Accessibility links

Лауазымдылар қатарында әйелдер саны шектелсе де, тамыр-таныс пен көңілдеске қызмет табылады


Тәжік ауылындағы әйелдердің бірі (иллюстративті сурет)

Тәжік ауылындағы әйелдердің бірі (иллюстративті сурет)

Орталық Азия үкіметтері гендерлік теңдікті алға тартып, парламент пен жоғары лауазымды қызметтердегі әйелдер санына квота енгізіп отыр. Бірте-бірте Орта Азияда жоғары қызметтегі көптеген әйелдер отбасы-ошаққасына қайта оралулары мүмкін.

Бүкіл әлемде әйелдердің қоғамдағы және маңызды шешімдер қабылданатын жетекшілік қатарындағы салмағын қалай арттыруға болады деген мәселе үнемі талқыланып келеді. Орталық Азия үкіметтері парламент пен жоғары лауазымды қызметтер құрамына ондаған ғана әйелді енгізіп отыр.

Көптеген әйел белсенділер квота саясатын қолдап шықты. Бірақ квота жүйесіне сын айтушылар, кейбір ресмилердің әйел тамыр-таныстарын немесе отбасындағы әйел адамдарды жоғары қызметке тартуына жеңіл жол ашады дейді. Квота шектеуімен келіспейтіндер әйелдерді квота бойынша емес, кәсіби білігі мен біліктілігіне сай бағалау керектігін алға тартады.

КВОТАМЕН ДЕПУТАТ БОЛҒАН

Қазір Қырғызстанның 90 орындық парламентіндегі әрбір үшінші депутат әйел адам. Солардың бірі 42 жастағы Гулнора Дербішева әрдайым өзінің қоғамдағы өзгерістерде үлкен рөл атқарғысы келгенін айтады.
Қырғызстан Жоғарғы кеңесінің депутаты Гүлнара Дербишева. Бішкек, 7 наурыз, 2009 жыл.


Дербішева мұғалім бола жүріп, қоғамдық белсендіге айналған әйел. Алғашында өзінің туған жері Қырғызстанның Баткен аймағында үкіметтік емес ұйым құрар алдында, әйелдер құқын қорғайтын комитеттерге қосылып, қоғамдағы әйелдер мәселесімен белсене араласқан.

Бірақ ол егер парламентте әйелдер үшін арнайы квота болмағанда, өзінің үш жыл бұрын депутаттық мандатқа қол жеткізуі екіталай екенін айтып отыр:

«Менің саясатқа бастаған жолымда түрлі кедергілер болды. Тіпті қазір, мұнда әйелдерді кемсітушілік бар екенін сезінемін.
Бірнеше жыл бұрын әйел депутаттардың қолынан не келеді деген сенімсіздіктердің өзі маған оңай болмады. Тіпті кейбір ер депутаттар қандай маңызды мәселені біздің назарымызға ұсынуың мүмкін деген тәрізді сөздерді ашық айтты».

Дербішеваның депутат болып, ел астанасы Бішкекте саясатқа араласу арманы - Қырғызстан 2007 жылы парламенттегі әйелдердің үлесін 30 пайызға өсіру шешімін қабылдағаннан кейін орындалды.

СОВЕТТІК САРЫННЫҢ САРҚЫНШАҒЫ СЕЗІЛЕДІ

Гендерлік квота Орталық Азия елдерінде бұрын да болған. Совет заманы кезінде бұл аймақтағы әйелдер ерлермен бірдей теңдікте болған. Бірақ ол мүмкіндіктердің көбісі Совет Одағы құлағаннан кейінгі аласапыранда жоғалып кетті.

Орта Азия елдерінің көбісінде коммунистік кездегі жетекшілер отыр. Олар адам құқықтарының бұзылуы мен сыбайлас жемқорлық істері бойынша сыналып келеді. Десе де жергілікті үкіметтер саясаттағы гендерлік тепе-теңдікті ұстап тұру үшін маңызды қадамдар жасап жатқанын аймақтағы сын айтушылар да мойындап отыр.

Тіпті халықаралық адам құқын қорғаушы ұйымдардың сынына жиі ілігіп жататын Өзбекстанның өзінде парламенттегі 30 пайыздық орын әйелдерге тиесілі. Қағаз жүзінде олар әйелдер үшін 19 пайыздық квота беріп отырған Франциядан айтарлықтай жоғары тұр. Бұл тұрғыда АҚШ-тың өзі саясаттағы әйелдерге 17 процент квота ұсынса, Ресейде әйелдер үлесі 14 пайыз ғана. Бірақ бұл елдерде квота шектеуі жоқ.

Қазақстанда парламент мәжілісіндегі әйелдер саны 19-ға жетіп, 18 пайызды құрап отыр. Тәжікстанда үкіметтік мекемелердегі жоғары лауазымға кемінде бір әйел тағайындалған. Қазақстан мен Түркменістанда квоталық шектеу жоқ болғанымен, олар гендерлік теңдікті сақтауға тырысады.
Қазақстандағы Азаматтық альянс ұйымының атқарушы директоры Алина Хаматдинова.


Қазақстандағы Азаматтық альянс үкіметтік емес ұйымының атқарушы директоры Алина Хаматдинованың айтуынша, елде әйелдер барлық деңгейдегі шешім шығару органдарында болуы керек деген ресми емес келісім бар:

«Әйелдердің кей кездері ерлерге қарағанда жұмыстағы мүмкіндіктері жақсырақ болады. Әсіресе, мемлекеттік мекемелерде ер адамдарға қарағанда әйелдердің жауапкершілігі жоғары, әрі олар сыбайлас жемқорлыққа көп батпаған деген түсінік қалыптасқан. Сол себепті әйелдерді қызмет бабы бойынша жоғарылатыу тенденциясы бар».

Орта Азия елдері ішінде әйелдердің қоғамдағы орны турасында Түркменстан көбірек консервативті ел. Бірақ бұл елдің өзінде жоғары қызметтерде бірнеше әйел отыр. Атап айтқанда, парламент спикері, Түркменстанның БҰҰ-дағы елшісі де әйел. Көптеген депутат әйелдермен қатар облыстық деңгейде бірқатар әйел басшылар бар.

Сонымен қатар бұл аймақта сыбайлас жемқорлық деңгейі де жоғары. Көптеген әйел белсенділер кейбір үкімет ресмилері гендерлік саясатты пайдаланып, арнайы маманданбаған болса да өздерінің кәсіби емес туыстарына мемлекеттік қызметтерді ұсынып жатады деп шағымданады.

Мәселен, Тәжікстандағы адам құқын қорғаушы Мархабо Давлатова сияқты белсенділер әйелдер квотасы көп жағдайда мүмкіндіктерді шектейді дейді. Оның айтуынша, бір ұйымның басшылығына әйел адам алу керек болса, әйел теңдігін арқау еткен депутат ол орынға өз туысын тағайындап қояды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG