Accessibility links

Челах журналистерді сот залынан шығаруды сұрады

  • Әлия АХМЕДИЕВА

Владислав Челах сот залында отыр. Талдықорған, 19 қараша 2012 жыл

Владислав Челах сот залында отыр. Талдықорған, 19 қараша 2012 жыл

«Арқанкерген» заставасындағы 14 шекарашы мен бір қорықшыны өлтірді деген айып тағылған сарбаз Владислав Челахтың ісі бойынша Талдықорғанның қалалық сотында тыңдау басталды.

Челахтың ісі бойынша басталған сот отырысы алқабилердің қатысуынсыз, жартылай жабық өтіп жатыр. Үш монитор қойылған, дыбыс нашар естілетін шағын бөлме журналистерге деп бөлінген.

ЧЕЛАХТЫҢ ӨТІНІШІ

Сотталушы Владислав Челах сөз берілгенін күтпестен «Баспасөзді сыртқа шығарыңдар!» деді. Ол төрағалық етіп отырған судья Ербол Ахметжановтан залдағы барлық журналистерді сыртқа шығаруды талап етті.

- Мына журналистердің бәрін сыртқа шығарыңдар! Өзім де ештеңе естімей қалдым! – деп айқайлады Владислав Челах.

Оның бұл талабын қорғаушы мен мемлекеттік айыптаушылар қолдады.
Серік Сәрсенов, Владислав Челахтың адвокаты. Талдықорған, 19 қараша 2012 жыл

Серік Сәрсенов, Владислав Челахтың адвокаты. Талдықорған, 19 қараша 2012 жыл


- Техникамен жабдықталған арнайы бөлме бар. Баспасөз сол жерде отырсын, - деді Талдықорған гарнизонының әскери прокуроры Дастан Секенов.

Владислав Челахқа қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша, атап айтқанда, «Екі және одан көп адамды өлтіру», «Жеке заттарды ұрлау», «Құпия құжаттарды ұрлау», «Қару ұрлау», «Заңсыз қару ұстау», «Әскери мүлікті бүлдіру», «Әскерден қашу» және «Бөтен адамның баспанасына заңсыз кіру» деген айыптар тағылған. Әскери прокурор Дастан Секеновтің айтуынша, Челах бұл қылмыстарды «қызметтестерімен арада туған жек көрушілік негізінде» жасаған.

ҚОРҒАУШЫ МЕН АЗАМАТТЫҚ БЕЛСЕНДІЛЕРДІҢ ПІКІРІ

Адвокат Серік Сәрсенов істі қосымша тексеру-тергеуге жіберу, істің Алматы қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттың қарауына жататындығы туралы бұрынырақта берілген өтініштерді соттың есіне салды. Сәрсеновтің пікірінше, сот отырысын Талдықорғанда өткізу - заң мен сотталушының қорғану құқығын бұзу.

Талдықорған гарнизонының әскери сотында осы іс бойынша қарашаның 12-сі күні өткен алдын-ала тыңдауда «әскери прокурор Дастан Секенов бірқатар заң ережелерін бұзды» деп мәлімдеген адвокат оның сот отырысына қатысуына қарсылық білдірді. Серік Сәрсеновтің пікірінше, прокурордың іс-әрекетінде «оның бұл істегі мүдделі жан екенін байқататын белгілер бар».

Адвокат сонымен бірге үкіметтің құпия материалдардың берілу тәртібі туралы қаулысын сұратуды және осы қаулыға баға берілуін талап етті. Оның ойынша, бұл құжат - конституция мен азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге қайшы.
Светлана Ващенко, Владислав Челахтың анасы. Талдықорған, 19 қараша 2012 жыл

Светлана Ващенко, Владислав Челахтың анасы. Талдықорған, 19 қараша 2012 жыл


- Үкімет құжатқа «құпия» деген таңбаны заңсыз қойған. Бұл таңба азаматтарды қаулымен танысу хақынан айырған. Демек, үкімет конституцияның 18-бабын бұзған. Үкімет сайтында бұл қаулы жарияланбаған, - дейді Серік Сәрсенов.

Адвокат соттан техникалық қызметкерлер, сот приставтары, айдауыл-күзетшілер және жәбірленушілердің құпия материалдармен танысу рұқсаты бар-жоғын тексеруді сұрады. Ол сот отырысына қатысушылардың бәріне құпия материалдармен танысуына рұқсат беруді ұсынды.

Сот Серік Сәрсеновтің барлық өтінішін қабылдамады.

Кейбір азаматтық белсенділер қаза тапқан сарбаздардың әке-шешелерінің мүддесін сотта қорғауға мүмкіндік бермегеніне шағымданды.

- "Солдат аналары" комитетінен басқа ата-аналарды қорғайтын ешкім жоқ. Осындай мәселелер бойынша қозғалатын қылмыстық істердің барлық сатысына 20 жыл бойы қатысып келемін. Үнемі рұқсат етілетін, ал қазір прокуратура жібермей отыр, - дейді комитет мүшесі Людмила Костенко.

АТА-АНАЛАРДЫҢ ТҮСІНІКТЕРІ

Сотталушының анасы Светлана Ващенко құқық қорғаушы органдардың қызметкерлері тарапынан қысым жасалғандықтан ұлы Владислав Челах журналистерден сот залынан шығып кетуді талап етті деп санайды.

- Баланың қандай халде екенін өзіңіз де түсінесіз ғой. Ол жақта оған не деп жатқанын кім білсін. Оны қандай қыспаққа алып жатқаны белгісіз, - дейді Светлана Ващенко.
Сағындық Именов, қаза тапқан шекарашы Мейірхан Именовтің әкесі. Талдықорған, 19 қараша 2012 жыл

Сағындық Именов, қаза тапқан шекарашы Мейірхан Именовтің әкесі. Талдықорған, 19 қараша 2012 жыл


Қаза тапқан шекарашылардың кейбір туыстары бұрынғысынша Владислав Челахты кінәсіз деп санайды. Мейірхан Именовтің әкесі Сағындық Именов өзінің ұлы тірі деп есептейді.

- Ұлымның тірі екенін білемін. Көп жерді аралап, сұрастырдым. Маған «Рей екеуі тірі, оларды бір жерде тығып ұстап отыр» деген, - дейді Сағындық Именов.

Денис Рейдің анасы Татьяна Рей соттың әділ үкім шығаратынына күмәнді. Ол өздерін «Солдат аналары» комитеті қорғағаны дұрыс еді дейді.

Ал Сағындық Именов: «Мен үшін ең бастысы – соттың әділ өткені» дейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG