елдерінің бірі ретінде Моңғолияны атап өтуге тұрарлық. Бұл ел 2008 жылы уртын дуу (ән айту дәстүрі) өнерін, және моринхур аспабын (қобызға ұқсас), 2009 жылы цуур сыбызғысын, моңғол тули жыршылық өнерін, биелге биін, 2010 жылы наадам фестивалі мен хомей (көмекеймен) ән айту дәстүрін, 2011 жылы лимбе сыбызғысымен күй тарту жанрын тізімге енгізген.

Ескерте кететін бір жайт – бейматериалдық мәдени мұра тізіміне ең әуелі жойылудың аз алдында тұрған жәдігерлер іріктеліп алынады. Бұл тізімде Қазақстан мен Түркіменстанның атынан тіркелген ешнәрсе жоқ.

Ал «Әлемдік мұра» жобасы бойынша бойынша ЮНЕСКО тізіміне Қазақстаннан - 3, Түркіменстаннан - 3, Өзбекстаннан - 4, Қырғызстаннан - 1 тарихи нысан іліккен.
  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG