Accessibility links

Чернобыль ядролық апатының зардабы әлі жойылған жоқ


Жас баланың газтұтқысы мен аяқ киімі. Чернобыль атом электр станциясы маңындағы иен қалған Припять қаласы. 4 сәуір 2011 жыл.
Жас баланың газтұтқысы мен аяқ киімі. Чернобыль атом электр станциясы маңындағы иен қалған Припять қаласы. 4 сәуір 2011 жыл.

Әлемнің жетекші елдері мен халықаралық ұйымдар Чернобыль ядролық апатының салдарын жоюға көмектесу үшін Украинаға 550 миллион еуро беруге келісті.


Мұндай уәде Чернобыль апатының 25 жылдығына арналып Киевте өткен халықаралық донор елдердің конференциясында айтылды. Бұл қаражат бұзылған реакторды залалсыздандырып, радиоактивті қалдықтарды сақтайтын нысан тұрғызуға жұмсалуы керек. Радиация қаупін жоюға бағытталған саркофаг салуға 740 миллион еуро қажет.

ҒАЛАМДЫҚ ҚАУЫМДАСТЫҚ КӨМЕГІ

Конференцияға қатысушылардың бірі, Еуропа комиссиясының президенті Жозе Мануэл Баррозу Еуропа Одағы Чернобыль апатының зардаптарын жоюға 110 миллион еуро бөлетінін айтып, басқалар да осылай ақша салады деген үмітін жеткізді.

– Мен сондай-ақ Еуропа Одағына мүше елдердің әзірге ресми жарияланбаған үлесі болар деп, мен білетін Еуропалық қайта құру және даму банкі қосымша
Украина президенті Виктор Янукович (сол жақта) пен Еуропа комиссиясының президенті Жозе Мануэл Баррозу. Киев, 18 сәуір 2011 жыл.
ақша қосады деп үміттенем, – деді Жозе Мануэл Баррозу.

Украина президенті Виктор Янукович «бұл 550 миллион еуро көмек уәдесін» қуана қабылдап отырғандығын айтты. Ол Украинаны осы қиындықпен бетпе-бет жалғыз қалдырмағаны үшін халықаралық қауымдастыққа алғысын білдірді.

– Чернобыль атом электр станциясы өткен ғасырдың соңында жабылған. Бірақ біз Чернобыль оқиғасын толық жауып тастай алмадық. Бүгін күшімізді біріктіріп, бұл жерді келешек ұрпақ үшін қауіпсіз аймаққа айналдыра аламыз, – деді Виктор Янукович.

Конференцияға қатысушы көптеген елдер (атап айтқанда Ирландия, Испания, Мексика және Жапония) үкіметтері өздерінің қаржылық қиындықтарын алға тартып, ақша бөлу жөнінде уәде бере алмады.

Бұл жобаны қолдаушылар ғаламдық қауымдастықтың ақша бөлуден басқа амалы қалмады деп отыр.

Чернобыль апаты соңғы 25 жылда Украинаны ондаған миллион доллар шығынға батырды. Сейсенбі күні Киев апат аймағын залалсыздандыратын құрылым салуға 29 миллион еуро беретінін айтты.

ҚАНША АДАМ ЗАРДАП ШЕККЕНІ ӘЛІ БЕЛГІСІЗ

Чернобыль апатының 25 жылдығына арналған донор елдердің конференциясы Жапонияда наурыз айында табиғат апатынан қираған Фукусима ядролық кешеніндегі дағдарысты реттей алмай жатқан сәтпен тұспа-тұс келді. Жапониядағы ядролық дағдарыс Чернобыльден кейінгі ең ауыр ядролық апат болып отыр.

Еуропа Одағының өкілі Баррозу донор елдерді Украинадағы Чернобыль салдарын жоюға көмектесуге шақырды. Ол Киев конференциясындағы үндеуінде:

– Біз өткен күнге қайтып, апаттың алдын-ала алмаймыз және оның салдарын да тоқтата алмаймыз. Бірақ Чернобыльден қалдықтарын қауіпсіз ету қолымыздан келеді, – деді.

Осыдан 25 жыл бұрын, 1986 жылы сәуірдің 26-сы күні Чернобыльдің төртінші реакторында жарылыс болып, оның радиациясы аймаққа қатты
Чернобыль АЭС аумағын залалсыздандыру. Украина, 26 сәуір 1986 жыл.
тараған еді. Чернобыльдегі ядролық апаттың радиациялық қою түтіні Беларусь пен Ресейге дейін жеткен. Жарылыс салдарынан ондаған адам қаза тапты, кейін мыңдаған тұрғын радиациядан уланып қайтыс болды. Чернобыль апаты құрбандарының нақты саны қанша екені әлі күнге дейін анық емес.

Киевтегі конференцияға ЕуроОдақ пен өнеркәсібі дамыған елдердің «Үлкен сегіздік» тобы өкілдері қатысты. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев та ядролық мәселеге арналған жиынға қатысу үшін Киевке барды.
XS
SM
MD
LG