Accessibility links

Чат-Айтыстың 1/8 финалы аяқталды


Азаттықтың айтысқа арналған беті. Алматы, 17 қыркүйек 2012 жыл. (Көрнекі сурет).

Азаттықтың айтысқа арналған беті. Алматы, 17 қыркүйек 2012 жыл. (Көрнекі сурет).

Азаттық сайтында онлайн режимде жүріп жатқан бірінші Чат-Айтыстың 1/8 финалы аяқталды. Енді айтыстың екінші кезеңі – 1/4 финал болады.

Алғашқы сөз сайысында оқырмандардың дауыс беруі арқылы Шыңғыс Маман, Мұсағали Тасқалиев, Жанболат Қайырденов, Асылбек Есжан, Сары бала, Әуелхан Шонжан, Тұрсынбай Жайымбетов, Нағашыбай Есмырзаев ширек финалға жолдама алды.

«ЖАУРАТЫП БОЙДАҚТАРДЫ СУЫҚ КЕЛДІ»

Чат айтысқа қатысуға өтініш білдіргендер елге танымал айтыскерлер емес. Сол себепті де олардың шумақтары кейде өлең заңдылығына бағына қойған жоқ. Алайда оқырманның делебесін қоздырып, «Ой, пәлі» дегізетін шумақтар да кездесіп отырды. Мәселен, Чат-Айтыстың бесінші жұбында сөз сайыстырған Сары бала мен Әсел Назаралының айтысы көп оқырманға ұнады:

Әсел Назаралы:
Қыздарды өз анаңдай сыйлай салсаң,
Бөленіп жүрер еді тағың нұрға.
Әсел Назаралы. (Сурет жеке мұрағаттан алынған).

Әсел Назаралы. (Сурет жеке мұрағаттан алынған).

Сән қуған қыз болса егер түзеледі,
Жігітке ынжық болса сөз ереді.

Сары бала:
«Сән қуған қыз болса егер түзеледі
Жігітке ынжық болса сөз ереді».
Алланың берген сәні кем бе, сірә,
Бұрымды қыз бір маған шын керегі.

Менсінбей жүрсің бе әлде жігіттерді,
Бақытыңа жолық сен, буып белді.
Жылу берер жігіттің таңда бірін,
Жауратып бойдақтарды суық келді.

Ақындарға берілген тақырыпты барынша ашып айтқан да – осы жұп.

«ҚАУЛЫ КӨП ҮКІМЕТТЕ»

Жанболат Қайырденов пен Гомер лақап есімді айтыскердің қайым айтысы да оқырмандардың көбі ұнатып, дауыс берген айтыстың бірі болды.

Жанболат Қайырденов:
Арқалап жүрмесем де ақын атын
Балдарың ортаңа кеп бақ сынасын.
Жанболат Қайырденов. (Сурет жеке мұрағаттан алынған).

Жанболат Қайырденов. (Сурет жеке мұрағаттан алынған).

Жүрсіннің жүйріктері шаппаса да
Белі жуан бестілер шаң шығарсын.
Тұлпарлар албарынан шықпаса да,
Ақынжанды ұлдарың бар шығатын.
Ассалаумағалейкүм, оқырманым!
Ассалаумағалейкүм, қарсыласым!

Гомер:
Уағалейкүмассалам, Жанболатым,
Айтайын жылы сөзді жанға жақын.
Арқаланып қозғашы ірі ойды,
Атыраудан айқай сап, арқалы ақын.

Бастайын мәдениетті жол бойынан,
Қаулы көп үкіметте қол қойылған...

«ӨСУ БАР МА ЖОЛЫҢДЫ ЛАСТАМАЙТЫН?»

Мамандығы да, кәсібі де «өлеңнен алыстау» екенін айтқан Бақдаулет Байсалбаевтың:

– Басшылыққа тиісіп не қыласың,
Чат айтыстың 3-жұбы Асылбек Есжан (сол жақта) және Бақдаулет Байсалбаев. (Суреттер жеке мұрағаттан алынған).

Чат айтыстың 3-жұбы Асылбек Есжан (сол жақта) және Бақдаулет Байсалбаев. (Суреттер жеке мұрағаттан алынған).

Сыға бергін балақтағы битіңді одан.
Шариғатқа салсаң да ең бірінші,
Патша болып шығады сүйкімді адам.

Ай, бірақ сендейлерге дауа бар ма?
Жансың-ау езуіңе сый тұрмаған.
Абайды да шаршатқан бір кездері,
Бас-басына би болған қиқым заман» деген шумақтары да оқырмандарға ұнаған сөз болды.

Ал Қарабала лақап есімді айтыскер елдегі түйткілдерді сөз етті:

– ...Жұмыссызбын, мысалы, мемлекетте
«Өз жастарын далаға тастамайтын.»
«Өз күніңді өзің көр» дегендей-ау,
Болмас енді, тірлікті бастамай тың.
Саған, досым, шынымен қызығамын,
Өз кәсібің өзіңде бас жамайтын.
Бірақ, айтшы, шынымен біздің елде
Өсу бар ма жолыңды ластамайтын?

1/8 финалда айтысқан Әуелхан Шонжан, Шыңғыс Маман, Тұрсынбай Жайымбетовтер де оқырманның ықыласына бөленді.

Бірінші Чат-Айтыстың алғашқы айналымында озып шыққан айтыскерлер 1/4 финалда мынандай ретпен сөз сайыстырады.

1. Шыңғыс МаманАсылбек Есжан,
2. Мусағали ТасқалиевЖанболат Қайырденов,
3. Сары балаТұрсынбай Жайымбетов,
4. Әуелхан ШонжанНағашыбай Есмырзаев.

Бұл тақырыпты автордың Facebook-тегі жеке парағында да талқылай аласыздар.
  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

XS
SM
MD
LG