Accessibility links

Туристердің чартерлік рейсті күтуі жиіледі


Алматы әуежайында отырған жолаушылар. (Көрнекі сурет)
Алматы әуежайында отырған жолаушылар. (Көрнекі сурет)

Қазақстанда шетелдік чартерлік рейстерге тыйым салынғалы жергілікті рейстердің уақытында ұшпай қалуы жиіледі. Мамандар «ішкі әуе нарығында бәсекелестік жоқ және ұшақтар аз» деп шағымданады.

Алматылық Самат – Қазақстандағы чартерлік рейстерге көңілі толмайтын адамның бірі. Ол биыл қыста Сочидегі олимпиадаға барған кезде осындай рейс кесірінен қиналғанын айтады.

«Ақпанда Сочи олимпиадасынан чартерлік рейспен қайттық. Ұшақ белгіленген уақыттан үш сағатқа кешігіп ұшты. Ұшақ – ескі, орындықтарының арасы – тар» дейді ол.

«ТАҢДАУ ЕРКІ ЖОҚ»

Чартерлік рейске арналған ұшақтар «аз, ескі әрі жиі бұзылатынын», оларды жөндеу кезінде рейс кешігетінін қазақстандық туристік компаниялардың бірінің басшысы Жаңыл Қараманова да растайды. Ол мұның себебін «елдегі чартерлік рейс ұйымдастыру нарығында бәсеке жоқтықтың кесірі» деп түсіндіреді.

«Әлі күнге дейін туристер «Ту-154» ұшағымен ұшып жүр. Қазақстандықтарда чартер таңдауға мүмкіндік жоқ. Сондықтан бұл мәселені шешу үшін мемлекет әуе компаниялардың арасындағы бәсекелестікті күшейтуі тиіс» дейді ол.

Астана әуежайында тұрған ұшақ.
Астана әуежайында тұрған ұшақ.
2013 жылы Түркияның Sky Airlines компаниясы банкротқа ұшырап, қазақстандық мыңға жуық турист елге қайта алмай қалған еді. Кейін мемлекет олардың елге оралуын ұйымдастырып, қаржы бөлген. Бұл оқиғадан кейін Қазақстан көлік және коммуникация министрлігі шетелдік әуе компанияларының Қазақстаннан чартерлік рейстер жасауына тыйым салған.

Шетелдік компаниялардың чартерлік қызметіне тыйым салынған соң Қазақстанда жекелеген әуе рейстерімен ұшу одан сайын қиындай түсті. Туризм саласының маманы Әлібек Наурызбаев жергілікті әуе компанияларының чартерлік рейстерін күрт қымбаттатып жібергенін айтады.

«Былтыр туристер Түркияға 400 доллармен барса, биыл чартердің билеті – 500-600 доллар шамасында. Қазақстанда чартерлік рейстерді ұйымдастыратын ұшақтар өте ескі, әрі жеткіліксіз. Қазақстандағы орта деңгейлі компаниялардың ұшақтарының ең жаңасы 2009-2010 жылдары сатып алынған» дейді ол.

Әлібек Наурызбаевтың пікірінше, Қазақстанда қысқы және жазғы демалыс кезінде кемінде 20 ұшақты тек чартерлік рейске ұшыру керек.

«Қазір елде таза чартерлік рейстер орындайтын ұшақтардың саны онға да жетпейді. Сондықтан Қазақстан чартерлік рейс атқару үшін шетелдік әуе компанияларына рұқсат беруі тиіс» дейді маман.

«ТҮРКИЯҒА БАРУ ҚИЫН БОЛМАЙДЫ»

Қазақстанда биылдың өзінде чартерлік рейстер бірнеше рет кешікті. Қаңтарда 200-ге жуық қазақстандық турист Астанадан Таиландқа ұша алмай, әуежайда 14 сағат күтіп отырды. Чартерлік рейс пен саяхатты ұйымдастырушы агенттік бар айыпты Таиландтағы ауа райының қолайсыздығына аударды.

Ал сәуірде 200 турист Алматыдан Антальяға бір күндей кешігіп ұшты. Туристік фирма жолаушылардың 20 сағаттай кідіруіне түркиялық әуе компаниясын кінәлады.

Мамырда 150 турист Астанадан Антальяға ұша алмай, чартерлік рейсті бір күндей күтті. Туристік агенттіктің атқарушы директоры Әсем Қозыбағарова бұған мекемесінің еш қатысы жоқ екенін, «туристердің рейс күткен кездегі шығындарын өтеуге дайын» екенін мәлімдеді.

Түркия, Бодрум курорттық аймағы.
Түркия, Бодрум курорттық аймағы.
Ал маусымда Өскеменнен Антальяға чартерлік рейспен баратын 100-ден астам турист үш күн кешігіп ұшты. Осы айда Қостанайда да бір топ турист Антальяға төрт күн кідіріп жетті. Туристік компания заңгері Ирина Самойлова мұны «қазақстандық компания ұшағына рұқсатты уақытында бермеген Түркияның кінәсі» деп түсіндірді.

Қазақстан көлік және коммуникация министрлігінің мәлімдеуінше, биыл ел тұрғындары демалуға баратын ең танымал өлке – Түркияға жетуде чартерлік рейстен қиындық болмайды. Министрліктің дерегінше, осы жазда Түркияға 190 мың туристі – SCAT, 28 мың адамды – Air Astana, 78 мың демалушыны – «Евро-Азия Эйр», «Инвеставиа» және «Bek Air» әуе компаниялары жеткізеді.

SCAT-тың Азаттыққа берген ресми мәліметіне қарағанда, әуе компаниясы биыл чартерлік рейске жеті ұшақ бөлген. Ал Air Astana Түркияға екі ұшақпен чартерлік рейс ұйымдастырмақ.

Табысы орташа қазақстандықтардың дені шетелде демалғанды жөн көреді. Олар ел ішіндегі туристік орындардың инфрақұрылымына, қызмет көрсету сапасы мен бағасына разы емес. Қазақстандық туристер демалуға көп баратын елдердің тізімін Түркия бастап тұр. Одан кейінгі орындарда – Бірікккен Араб Әмірліктері мен Таиланд.
XS
SM
MD
LG