Accessibility links

Он бір жастағы үш дүркін әлем чемпионының ендігі арманы


Шахматтан әлемдегі ең жас халықаралық дәрежедегі спорт шебері Жансая Әбдімәлік. Алматы, 19 шілде 2011 жыл.

Шахматтан әлемдегі ең жас халықаралық дәрежедегі спорт шебері Жансая Әбдімәлік. Алматы, 19 шілде 2011 жыл.

Қазақ-британ техникалық университетінің грантына ие болған 11 жастағы Жансая Әбдімәлік Сингапурдағы шахмат академиясына оқуын жалғастыруға кетпек.


Алты жастан бастап шахмат ойнай бастаған 11 жастағы Жансая Әбдімәлік бүгінгі таңда шахмат бойынша әлемдегі ең жас спорт шебері атанып отыр. Ол биыл мамыр айында Польшаның Краков қаласында өткен оқушылар арасындағы әлем чемпионатында жеңімпаз атанды.

«ҚАРСЫЛАСТАРЫМНЫҢ БӘРІ – КІЛЕҢ ЧЕМПИОН»

– Жансая, соңғы рет Польшада өткен шахмат бойынша әлемдік турнирде жеңімпаз атандың. Сондағы ойыныңа қандай баға берер едің? Қалай ойнадым деп есептейсің?

– Ойдағыдай өтті. Қарсыластарымның барлығы әлемдік турнирлерге үзбей қатысып жүрген чемпиондар болды. Мысалы, Грекияда шахмат турнирінде үшінші орын алған қыз болды. Моңғолиядан келген қыз да бар. Онымен Грекияда ойнаған кезде алдыңғы кездесуде тепе-тең болып қалған едік. Әрқайсымызда 9 балдан болды. Бірақ қосымша көрсеткіштер бойынша оның ұпайы бір балға артық боп қалды. Сол үшін оған бірінші орынды, ал маған екінші орынды берді. Біртүрлі ыңғайсыз болып қалды. Себебі, мен өзімнің одан күштірек екенімді, жеңетінімді білгенмін. Ал Краковта болған кезде оны жеңдім.

– Әдетте, соңғы турлар ауыр болады дейді. Қиын болды ма?

– Жоқ, менде әуелгі турлар күрделі болды. Онда барлық мықтылармен кездестім.

– Жалпы өзіңнің сан алуан турнирлерден жеңіп алған 19 алтын медалің бар екен. Қайсысы қиынға соқты?

– Меніңше, Краковта өткен турнир есімде қатты сақталып қалыпты. Әлем турнирі ретінде емес, балалар немесе жасөспірімдер емес, нағыз жарыс болды. Себебі, онда ең мықты қыздар ойнады.

– Тек өз жасыңдағылармен ғана емес, ересектермен де сайысқа түсіпсің.

– Ересектермен жарысқам. Open-де (ашық шахмат біріншілігі) ойнадым. Жәй ғана өзімнің деңгейімді көтергім келген.

– Бұл қашан болды?

– Биыл Тайландта, Индонезияда ойнағанмын. Тайландта ересектермен ойнадым. Ал Индонезияда 20 жасқа дейінгі қыздар арасында болған турнирге қатыстым.

«ШАХМАТ МАҒАН ТАЛДАУ ЖАСАУДЫ ҮЙРЕТТІ»

– Шахматқа күнделікті неше сағатыңды арнайсың?

– Күнделікті алты сағат бойы шахмат ойнаймын. Таңертең тоғыздан 12-ге
Жансаяның сан алуан турнирлерден жеңіп алған 19 алтын медалі бар. Алматы, 19 шілде 2011 ж.

дейін, түстен кейін үштен алтыға дейін.

– Ішің пысып кететін кездер болмай ма?

– Жоқ, мен шахматпен сүйікті спортым сияқты шұғылданам. Одан ләззат аламын.

– Сен шахматқа уақытыңды арнайсың. Күнделікті көңіл бөлесің. Ал шахмат саған не үйретті?

– Шахмат талдауды үйретеді. Әр түрлі жағдайды сараптауға баулиды. Меніңше, бұл кез келген адамның қолынан келе бермейді. Есте сақтау қабілетіңді арттырады. Математикаға жүйрік боласың.

– Шахмат тақтасындағы ең жақсы көретін фигураң қайсы?

– Ферзь. Ол корольден кейін жүреді. Өте белсенді фигура.

– Шахматты жақсы ойнайтындар әдетте, есеп шығаруға да жүйрік келеді. Солай ма?

– Есепті оңай шығаратындықтан біз математиканы жақсы көреміз. Шахматтың өзі математика. Себебі өзіңнің жүрістеріңмен қатар қарсыласыңның жүрісін есептеп отыру керек.

«ЕРЕСЕКТЕР АРАСЫНДА ЧЕМПИОН БОЛСАМ...»

– Сені Сингапурдағы шахмат академиясы осы жылы тегін оқуға шақырыпты. Төрт айдан бері сонда оқып жатыр деп естідік. Бұл курс сенің мектептегі оқуыңа кедергі келтіріп жатқан жоқ па?

– Жоқ, себебі менде кітаптар бар. Қазақ тілі, математика, орыс тілі. Осылардың барлығын анам оқытады. Мұнда келгенде емтихан тапсырамын. Сол кезде баға да қояды.

– Қазір ол жақта кім сені жаттықтырып жүр?

– Қазір қытай жаттықтырушысымен жаттығып жүрмін.

– Онымен сөйлесу қиын емес пе?

– Онымен ағылшынша сөйлесеміз. Себебі ол орысша түсінбейді. Тек кейбір сөздерді ғана біледі. Күнделікті 6-7 сағат шұғылданамыз.

– Сен көптеген елде болдың. Әр елде шахматты ойнау тәсілі бірдей ме? Әлде қандай да бір ерекшелігі бар ма?

– Меніңше, қандай да бір ерекшелік жоқ. Дегенмен гроссмейстерлер бірдеңе ойластырып жатқан болуы мүмкін. Оны былайғы жұрт біле бермес..

– Жақында Қазақ-британ техникалық университетінің грантына ие болдың. Қуаныштысың ба?

– Иә, әрине. 11 жаста грант алу - мен үшін мәртебе.

– Қандай факультетте оқитыныңды анықтадың ба?

– Егер шынымды айтсам, әлі ойланған жоқпын.

– Өмірдегі басты арманың не?

– Екі рекордты бағындырғым келеді. Біріншіден, Катя Лагноның рекордын бағындырғым келеді. Ол 12 жас 5 айында гроссмейстер атанған. Мен одан ертерек бұл титулға қол жеткізгім келеді. Екіншіден, Хоу Юфань рекордын бағындырғым келеді. Ол 16 жасында әйелдер арасында әлем чемпионы атанған. Ал мен 13 немесе 14 жасымда осы белесті бағындырғым келеді.

– Сұқбатыңа рақмет.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG