Accessibility links

Қырғызстан оңтүстігіндегі ұлтаралық жанжалдарға бір жыл толды


Қырғызстанның Ош қаласы маңындағы босқындар лагеріндегі этникалық өзбек әйелдері жәрдем сұрап жылап тұр. 15 маусым 2010 жыл.

Қырғызстанның Ош қаласы маңындағы босқындар лагеріндегі этникалық өзбек әйелдері жәрдем сұрап жылап тұр. 15 маусым 2010 жыл.

Қырғызстанның оңтүстігінде болған ұлтаралық қақтығыстарға жыл толса да, сол кездегі оқиғаларға әлі кесімді баға берілген жоқ. Қырғыз парламенті халықаралық комиссияның есебін қабылдамай тастады. Бірақ өз есебін де жарияламай отыр.


10 маусым күні Қырғызстан оңтүстігіндегі қақтығысқа бір жыл толды. Былтыр осы күні Ош пен Жалалабад қалаларында ұлтаралық қақтығыс басталған еді. Оқиға салдарынан 470-тен астам адам қаза тауып, мыңдаған адам жарақат алды, бірнеше мың үй қиратылды. Ондаған мың этникалық өзбек босып кетіп, Өзбекстан аумағын паналауға мәжбүр болды.

ҚАҚТЫҒЫСҚА НЕ ТҮРТКІ БОЛҒАН?

Қырғызстан оңтүстігінде қырғыздар мен этникалық өзбектер ғасырлар бойы бірге өмір сүріп келген еді. Алайда қазір екі жақ бірін бірі барынша қаралап, айыптап отыр.

Қырғыздардың пікірінше, Қырғызстандағы өзбектер пайда тауып, байып жатыр. Ошта туған көптеген өзбектер өздерін қырғыздардың «сарт» деп атап, Өзбекстанға кеткенін қалайтынын айтады.

Қақтығыстардың туындау себептеріне байланысты екі түрлі жорамал бар. Оның алғашқысы бойынша, этникалық қақтығыстардың аяқ астынан тұтануына сол жылдың сәуірінде Қырғызстан президенті Құрманбек Бакиевтің орнынан түсуі түрткі болса керек. Ол елдің оңтүстігінде үлкен ықпалға ие болған. Ал екінші жорамал қақтығыстарды есірткі тасымалын бақылайтын белді адамдардың "күресімен" байланыстырады.

ТӘУЕЛСІЗ ТЕКСЕРУ

2010 жылы қазанның басында Киммо Кильюненнің басшылығымен құрылған жеті адамнан тұратын тәуелсіз халықаралық комиссия 700-ден аса құжатты, мыңдаған фото және бейне материалдарды зерттеп, оқиғаларға куә болған жеті жүз елуден астам адаммен кездескен.

Биыл 3 маусымда жарияланған бұл комиссияның есебінде этникалық қақтығыс кездерінде өзбектердің әлдеқайда көп зардап шеккендігі айтылады. Бұған дәлел – қаза тапқандардың басым көпшілігі (70 пайыздан астамы) өзбектер және көп жағдайда өзбек
Ұлтаралық қақтығыс кезінде жараланған этникалық өзбек. Ош, 14 маусым 2010 ж.

ұлтынан шыққандар ғана елеулі түрде материалдық зардап шеккен.

Бұдан өзге, халықаралық комиссия өзбектерге жасалған кейбір шабуылдардың «адамзатқа қарсы қылмыс» болып табылатынын атап өтеді. Оған мысал ретінде тергеу комиссиясы «белгілі бір топқа ұлттық сипатына қарап зорлық-зомбылық жасау, жәбірлеу, қуғынға ұшырату және қастандықпен өлтіруді» келтірген. Қырғызстан билігі қырғынның алдын ала алмағаны үшін, сондай-ақ зорлық-зомбылық әрекеттерін тергеу кезінде теріс түсінік қалыптастырып отырғандығына байланысты сынға ұшырады.

«Қырғызстанда маусым оқиғаларында қаза тапқандардың 74 пайызы өзбектер болғанына қарамастан, одан кейінгі айларда жүргізілген тергеулердің 80 пайызында өзбектерге баса назар аударылған. Теңсіздіктер осыдан-ақ көрініп тұр», - дейді маусымның 3-і күні баспасөз мәслихатында сөйлеген Киммо Кильюнен.

СОТ ІСІНІҢ ӘДІЛЕТСІЗДІГІ

Халықаралық құқық қорғаушылардың пікірінше, ұлтаралық қақтығыстарға қатысты күдіктілерді тергеу мен сот ісі әділетсіз жүргізіліп жатыр.

Қырғынға қатысты тергеудің есебін берген қырғыз президенті Роза Отунбаева Жалалабад облысында 36 өзбек пен 22 қырғыздың, ал Ош облысында 100 өзбек пен 9 қырғыздың тұтқындалғанын айтты. Оның пікірінше, бұл мәліметтер ұлттық белгілері бойынша дискриминацияның жүргізіліп отырғанын көрсетпейді.

Лондонда орналасқан «Amnesty International» халықаралық құқық қорғау ұйымы «Жартылай әділетті және елеп-екшелген сот ісі» атты баяндамасында тергеушілердің этникалық алалаушылығы мен сот
Киммо Кильюнен, Қырғызстандағы оқиғаларды тексерген халықаралық комиссияның төрағасы. Бішкек, 3 мамыр 2011 жыл.

жүйесінің сот ісін әділетті, мінсіз жүргізуге қабілетсіз болуы тек қақтығысқа кінәлілер үшін жазаланбай қалу сезімін, ал оның құрбандарында әділетсіздік сезімін күшейтіп жіберуі мүмкін екендігі атап өтілген.

ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН ТҰЛҒА

Халықаралық комиссияның жариялаған есебіне жауап ретінде қырғыз парламенті Киммо Кильюненді «персона нон грата» деп жариялап, оның Қырғызстан аумағына кіруіне және онда жүріп-тұруына тыйым салды.

Бұл шешім 2011 жылғы мамырдың 26-сында қабылданды.

Парламент депутаттары оған өз есебінде халықаралық қауымдастыққа дәйексіз және жалған ақпарат берді және осы істі қарауда өзбек сепаратистерінен пара алды деп айып тақты. Ал Киммо Кильюнен қырғыз депутаттарының айыптарын жоққа шығарды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG