Accessibility links

Челахқа рақымшылық жасалмайтын болды


Владислав Челах сот залында отыр. Талдықорған, 11 желтоқсан 2012 жыл.

Владислав Челах сот залында отыр. Талдықорған, 11 желтоқсан 2012 жыл.

«Арқанкерген ісі» бойынша бірнеше адам өліміне айыпты ретінде танылып, өмір бойы түрме жазасына кесілген бұрынғы шекарашы Владислав Челахтың үкімі сол күйі қалды. Рақымшылық жасау комиссиясы оның «тым аз уақыт қамауда отырғанын» уәж қылды.

Желтоқсанның 12-сі күні Президент жанындағы рақымшылық жасау туралы комиссия бұрынғы шекарашы, қасақана адам өлтірді деген айыппен өмір бойы қамауда отыру жазасы кесілген Владислав Челахқа рақымшылық жасау мәселесін қарастырды. Кешкісін комиссия отырысынан шыққан «Адам құқықтары үшін хартиясы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Жеміс Тұрмағамбетова Челахқа рақымшылық жасалынбайтынан хабарлады.
АРҚАНКЕРГЕН ОҚИҒАСЫНАН КЕЙІНГІ ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІ

  • 13 маусым 2012 жыл - ҰҚК шекара қызметінің директоры генерал майор Нұржан Мырзалиев отставкаға кетті. Үшарал шекара отряды "Шығыс" шекара басқармасының бірнеше басшысы қызметтерінен босатылды. Сол күні полковник Тұрғанбек Стамбеков уақытша қызмет директорының міндетін атқарушы болып тағайындалды.
  • 19 маусым 2012 жыл - Шығыс Қазақстан облысындағы Терісайрық заставасын 11 шекарашы өз бетімен тастап кетті
  • 13 тамыз 2012 жыл - Әскери прокуратура шекара қызметін "заң бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын дұрыс атқармай отыр" деп сынады
  • 22 қараша 2012 жыл - Шекара қызметі "Батыс" аймақтық басқармасының бастығы Әбдіразақ Ілиясов қызмет өкілетін асыра пайдалану және пара алу айыбы бойынша тұтқындалды
  • 20 желтоқсан 2012 жыл - парламент "Мемлекеттік шекара туралы заң" жобасын мақұлдады.
  • 25 желтоқсан 2012 жыл - Шымкент маңында шекара қызметінің басшысы Тұрғанбек Стамбеков мінген ұшақ құлап, ішіндегі 27 адам түгел қаза тапты.
  • 16 қаңтар 2013 жыл - ҰҚК төрағасының орынбасары, шекара қызметінің басшысы болып Нұрлан Жоламанов тағайындалды.
  • 2 сәуір 2013 жыл - Шекара қызметінде келісім-шарт бойынша қызмет ететін әскерилерді жылдың соңына дейін кезектен тыс аттестациядан өткізу туралы президент жарлығы шықты.

- Челах қамауда тым аз уақыт отырғандықтан, оған рақымшылық жасалынбайды деп шешті. Мен өмір бойы түрме жазасын ең ұзақ мерзім – 25 жылға ауыстыруды сұрап едім, комиссияның қалған мүшелері бұл ұсынысымды қолдамады, - деді құқыққорғаушы.

Оның сөзінше, бұл мәселе бойынша 3-4 жылдан кейін комиссия қайта отырып, ақылдасуы мүмкін.

2012 жылы мамырдың 30-ы күні тұтас өртеніп кеткен Арқанкерген шекара бекетінен 14 шекарашы мен 1 қорықшы – барлығы 15 адамның мәйіті табылған еді. Бұл қылмысқа қатысты тірі қалған жалғыз шекарашы – 19 жастағы Владислав Челах айыпты деп танылып, ол 2012 жылы желтоқсан айында сот үкімі бойынша өмір бойы түрме жазасына кесілген.

Владислав Челахқа қылмыстық кодекстің тоғыз бабы бойынша айып тағылған еді. Олардың арасында «Екі және одан көп адамды өлтірген», «Жеке заттарды ұрлаған», «Құпия құжаттарды ұрлаған», «Қару ұрлаған» және «Қаруды заңсыз ұстаған» деген баптар бар.

Сот алдындағы тергеу кезінде шекарада бірге қызмет атқарған қаруластарын «өлтіргенін мойындағаны» хабарланған Челах кейін алғашқы сатыдағы сот отырысында ол айтқанынан бас тартатынын мәлімдеген. Владислав Челах тергеу барысында өзіне «қысым жасалғандықтан қылмысты мойнына алуға мәжбүр болғанын» айтқан.

2013 жылы ақпанда апелляциялық сот Челахқа қатысты шыққан үкімді күшінде қалдырған. Ал маусымда әскери сот бұл үкім бойынша адвокаттың түсірген кассациялық шағымын да қанағаттандырмаған еді.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG