Accessibility links

Гүлжан Ерғалиева референдумға бола қызметінен кетіп бара жатқанын айтады


Гүлжан Ерғалиева «Свобода слова» газетінің бас редакторы кезінде баспасөз еркіндігін қолдау жиынына қатысып тұр. Алматы, 24 маусым 2009 жыл.

Гүлжан Ерғалиева «Свобода слова» газетінің бас редакторы кезінде баспасөз еркіндігін қолдау жиынына қатысып тұр. Алматы, 24 маусым 2009 жыл.

Қазақстандық «Свобода слова» газетінің бас редакторы ауысты. Жаңа басшы басылымның саясаты өзгермейді деп сендіргенімен, бірқатар сарапшылар бұған күмән келтіреді.


Қазақстанда орыс тілінде шығатын апталық «Свобода слова» газетінің бейсенбі, қаңтардың 13-і күні шыққан санында бас редактор ретінде Евгений Рақымжановтың аты-жөні жазылған.

БАСШЫЛЫҚ ӨЗГЕРГЕНМЕН, ҰСТАНЫМ ӨЗГЕРМЕЙДІ

Жеке меншіктегі «Свобода слова» газетін алғашқы саны жарық көрген 2005 жылдың қаңтарынан осы уақытқа дейін белгілі журналист Гүлжан Ерғалиева басқарды. Биыл ақпанда 60 жасқа келетін Ерғалиеваны бұған дейін «Известия Казахстан» газетінің бас директоры болған 33 жастағы «Евгений Рақымжанов алмастырды. Жаңа басшының айтуынша, басшылық ауысқанымен газеттің негізгі саяси ұстанымы ауыспайды.

– Жоқ, басылым бұрынғысынша тәуелсіз «Свобода слова» болып қала береді. Бұрынғысынша өткір мәселелерді жазатын боламыз, – деді Евгений
Референдум сияқты саяси компания өз жұмысын бастаған кезде менің кетуім керектігі түсінікті болды. Олай болмағанда, газет аман қалмас еді
Рақымжанов Азаттыққа берген сұхбатында.

Ал басылымды алты жыл бойы басқарып келген Гүлжан Ерғалиева елдегі референдумға байланысты өз қызметінен кетуге мәжбүр болғандығын айтады.

– Мақсатымыз – газетті сақтап қалу болды. Референдум сияқты саяси компания өз жұмысын бастаған кезде менің кетуім керектігі түсінікті болды. Олай болмағанда, газет аман қалмас еді, – деді Гүлжан Ерғалиева бейсенбі күні Азаттық тілшісіне.

«Зона.кз» интернет басылымына берген сұхбатында Гүлжан Ерғалиева 2010 жылдың екінші жартысында газеттің Ақтөбедегі тілшісіне шабуыл жасалғандығын айтады. Ресми Астана бұл әрекетті сынағанымен, осы оқиғаға қатысты жоғары билік өкілімен жағымсыз әңгіме болған көрінеді. Онда билік өкілі «егер елде саяси маңызды оқиға болған жағдайда газет тарапынан қарсылық туса, билік «шара қолдануға» мәжбүр болады» деген екен.

«Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы президиумының мүшесі Гүлжан Ерғалиева «Нұр Отан» мен референдумы қолдай алмайтындығын айтады. Сондықтан газет пен оның 20 шақты қызметкерлеріне қауіп төндіргенше, қызметтен кетуді дұрыс деп тапқан.

ЕНДІГІ БІР СЕБЕП...

Ерғалиеваның әріптесі әрі «Журналистер қауіп-қатерде» қорының жетекшісі Розлана Таукина оның редакторлық қызметтен кетуіне дәл осы референдум себеп болғандығын айтады.

Бірақ Гүлжан Ерғалиеваның мұндай шешім қабылдауының ешкімге айтпаған тағы бір себебі бар көрінеді.

– Ең бастысы, күйеуі екеуі ұзақ уақытқа Қытайға емделуге баруы керек. Естеріңізде болса, 2001 жылы Ерғалиеваның отбасына шабуыл жасалған еді.
«Журналистер қауіп-қатерде» қорының жетекшісі Розлана Таукина. Алматы, 11 қаңтар 2011 жыл.
Сол кезде күйеуі басынан ауыр жарақат алған. Қазір басында ісік бар, оны операция жасатып алдыртпаса болмайтын түрі бар. Сондықтан ол осы іске білек сыбана кіріспекші. Олай істемесе болмайды, себебі отбасында Гүлжан, күйеуі және ұлы ғана бар, – дейді Розлана Таукина.

ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ЖОЛ

Қазір Қазақстанда онға жуық оппозициялық басылым бар. Солардың арасында «Свобода слова» басылымы ғана айтарлықтай қомақты таралыммен – 85 мың тиражбен жарық көреді. Басылым қоғамда дау тудыратын мақалаларымен көпшілік арасында танымал. Жаңа келген басшылық газеттің одан әрі де осы жолдан таймайтынын айтып, бірақ кей мәселелерде ашық күрестен гөрі дипломатиялық жолды жөн көретіндіктерін жасырмады.

– Біз әр кезде туындаған жағдайға қарай шешім қабылдаймыз. Өткірлікті қажет еткен мәселелерде өткір жазамыз. Ал дипломат болатын кезде, мүмкіндігінше жұмсақ боламыз. Себебі бүгін бес минуттық ұран тастап немесе халықты наразылық танытуға шақыратын болсақ, ертең газет шықпай қалуы мүмкін. Біз бұған жол бермейміз. Газет бетінде тек шынайы ақпарат болады, – дейді «Свобода слова» газетінің жаңа редакторы Евгений Рақымжанов.

Тәуелсіз журналист Сергей Дувановтың сөзінше, басылым біразға дейін өз позициясын өзгертпейді.
Тәуелсіз журналист Сергей Дуванов. Алматы, 15 қараша 2010 жыл.


– Меніңше, газеттің жаңа басшылығы басылымның негізгі ұстанымын өзгерте қоймайды. Оның үстіне қазіргі референдумға дайындық барысында газет өз оқырмандарын жоғалтып алмауы тиіс. Сондықтан газеттің саясаты әзірге өзгере қоймас. Әрі «Свобода слова» президент Назарбаев пен оған жақын адамдарды айтарлықтай сынайтын басылым деп айта алмаймын, – дейді Сергей Дуванов.

Алайда кезінде Гүлжан Ерғалиевамен тығыз қарым-қатынаста болған экс-сенатор Зәуреш Батталова Ерғалиевасыз «Свобода слова» басқа басылымға айналады дейді.

– Газеттің саясаты өзгеретіні анық. Менің ойымша, ол саясат солғын тартып, келісімпаздыққа бой алдырады, – дейді Зәуреш Батталова.

Айта кету керек, «Свобода слова» басылымының екі меншік иесі болған: оның бірі – Гүлжан Ерғалиева, екіншісі – оппозициялық саясаткер Болат Әбілов. Ерғалиеваға тиесілі 50 пайыз үлес өзге адамдарға аударылған. Алайда олардың есімдері аталмай отыр.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG