Accessibility links

Челахқа қатысты үкім өзгеріссіз қалды


Владислав Челах сот залында. Талдықорған, 11 желтоқсан 2012 жыл
Владислав Челах сот залында. Талдықорған, 11 желтоқсан 2012 жыл

14 шекарашы мен қорықшыны «өлтірді» деген айыппен өмір бойына сотталған Владислав Челахтың апелляциясын қараған сот үкімді өзгертпеді.

Екі күнге созылған шағымды қарау процесі Алматының әскери сотында өтті. Ақпанның 6-сы күні Алматы әскери сотының судьясы Бақытжан Қараманов Талдықорған әскери гарнизоны сотының үкімін өзгеріссіз қалдырды.

2012 жылғы мамырдың 30-ы күні Арқанкерген шекара заставасы толығымен өртеніп, 14 шекарашы мен бір қорықшы – барлығы 15 адамның мәйіті табылған. Көп ұзамай заставада тірі қалған жалғыз шекарашы – 19 жастағы Владислав Челах ұсталып, оның «серіктерін өлтіргенін мойындағаны» туралы хабарланды. Бұл іске қатысты сот былтырғы желтоқсанның 11-і күні аяқталып, Талдықорған гарнизонының соты Владислав Челахты айыпты деп танып, оны өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы үкім еткен.

ТЕЛЕКӨПІР

Алматыда ақпанның 5-і күні басталған апелляциялық сотқа Владислав Челахтың өзі қатысқан жоқ. Дегенмен адвокат пен прокурордың өтінішінен кейін ақпанның 6-сі күні Челах порцеске онлайн режимде – Алматы мен Талдықорған арасындағы телекөпір арқылы қатысты.

Онлайн режимінде алғашқы күні Астанадағы сот сарапшы Нұрғалым Дегенбаев, ал екінші күні Алакөл ауданының сарапшы-криминалисі Оңдасын Ахметовтер де жауап берді. Соңғысы Арқанкергенде жұмыс істеген жедел-тергеу тобының құрамында болған. Ал астаналық эксперт баллистикалық сараптама жасаған.

Процесс кезінде екі сарапшы да өздерінің қортындысында «қателік» жасағандарын жеткізді.
Астана қаласының сот сараптама институтының бас сарапшысы Дегенбаев оқиға орынында табылған гильзаға қатысты хаттаманы толтыру барысында қате жібергенін атап өтті.

Астана қаласының сот сараптама институтының бас сарапшысы Дегенбаев оқиға орынында табылған гильзаға қатысты хаттаманы толтыру барысында қате жібергенін атап өтті. Маман, застава командиры Алтынбек Кереевтің тапаншасынан шыққан 9 миллиметрлік гильзаны үш жерде атап көрсеткен. Алайда сол үш жерде гильзаның үш түрлі маркалық нөмері жазылған. Өз қатесін мойындаған сарапшы мұның себебін «жұмысының көптігінен болды» деп түсіндірді.

Ал сарапшы Оңдасыновтан оқиға орнынан табылған тіс қалдығы жайлы сұралды. Оқиға орнын алғаш қарап, табылған заттарды тіркеген кезде «ақ металдан жасалған коронка» деп көрсетілген, алайда екінші мәрте жүргізілген сараптама тісте «ешқандай металл» жоқ екенін анықтаған.

Сарапшылардың бұл айтқандары Челахтың айыбын жеңілдетпейді деп шешкен судья, алғашқы инстанция үкімін сол қалпы қалдырды. Ал Челахтың туыстары мен адвокаттары кассациялық алқаға шағым жазатындарын айтып тарасты.

"ҚАТАРДАҒЫ ЧЕЛАХТЫ ҚОРҒАУШЫЛАР"

Владислав Челахтың адвокаты Серік Сәрсенов апелляциялық сот үстінде судья Бақытжан Қарамановқа 20-дан астам өтініш түсіргенін, бірақ судьяның 20 өтінішін қабылдамағанын айтып, қарсылық (отвод) білдірді. Ол судьяның өтінішті қабылдамау кезінде "жеткілікті дәлел келтірмегеніне" нұсқады. Бірақ бұл қарсылық білдіру әрекетін қарастырған судья Ғани Есжанов "өз әріптесінің өтініштерді қарамай тасауға мүдделі емес екенін" ескертіп, отводты қабылдамай қойды.
Серік Сәрсенов, Владислав Челахтың адвокаты. Алматы, 5 ақпан 2013 жыл
Серік Сәрсенов, Владислав Челахтың адвокаты. Алматы, 5 ақпан 2013 жыл

Арқанкерген оқиғасы Қазақстандағы әлеуметтік желілерде ең көп талқыланған тақырыптардың біріне айналды. Кейбір саясаткерлер мен белсенділер "қатардағы Челахты қорғау" туралы ұран тастап жатты.

Ақпанның 6-сы өткен апелляцияны қарау соты кезінде әскери сот ғимаратының маңына Владислав Челахтың қолдаушылары жиналып, наразылық акциясын өткізді.

Қоғамдық белсенді Екатерина Башкатованың айтуынша, ВКонтакте әлеуметтік желісінде 14 мыңнан астам Челахты қолдаушылар шыққан. Ол әскери сот ғимараты қасындағы ағашқа ақ лента байлап, "Челах" ағашы деп атауды ұсынды.

Апелляциялық сотқа қатысқан "Солдат аналары" комитетінің төрағасы Людмила Костенко Азаттық тілшісіне Владислав Челахтың кінәлі екеніне күмәнданатынын айтты.
Владислав Челахтың апелляциялық сотына қатысушылар. Алматы, 5 ақпан 2013 жыл
Владислав Челахтың апелляциялық сотына қатысушылар. Алматы, 5 ақпан 2013 жыл

Қаза болған шекарашы Нұрланбек Мұқашевтің анасы Қарлығаш Мұқашева сотқа Балқаштан келіпті. Ол әуелгі сот процесі кезінде моралдық күйзеліске ұшырап залда отыра да алмағанын айтты. Қарлығаш Мұқашева Азаттық тілшісіне Владислав Челахқа тікелей кінә артпаса да, сот шығарған кез-келген шешімге мақұл екенін білдірді.


АРҚАНҚЕРГЕН ОҚИҒАСЫ

Арқанкергендегі оқиға 2012 жылы мамырдың 30-ы күні мәлім болған еді. Сол күні «Шығыс» аймақтық шекара қызметі Үшарал отрядының Сарыбөктер заставасында 12 шекарашы және бір қорықшының, ал маусымның 1-інде тағы екі шекарашының – барлығы 15 адамның мәйіті табылған. ҰҚК шекара қызметі заставадағы Арқанкерген постының ғимараты өртенгенін хабарлаған.

Тірі қалған жалғыз шекарашы – 19 жастағы Владислав Челах маусымның 5-інде ұсталды. Маусымның 7-сінде Челахтың «серіктерін өлтіргенін» мойындағаны туралы хабарланып, видеожазба көрсетілді. Челахтың туыстары оған сенбейтіндерін айтты.
Арқанкерген постында қаза тапқан шекарашы Ерлан Ақышевті жерлеу рәсімі. Үшарал, 10 маусым 2012 жыл.
Арқанкерген постында қаза тапқан шекарашы Ерлан Ақышевті жерлеу рәсімі. Үшарал, 10 маусым 2012 жыл.

Қазанның 1-і күні «Арқанкерген бекетіндегі 14 шекарашы мен орманшының өліміне кінәлі» деп қамауға алынған Владислав Челахқа «екі және одан да көп адамды өлтірді», «әскери қызметтен қашты», «әскери мүлікті зақымдады», «әскери қаруды ұрлады», «орманшы мен командирдің жеке мүлкін ұрлады» және «бөтен кісінің үйіне заңсыз кірді» деген айыптар тағылды.

Қаза тапқан 14 шекарашының үшеуінің – Денис Рей, Рүстем Ақылбаев пен Мейірхан Именовтің мәйіттері танылмады. Сарбаздардың ДНК сараптамасын анықтау үшін сүйектер Германияға жөнелтілді. Қыркүйектің 27-сі күні әскери прокуратура Ақылбаевтың ғана сүйегі анықталғанын айтты. Германиядағы сараптамадан анықталмаған екі мүрдені Рей мен Именовтің ата-аналары алудан бас тартқан.
XS
SM
MD
LG