Accessibility links

Чат-Айтыс жеңімпазы - Дінмұхаммед Ілесбеков


Дінмұхаммед Ілесбеков, чат айтысқа қатысушы. (Сурет жеке мұрағаттан алынған).

Дінмұхаммед Ілесбеков, чат айтысқа қатысушы. (Сурет жеке мұрағаттан алынған).

Азаттықтың бірінші Чат-Айтыс сөз сайысының бас жүлдесін Алматы қаласындағы мемлекеттік мекемеде істейтін жас шенеунік жеңіп алды.

Бірінші Чат-Айтыстың финалына шыққан Дінмұхаммед Ілесбеков (Сарыбала) оқырмандардың үш күн бойы (30 қазан - 2 қараша) дауыс беруі нәтижесінде қарсыласы Әуелхан Шонжанды 695 - 211 есебімен ұтып, жеңімпаз атанды.

Азаттықтың бірінші Чат-Айтысының жүлдегері Дінмұхаммед Ілесбеков 1985 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Өзінің айтуынша, Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетін философия мамандығы бойынша бітірген. Алматыдағы мемлекеттік мекемелердің бірінде қызмет істейді. Бұрындары ешқандай айтыстарға қатыспаған.

Чат-Айтысқа әуелі Сарыбала лақап атымен қатысқан Дінмұхаммед Ілесбековтің алғашқы қарсыласы Әсел Назаралы болды. Ол оқырмандардың дауыс беруі бойынша бұл сайыста 24-12 есебімен жеңіске жетті. Сарыбала ширек финалда Тұрсынбай Жайымбетовпен айтысып, қарсыласын 151-66 есебімен ұтты.

«Жеңсем, шын атымды айтамын» деген Сарыбала жартылай финалда Шыңғыс Маманды 193-160 деген ұпаймен жеңіп, сол күні өзінің аты-жөнін мәлім еткен.

Финалдағы онлайн сөз сайысына баға берген оқырмандардың көпшілігі Дінмұхаммед Ілесбековтің өнеріне көңілдері толатынын білдіріп жатты. Ақтық сайыстың тақырыбы - "ақындардың арманы" болған еді. Сайыс соңына қарай Дінмұхаммед:

Көбейе берсін ұрпағың,
Аумағы таза көк көлдей.
Айтамын жырлап жұрт қамын.
Аспаннан жаңбыр төккендей!

Ағамның сөзі баурайды,
Әкемнен сірә, аумайды.
Басшылардан бүгінгі,
Қайыры жоқ болған соң,
Нар халқым менің жаурайды.

Ертеңгі есті басшы, елім сенер,
Азамат болу арман, шыңға теңер.
Қатардағы сарбаздан қайыр қанша,
Генерал болу арман болмаса егер?! - деп жырлады.

Қарсыласы Әуелхан Шонжан өзінің Чат-Айтысқа қатысу себебін былайша сипаттай кетті:

Келеді бар арманым - алты Алаштың,
Айбынын асқақтату дегім менің!
Е, Аллам, әрқашанда сен қарасқын,
Қазаққа орын беріп, көрсет төрін.

Қойылған қайым-айтыс қай шарты да,
Саясат жібін үзбес, кеп тартыла,
Асхана, жиналыс па, қай жер болсын,
Айтылар екеуара, үй артында.

Айтысқа шыли өзі, жоқ-ты құлқым,
Тек қана мына зәлім, билік сиқын,
Айтсам деп жастарыма түсіп жүрмін,
Түсінсін, сараласын, оның құлқын.

Азаттық радиосы Дінмұхаммед Ілесбековті жеңісімен құттықтайды. Жеңімпазды марапаттау рәсімі келесі аптада Азаттық радиосының Алматыдағы бюросында өтеді. Финалға және жартылай финалға шыққан қатысушылар да арнайы сыйлықтарға ие болады.

Чат-Айтыс - Азаттық вебсайтының "өлеңге таласы бар" қарапайым оқырмандарының арасында онлайн режимінде қайым айтыс жанрын насихаттау үшін бастаған арнайы жобасы. Әуелі бұл сөз сайысы кәсіпқой айтыскерлердің арасында өтеді деп жоспарланған болатын. Бірақ сахнадағы айтыс қойылымдарының белгілі ұйымдастырушысы Жүрсін Ерман бірқатар суырып салма ақындарға Чат-Айтысқа қатысуға тыйым салғандықтан, жарыстың форматы өзгерген еді. Азаттық Чат-Айтыс жобасын тұрақты түрде өткізіп тұрмақшы. Келесі біріншіліктің өту мерзімі мен оған қатысу шарттары жуыр уақытта жарияланады.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG