Accessibility links

“Чернобыль” апатының көлеңкесінен шығуға ұмтылған атом өнеркәсібі


26-ншы сәуір күні – бүкіл әлемнің атом өнеркәсібі саласындағы ең үлкен апаты болып есептелетін Украинадағы Чернобыль атом реакторындағы апатқа 21 жыл толады. Сол апаттың салдарынан радиоактивтік заттардың бұлты Еуропа құрлығының басым бөлігіне жайылып, азаматтық атом өнеркәсібінің болашағын біржола “жерлегендей” болып еді. Алайда, өткен 20 жылдың ішінде адамзат баласының алдынан көмір, мұнай, газ сынды отынды тым көп жағудың салдарынан ғаламдық ауа райының қызуы сияқты жаңа апаттың елесі шықты. Ендігі жерде қуат өндірудің үнемді түрі ретінде ядролық отын қайта оралды.

1986-ншы жылдың 26-ншы сәуірі күні таңсәріде болған жарылыс пен оның жаңғырын әлем жұртшылығы, бұдан былай, қайтып бастан кешпесе керек. Бастапқыда Совет үкіметі ешқандай хабар бермеді, ал бір жаман апаттың болғанын ең бірінші болып Швециядағы бақылау қондырғысы байқап, ауадағы радиоактивті заттың үрей туғызатындай ұлғая түскенін тіркей бастады. Радиоактивтік заттың орасан зор бұлтының қалқып келе жатқанын сезген бүкіл Батыс Еуропаның жұртшылығы қатты сескенді. Ал Совет Одағы мен оның ықпалында болған Шығыс Еуропаның халқы әлі ештеңеден бейхабар болатын.

Тек 28-інші сәуір күні ғана Совет теледидары “Чернобыль апаты” туралы қысқаша ғана хабар берді, бірақ онда апаттың шынайы ауқымы мен зардабы туралы ештеңе айтылмады.

СОВЕТ ТЕЛЕДИДАРЫ: “Чернобыль атом стансасында апат болды. Атом реакторларының бірі істен шықты. Апаттың салдарын жою шаралары қабылдану үстінде. Жапа шеккендерге көмек көрсетілуде. Үкімет комиссиясы құрылды”.

Осы қысқаша хабардан Чернобыльдегі жалғасқан драманы айқын сезу мүмкін емес-ті. АҚШ-тың ғарыштағы жер серігінен түсіріп алған суреті атом стансасындағы реактордың қирап, өртеніп кеткенін көрсетіп берді. Бұзылған реактордағы жағдайды қалпына келтіру үшін арпаласып жүрген ер адамдардың денсаулықтары әр минут сайын радиацияға булығып, олардың денсаулықтарына және, әрине, өмірлеріне зор қатер төнді. Тек арада 2 апта өткенде ғана совет көсемі М.Горбачев теңдесі жоқ апаттың болғанын мойындауға мәжбүр болды. 14-інші мамыр күні сөйлеген сөзінде М.Горбачев апат құрбандарына жанашырлық білдірді.

М.ГОРБАЧЕВ: “Баршаңыз да білесіздер, таяуда біз қасыретке тап болдық – Чернобыль атом-электр стансасында апат болды. Ол совет халқының жанына батты, халықаралық қоғамды толғандырды. Біз бақылаудан шыққан ядролық қуат сияқты алапат күшпен алғаш рет бетпе-бет келдік”.

Бұл апат бүкіл әлемдегі ядролық қуат өндіретін азаматтық атом өнеркәсібін дағдарысқа ұшыратты. Осындай зор экологиялық апаттың қайталануынан қорыққан қалың жұртшылық атом өнеркәсібіне қарсы шықты. Міне осылайша, бұл мәселе біржола жабылғандай болды. Бірақ, негізінен қазба отынның түрлерін тым көп жағудың салдарынан ғаламдық ауа райының қыза түсуі сынды жаңа қатер пайда болды. Нәтижесінде ядролық өнеркәсіп қайта бас көтере бастады. Атом өнеркәсіптерінің бірлестігі - Дүниежүзілік ядролық Ассоциациясының өкілі Ян Хоар-Лэйсидің (Ian Hoare-Lacy) мәлімдеуінше, ядролық қуаттың зор болашағы бар.

Я.ХОАР-ЛЭЙСИ: “Бүкіл дүние жүзінде атом қуатынсыз көмір қышқыл газды қалай азайту керектігін көру қиын. Ядролық қуат – көмір қышқыл газды бөлдірмей әлдеқайда кең ауқымда электр қуатын өндіруге дайын тұрған ең басты технология”.

Хоар-Лэйсидің атап көрсетуінше, осы күні бүкіл әлемде 440 реактор жұмыс істейді, оның 30-ға жуығы жаңадан салынған. Көмір қышқыл газды ядролық қуат өндірудің есебінен азайту керек болса, онда келешекте атом реакторларының санын одан 4 есеге дерлік өсіру керек болады. Хоар-Лэйсидің сөзіне қарағанда, атом реакторларының жаңа заманға лайық үлгісі Чернобыльдегідей апатты қайталамайды. Бірақ экологияны қорғаушылар мұндай пікірмен келіспей, атом энергетикасын қоршаған ортаға қауіп төндіретін өнеркәсіп деп есептейді. “Жердің достары” ұйымының өкілі Роджер Хигманның (Roger Higman) айтары мынадай:

Р.ХИГМАН: “Атом қуаты – ғаламдық ауа райының жылынуы проблемасын шешудің құрамдас бөлігі бола алады. Бірақ ол қауіпті радиациясы 10-даған мың жыл бойы сақталатын токсині бар қалдықтарды шығарады, ол – ядролық қарумен тығыз байланысты және ол өте қымбатқа түсуі мүмкін; сондықтан да біз ғаламдық жылыну проблемасының ядролық қуаттан басқа шешімі бар деп санаймыз”.

Роджер Хигман күннің сәулесі мен желдің қуатынан бастап, теңіз суының көтерілуі мен тартылуының қуатын пайдалану және электр қуатын үнемду бағдарламасына дейін атомға балама қуат көздерінің барлығын тізіп келтіреді. Алайда, бүкіл әлемдегі ауыр өнеркәсіптің жұмыс істеуіне осы балама қуат көздерінің жеткілікті бола қоятынына көпшілік жұрт онша сенбейді.
XS
SM
MD
LG