Accessibility links

«Терроршы» деп айыпталғандардың екеуі – бала


Атырау облыстық сотының алдында азаматтарды тексеріп жатқан полицейлер. (Көрнекі сурет)
Атырау облыстық сотының алдында азаматтарды тексеріп жатқан полицейлер. (Көрнекі сурет)

Атырауда «терроршы» деп айыпталғандардың туыстары «сот әділетсіз өтіп жатыр», «айыпталушыларды қинады» деп шағымданады. Ал сот пен ІІД үкім шыққанша ақпарат бермейтіндерін айтады.

«Қару жасап сатты», «жарылғыш заттар әзірледі», «экстремизмді насихаттады», «террористік топқа қатысты» деп айыпталған, жастары 16 мен 33 арасындағы 9 адам – Атырау облысы Құрманғазы ауданының тұрғындары. Оларға байланысты сот процесі қыркүйектің 23-і мен 30-ы арасында Атырау облысының ауданаралық мамандандырылған сотында өтті. Үкім қазанның 10-ы күні шығуы керек.

АЙЫПҚА СЕНБЕЙТІН АНА

Сотқа тартылып жатқан 9 адамның екеуі кәмелеттік жасқа толмаған. Айыпталушылардың ең кішісі – 16 жастағы Әділхан Қыдырсиқов. Оның анасы Шаттық Қабдолова отбасындағы екі ер баланың үлкені Әділханның «намаз оқығанына төрт ай ғана болғанын» айтады.

Жабық өткен сот процесіне баласы кәмелетке толмаған соң кіргізілген Шаттық Қабдолова:

Айыпталушылардың туыстары: (солдан оңға қарай) Шаттық Қабдолова, Ксения және Бибігүл Баярисова. Атырау, 24 маусым 2013 жыл.
Айыпталушылардың туыстары: (солдан оңға қарай) Шаттық Қабдолова, Ксения және Бибігүл Баярисова. Атырау, 24 маусым 2013 жыл.
– Прокурор Марат Хабибуллин балама 8 жыл беруді сұрады. Ал сотта айтылған бар «дәлел» – баламды «терроршылар жетекшісінің курьері болған» дейді. Баламды қатты қинаған. Ол маған: «Апа, егер маған «сен кісі өлтірдің» десе, «ие» деймін, қиналдым» деді, – дейді Шаттық Қабдолова Азаттық тілшісіне.

Шаттық Қабдолова «сот процесінде айыптаушы тараптың уәждерін естіп жағасын ұстағанын» айтады.

– Сотталушылардың бәрін танимын. Бір ауылдыкіміз. Мәселен, «Райымбек Зияшевтен қару таптық» дейді. Ол – атасының тот басқан ескі аңшы мылтығы. «Роман Баярисовтың үйінен күкірт таптық» дейді. Оның әкесі үйдегі малды жуу үшін пайдаланатын күкірт екенін айтса да, елеген ешкім болған жоқ, – деді Шаттық Қабдолова Азаттық тілшісіне.

Айыпталушының анасы «әділетсіздікке тосқауыл қою үшін» Астанаға баратынын айтты.

«СОТТА ОТЫРУҒА ҰЯЛҒАН» АДВОКАТ

Әділхан Қыдырсиқовтың адвокаты Клара Баямированың айтуынша, оның қорғауындағы жасөспірімге «жамағатпен қосылып намаз оқыды, Шешенстан мен Сириядағы соғысып жатқан мұсылмандарға ақша жинады» деген айып таққан.

Атырау облыстық сотының ғимараты. (Көрнекі сурет)
Атырау облыстық сотының ғимараты. (Көрнекі сурет)
– Бірігіп намаз оқуда тұрған ешқандай қылмыстық әрекет жоқ. Сол намаздан соң олар бірігіп шәй ішу үшін печенье, кәмпитке 200 теңгеден ақша жинаған. Соны «шетелдегі мұсылмандарды қаржыландыруға көмек» дегенге айналдырып тұр, – дейді Клара Баямирова.

Оның айтуынша сотталушылар айыбын мойындамаған. Адвокат іс құжатында «қауіпті топтың басшысы» деп сипатталған Рамиз Кимнің Әділхан Қыдырсиқовты «Құрманғазы ауданындағы Ақкөл ауылына қанша бомба дайын екені біліп келуге жұмсағаны жайлы» мобильдік оператор жазбасы бар екенін айтты. Бірақ Азаттық тілшісінің «Өзіңіз сол жазбаны тыңдадыңыз ба?» деген сауалына адвокат «бұл құпияны ашпау туралы қолхат бергенін» ғана айтты.

Адвокат Клара Баямирова қорғауындағы Әділхан Қыдырсиқовқа «бұзақылық бабын тақса да жарар еді» дейді.

9 сотталушының арасындағы кәмелетке толмаған екі азаматтың енді бірі – 17 жастағы Тұрғанбай Ақорынов Атырау облысындағы Ақкөл ауылындағы кешкі мектепте оқиды. Оның адвокаты Жанар Сүндетқалиеваның айтуынша, 8 айға созылған тергеу барысында «Тұрғанбай Ақорыновқа қарсы бірде-бір дәлел табылмаған».

Айыпталушылардың туыстары: (солдан оңға қарай) Гүлдана Ақорынова, Гүлсара Хабибуллина. Атырау, 24 маусым 2013 жыл.
Айыпталушылардың туыстары: (солдан оңға қарай) Гүлдана Ақорынова, Гүлсара Хабибуллина. Атырау, 24 маусым 2013 жыл.
Адвокат Тұрғанбай Ақорыновтың намаз оқитын ағасының да тұтқындалғанын, бірақ кейін оны «дұрыс мәзхабты ұстайды» деп босатқандарын айтады.

– Ол (Тұрғанбай Ақорынов – ред.) «бомба жасадық» дегенді тергеу кезінде ұрып, қатты қинаған соң айттық» деді. Мен арызданайық дегенімде, «Апай, керек емес, осылай десек, сәл демаламыз» деп бас тартты, – дейді адвокат Жанар Сүндетқалиева.

Адвокаттың айтуынша, тергеу амалдары барысында Роман Баярисов есімді айыпталушыны «терроршылар тобын құрушы» деп, ал Тұрғанбай Ақорыновты «соның жарғышы» деп сипаттаған.

– Сотта отыруға ұялдық. Бұл мен қатысқан алғашқы процесс емес. Бұған дейінгі сот процестерінде әйтеуір бір жазбалар, SMS-хабарламалар, әлдебір блиндаждар дәлел ретінде келтірілген еді. Осы жолы ештеме жоқ, – дейді адвокат Жанар Сүндетқалиева.

Кәмелетке толмаған азаматтарға тағылған айып жайлы, оларды тергеуге байланысты айтылған шағым туралы Атырау облыстық сотынан сұрадық. Бірақ соттың баспасөз хатшысы Боранбай Ғалиев бұл соттың жабық процесс екенін айтып:

– Әлі сот үкімі шыққан жоқ. Мен бұл іске қатысты түсініктеме айта алмаймын. Сот үкімі жария етілген соң жан-жақты ақпарат береміз, – деді.

Азаттық тілшісі "тергеу кезіндегі азаптау" туралы ата-аналар шағымына орай Атырау облыстық ішкі істер департаментіне хабарласқан еді. Баспасөз хатшысы Гүлназира Мұхтарова: "Ол іспен ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаменті айналысқан, біздің қатысымыз жоқ" деді. Атырау облыстық ұлттық қауіпсіздік департаментінің баспасөз хатшысы Темірбек Мұқашев Азаттыққа өзінің бұл мәселеге қатысты ештеңе айта алмайтынын мәлімдеді.

Атырауда маусым айында сотталған сегіз адам (тор ішінде тұр). Атырау, 5 маусым 2013 жыл.
Атырауда маусым айында сотталған сегіз адам (тор ішінде тұр). Атырау, 5 маусым 2013 жыл.
- Маған ондай (азаптау туралы - ред.) мәлімет түскен жоқ, - деді Темірбек Мұқашев.

«Діни экстремизм» мен «терроризм» баптары бойынша Атырауда соңғы жылдары, жекелеген үкімдерді есептемегенде, қатарынан ондаған адамды соттаған бірнеше ірі сот өтті. 2012 жылы Атырау соты «терроризм» бабы бойынша 47 азаматты айыпты деп тауып ұзақ мерзімге соттады. 2013 жылы маусым айында да Атырау облысының мамандандырылған қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты жастары 20 мен 38 жас аралығында сегіз адамға «терроризм» ісі бойынша үкім шығарған.
XS
SM
MD
LG